Бейсенбі, 17 Шілде 2025 21:27

Арыс қаласының коммуналдық саласы жаңа техникамен толықты

Бүгін Арыс қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында және «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасын сапалы жүзеге асыру мақсатында коммуналдық сала қызметкерлеріне арнайы техникалар табысталды.

Салтанатты шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев арнайы қатысып, сала мамандарына техника кілттерін табыстады. Қала басшысы өз сөзінде еңбек адамдарын – жұмысшы мамандық иелерін ерекше атап өтіп, олардың қаланың көркеюі мен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қосып отырған үлесін жоғары бағалады.

«Қай салада да жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуы – ең алдымен еңбек адамының қажырлы еңбегі мен кәсіби техникаға байланысты. Бүгін сіздерге табысталатын техникалар – қаламыздың тазалығы мен тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Қала мен ауылдардың тазалығы – баршамызға ортақ міндет», – деді Қайсар Зәкірұлы.

Жаңадан алынған техникалар қатарында - 6 дана МТЗ-82 тракторы бар.

Бұл техникалар қала аумағымен қатар елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау жұмыстарында кеңінен пайдаланылатын болады. Әсіресе, олардың құрамындағы қосымша құрал-жабдықтар – қар тазалайтын, жол сыпыратын құрылғылар және қатты тұрмыстық қалдықтарды тиеуге арналған жабдықтар – тазалықшылардың жұмысын жеңілдете түспек.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта тағы да 2 жүк тиегіш (погрузчик) пен 6 трицикл әкелінуде. Бұл көліктер қаланың тазалық деңгейін көтеруге, еңбек өнімділігін арттыруға және жұмысшылардың қызметін жеңілдетуге бағытталған.

Жаңа техникалар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, санитарлық талаптарды сақтау жұмыстарының тиімділігін арттыруға және жалпы халықтың өмір сүру сапасын көтеруге зор үлес қосатын болады.

 

Оқылды 35 рет