Бейсенбі, 12 Наурыз 2020 20:40

Түркістан облысындағы қоғамдық қабылдауда айтылған мәселелер шешімін тапты

Nur Otan партиясының «Open Space» форматындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде 10-нан астам тұрғынның өтініші тыңдалды. «Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезе« жобасы аясында халықты партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қабылдады.

 Қабылдауға келген кентаулық Азамат Абдуваитов атаулы әлеуметтік көмекті толық ала алмай жүргеніне шағымданды. Бұл тұрғынның мәселесі партия бақылауына алынып, Кентаудағы жауапты бөлім басшысына тапсырылды. Шағымданушының жағдайы туралы айтылып, мәселе шешілетін болды. Ал, түркістандық Дастан Ысқақов медициналық мекемеден өзіне тиесілі дәрі-дәрмек ала алмай жүргенін және мүгедек қоларбасының талапқа сай еместігін айтып арызданды. Тұрғынның өтінішін мұқият тыңдаған Бейсенбай Дәулетұлы сол мезетте демеушілер арқылы қоларба мәселесін шешіп берді.

   Сонымен бірге дәрі-дәрмек алу мәселесі де бақылауда болады. Тұрғын партияның қабылдау бөлмесінде Түркістан қаласындағы медицинаға жауапты өкілдермен кездесіп, түйткілдің түйінін тарқатуға мүмкіндік алды.

   Облыс орталығының тағы бір тұрғыны Нұрлан Өтегенов та қоларбаның сапасыз әрі қолайсыздығын айта келді. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары бұл тұрғынға демеушілер арқылы қоларба алып беретін болды. Қос тұрғын да жанашырлық танытқан азаматқа алғысын айтты. Бейсенбай Тәжібаев осы деректерден мүгедектер арбасының сапасын бақылау керек екенін назарына алды. Көмек сұрай келген тағы біраз азаматтардың мәселелері тыңдалып, тез арада көмек көрсетілетіні айтылды. Осылайша партияның қоғамдық қабылдауына келген тұрғындардың мәселесі өз шешімін тапты.

 

Оқылды 542 рет