Жұма, 13 Наурыз 2020 15:03

Түркістан облысының құтқарушыларына жаңа өрт сөндіру көліктерінің кілті табысталды

 

 

   Түркістан Облыстық төтенше жағдайлар департаменті су жаңа техникамен толықты. Төтенше жағдай қызметкерлеріне облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев 20 өрт сөндіру автокөлігінің кілтін табыстады.

  Ресейлік зауыттан арнайы тапсырыспен алдырылған су жаңа өрт сөндіру көліктері заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған.

 «Сіздердің еңбектеріңіз адал. Қауіптің бел ортасында жүріп төтенше жағдайлармен тиімді күрес жүргізіп келесіздер. Осы уақытқа дейін көптеген жетістіктерге қол жеткіздіңіздер. Апатпен күресте жоғарғы кәсібилік және жанқиярлық еңбектеріңізге алғыс айтамыз», - деді құттықтау сөзінде Түркістан облысының басшысы Өмірзақ Шөкеев.

  Айта кету керек, бүгінгі таңда, Түркістан облысы бойынша өрт сөндіру қызметінде 167 өрт сөндіру техникасы бар. Оның ішінде басым көпшілігі өрт сөндіру автокөліктері де, қалған техника көмекші автокөліктер болып табылады.

  Жыл сайын материалдық базаны нығайту жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, соңғы үш жылда Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 66 бірлік техника алынды.

 

 

Оқылды 586 рет