Жиынға аудандық статистика басқармасының басшысы Камилжан Нурышов, ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Комиссия отырысында ауыл шаруашылығы санағын сапалы әрі тиімді өткізуге қатысты нақты міндеттер айқындалып, тиісті органдарға тапсырмалар берілді. Аудан әкімі өз сөзінде - «Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – еліміздегі аграрлық саланың нақты жай-күйін анықтауға мүмкіндік беретін маңызды статистикалық шара. Сауран ауданы бұл науқанға жауапкершілікпен қарап, барлық деңгейдегі қызметкерлердің белсенді атсалысуын қамтамасыз етуі тиіс. Әрбір шаруа қожалығы, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен тіркелген нысандар түгел қамтылуы қажет», – деді.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 26 сәуірдегі өкіміне және ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында ел аумағында ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Бұл санақ ауыл шаруашылығы саласының нақты жағдайын, азық-түлік қауіпсіздігі мен ресурстарды басқару тетіктерін анықтау мақсатында жүргізілмек.
Аталған науқан аясында ауыл шаруашылығы өнімінің жағдайы, тиімділігі мен әлеуеті туралы деректер жиналады. Заңды және жеке тұлғаларға тиесілі ауыл шаруашылығы нысандары есепке алынады. Статистикалық есепке алу үшін сауалнама жүргізіліп, мәліметтер электронды форматта енгізіледі.
Санақ үш кезеңде өтеді: 1–31 тамыз аралығында респонденттер арнайы веб-портал арқылы өздерін тіркейді, 1–20 қыркүйек аралығында сауалнама тізімі жасалып, 20 қыркүйек–20 қазан аралығында интервьюерлер арқылы деректер жинақталады. Жиын қорытындысы бойынша ауылдық округ әкімдеріне ақпараттық-насихат жұмыстарына белсенді араласу, ауыл шаруашылығы құрылымдарына санақ барысын толық түсіндіру тапсырылды.