Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен алқа мәжілісінде халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік қорғау саласында 2025 жылдың 4 айында атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.
Жиында Еңбек мобильділігі орталығының директоры Абзал Казанкапов халықты жұмыспен қамту саласындағы 4 айда атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның мәлімдеуінше, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту бойынша 7883 жұмыс орнын ашу жоспарланып, 12031 жұмыс орны құрылған. Нәтижесінде, 1 айда 4148 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы аясында 1747 жұмыс орны ашылып, 1 айдың ішінде 775 жаңа жұмыс орны ашылды. Ұлттық жобалар аясында 321 азамат жұмыспен қамтылды. Дегенмен, Ұлттық жобалар аясында Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Отырар аудандарында тиісті жұмыстар атқарылмаған. Биыл уақытша субсидияланатын жұмыс орындарына 32 465 азаматты жолдау жоспарланып, бүгінде 19 447 азамат жолданған.