Әлемдегі көптеген қалалардың экономикасы туризм табысынан құралады. Осы мүмкіндік Шымкент қаласының даму бағдары болуы керек. Қала аумағындағы ежелгі Сайрам тұрғын алабы – сопылық ілімнің негізін қалаушы Қ.Ясауидің туған жері, сондай-ақ мұнда оның ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың кесенелері орналасқан. Сондықтан оңтүстік өңірінің тарихи-сакралды туризміне саяхат Шымкент қаласынан бастау алады.
Шымкент – туристік әлеуеті жоғары, 2200 жылдық тарихы бар, еліміздегі өзінің тарихи өзегін сақтап қалған бірегей қала. Әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнын ашып отырған туризм саласы кез келген өңір үшін перспективалық табыс көздерінің бірі болып саналады.
Шымқалаға атбасын бұрған кез келген турист шаһардың қолөнершілері мен суретшілерінің туындыларымен танысып, жергілікті асүй тағамдарынан дәм татып, театрландырылған қойылымдарды тамашалайды. Бұдан бөлек, «Цитадель» көне қалашығы, Сайрам тұрғын алабындағы Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелері, Бәйдібек би ескерткіші, «Қазына» этно-кешені, Жайлаукөл саябағы, Шымкент зообағы, А.Асқаров атындағы дендросаябаққа және арбат алаңы сынды біршама нысандарды аралайды.
2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген көне және қасиетті орындарға бай қала болып саналады. Мәселен, Шымкент қаласында тарихи-мәдени орындар тізіміндегі ескі қалашық аумағындағы «Цитадель» қорғаны, Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелері, Мәртөбе, Хызыр мұнарасы, «Қылует» этномузейі, Қошқар ата кесенесі, Дәуітұлы Шыңғысбай қажы сынды тарихи нысандар жетерлік.
Соңғы жылдары аталған тарихи орындарға Қазақстанның өзге қалаларынан және шетелдерден келуші азаматтар қатары көбейген.