Сапар барысында аудан басшысы алдымен Бадам индустриалды аймағын таза сумен қамтамасыз ету жағдайын зерделеді. Бұл ретте сусорғы ауыстыру, подстанция құру, қажетті жұмыс күшін қабылдау мәселелері назарға алынды.
Аудан әкімі алюминий профильдерін өндіретін зауыттың, балалар ойын алаңына арналған бұйымдар шығаратын кәсіпорынның, сондай-ақ фибробетон бағаналар құятын “Береке” кәсіпорынының жұмысымен танысып, инфрақұрылым мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, құрылысы жүріп жатқан қыш зауытына барып, трансформатор орнату қажеттілігі, құжаттандыру рәсімдерін сүйемелдеу сынды өзекті мәселелерді назарға алды.
Аудан басшысы егін ору науқанына ерекше назар аударып, Бадам өндірістік кооперативінің қырманына арнайы барып, шаруалардың басын қосып, олардың нақты ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету, құрғақшылық салдарынан несие мерзімін ұзарту үшін тиісті анықтамалар алу, Керіш каналын бетондау жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтқан шаруаларға нақты қандай қолдау көрсетілетініне тоқталды. Жауапты басшыларға егістік алқаптарына су жеткізу үшін сусорғы орнатып беру қажеттігін тапсырды.
Бұл сапар – өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерді көзбен көріп, нақты шешім қабылдау бағытындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы болды.