Дүйсенбі, 26 Мамыр 2025 11:03

Түркістан қаласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Түркістан қаласы әкімінің өкімімен құрылған жұмысшы топ тұтынушылардың құқығын қорғау, тіл мәселелері бойынша, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат тілін реттеу мақсатында арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жұмысшы топ құрамында қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, ішкі саясат бөлімі, сәулет және қала құрылысы бөлімі, жастар ресурстық орталығы, полиция қызметкерлері және тіл мамандары бар.

Түсіндірме жұмыстары Бекзат Саттарханов даңғылы бойындағы сауда орындарына қатысты жүргізілді. Жұмыс барысында 25 объекті араланып, 19 жеке кәсіпкерге мемлекеттік тілде жарнама, маңдайша, баға көрсеткіштері мен ас мәзірлерін орналастыру туралы ұсыныс хаттар берілді. Кәсіпкерлерге кемшіліктер орындалмаса, айыппұл салынып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде шаралар қолданылатыны ескертілді. Бұл шаралардың барлығы дерлік тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында жүргізіліп отырған іс-шара екенін айта кеткен жөн.

Еліміздің сауда нарығы тауарлар мен қызмет көрсетудің жоғары сапасын талап етеді. Мұны тұтынушылардың шағымдары дәлелдейді. Олардың басым бөлігі бөлшек саудадағы, тұрмыстық қызмет көрсетудегі және онлайн сауда желісіндегі сапасы төмен тауарлар мен мардымсыз қызмет көрсету бойынша шағымданған. Осы тұста айта кетер болсақ, елімізде базарда, сауда үйінде, қызмет көрсету саласында клиент құқығы жиі бұзылатыны белгілі. Тұ­тыну­шылардың көрсетілген қыз­метке көңілі толмайтын тұстары да болып жатады. Бұл жағдайда не істеп, қайда шағымдану керек?Елде тұтынушылардың құқы қалай қорғалып жүр деген сауалдарға жауап іздей кетсек.

Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындардан белсенділік күтеді. Егерде дүкен сөрелерінде тауар бағасы жазылмаған фактілерді анықтасаңыз немесе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өсуі байқалса, я болмаса сапасыз қызметті қолдансаңыз аталған департаментке сол кәсіпкерге қатысты арыз-шағым білдірсеңіз болады. Тұтынушылардың арыз-шағымы негізінде ғана жоспардан тыс тексеру жүргізуге болады. 

2024 жылы Түркістан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың Құқықтарын қорғау департаментіне жалпы саны 1 624 өтініш келіп түсіпті. Оның 1 495-і қаңағаттандырылса, қалғаны өзге мемлекеттік органдарға қайта жолданған. Бұл туралы биыл наурыз айында өткен брифингте Түркістан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың Құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқар Әшімханов мәлімдеді.

«2024 жылы Түркістан облысының тұтынушыларына 107 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Мәселен, бір тұтынушы 13 миллион теңгеге сатып алынған сапасыз пәтер үшін қаржысын қайтарып алды. Ал, бір азамат 6 миллион теңге тұратын сапасыз қызмет үшін өтемақы алды. Өтініштерді талдау нәтижесінде 2024 жылы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 497 әкімшілік іс-қозғалған. Түркістан облысында сауда алаңдарын, жұмыс орындарын және тауар айналымын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары өз жалғасын тауып келеді. Атап айтар болсақ, 2024 жылдың 12 айында облысқа сауда саласына 101,4 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды» - дейді спикер.

Иә, бәріміз де түрлі тауарлар мен қызметтерді тұтынып жатамыз. Біз – сатып алушымыз, емделушіміз, жолаушымыз, оқырманбыз, демек тұтынушымыз. Әрбір адам сауатты, өркениетті тұтынушы болу, сондай-ақ тұтынушылық құқығы мен мүддесін қорғай алу үшін қажетті білімге ие болуы керек. Өкінішке қарай, тауарларды сатып алу мен қызметтерді пайдалану барысында сапасыз тауарларға немесе сатушы мен қызмет көрсетуші тарапынан болатын жауапсыздыққа ұрынып жататын кезіміз бар. Демек, бұл тұтынушы құқығы жиі бұзылады деген сөз. Ал бізде тұтынушы құқығы қалай қорғалып жүр? Өз құқығымызды білеміз бе?

Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындарға дер кезінде ақпарат беріп, оларды қаржылық сауаттандыра отырып, өз құқықтарын сақтауды үйретеді. Бұл бағытта департамент мамандары түрлі шаралар ұйымдастырып отырады. Жалпы халықтың тұтынушы ретінде өз құқықтарын білгені олардың өмір сүру салтына тікелей әсер етеді. Қазіргі кезде дүние жүзі мемлекеттерінің заңдары БҰҰ Бас Ассамблеясының Тұтынушылар құқығын қорғаудағы негізгі қағидаларын басшылыққа ала отырып, құқықтық сауаттылыққа шақырады. Мәселен, тауардың қауіпсіздігі, ақпарат құқығы, тауарды таңдау, өз мүддеңді жеткізе алу, негізгі қажеттілігіңді қанағаттандыра алу, шығынның орнын жабу сынды қағидаларды сақтау маңызды.

Ал біздің елімізде тұтынушылардың заң бойынша тауарларды иеленуге, яғни еркін шарт жасасуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ағарту және тұтынушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері жиі айтылады. Кез келген тұрғын құқықтық сауаттылығын арттыруға, тауар туралы және сатушы жайлы ақпарат алуға құқылы. Сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіз тауарды сатып алуы және оның тиісті сапасына қарауы маңызды.

Бүгінде тұтынушы тиісті де, тиісті емес сападағы тауарды айырбастап алу немесе қайтарып беру, тұтынушылардың көрсетілген қызметінің кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген залалды толық көлемде өтеп ала алады. Сондай-ақ, сатушыдан тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатты немесе тауарды сату кезінде жасалған шартты алу құқығы қарастырылған. Бұдан бөлек ұтыс түрінде берілген тауардың сапасы бойынша ойындардың ұйымдастырушысына кінә қоюға, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға, моральдық зиянды өтеуде заң тұрғысынан қорғалған. Қазақстанда тұратын азамат Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалған және өз құқығын дәлелдей алады.

Жалпы, әрбір Қазақстан Республикасының азаматы тұтынушы болып табылады. Яғни айтқанда, Қазақстан Республикасының Президентінен бастап дүниеге келген жас сәбиге дейін тұтынушы болып табылады.Егерде кәсіпкер, тауарды өзіне пайдануға алса тұтынушы болып табылады. Ал, сатып алу және өткізу барысында пайда көру үшін алған болса тұтынушы болып табылмайды.

Тұтынушы – жеке, отбасында, үй ішінде және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға ғана арналған тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) тапсырыс беру немесе соларды сатып алу ниеті бар не тапсырыс беретін, сатып алатын және (немесе) пайдаланатын жеке тұлға. Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс.

Сатушы (дайындаушы) жарамдылық мерзімі өткен соң сатылған, техникалық регламенттерде, стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін, оның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзыла отырып шығарылған тауарды оның пайдаланылғанына, тауарлық түрінің, тұтынушылық қасиеттерінің, пломбаларының, заттаңбаларының сақталуына-сақталмауына қарамастан, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруды немесе сатып алынған тауар үшін ақшалай соманы тұтынушыға қайтара отырып, қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.

Тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы (дайындаушы) оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға (дайындаушыға) тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болған кезде – тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті. Тиісті емес сападағы тауар соған ұқсас жаңа тауарға, яғни бұрын пайдаланылмаған тауарға ауыстырылуға тиіс. Егер талап қойылған кезде сатушыда (дайындаушыда) ауыстыруға қажетті тауар болмаса, ауыстыру осындай талап қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жүргізілуге тиіс.

Тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы (дайындаушы) төлейді. Егер тауарды тексеру (оның сараптамасы) нәтижесінде тауардың кемшіліктері жоқ екендігі немесе кемшіліктер тұтынушының тауарды пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзуы немесе үшінші тұлғалардың іс-әрекеттерінен не еңсерілмейтін күштің салдарынан тауар тұтынушыға берілгеннен кейін пайда болғаны белгіленсе, тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) тексеру (сараптама) жүргізуге жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ оны жүргізуге байланысты тауарды тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтеуге міндетті.

Тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды тексеруді (оның сараптамасын) өз есебінен жүргізуге құқылы. Тауар (жиынтықтаушы бұйым) ауыстырылған кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі оны тұтынушыға берген күннен бастап қайтадан есептеледі.

«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңның 42-4 бабына сәйкес, құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою және тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан осы бұзушылықтар келтірген залалды (зиянды) тұтынушыға ерікті түрде өтеу туралы наразылықпен жүгінуге құқылы.

Тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) наразылығы қолма-қол табыс етіледі не табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтімі нысанында не сатушының (дайындаушының, орындаушының) электрондық пошта мекенжайы бойынша, егер мұндай мекенжайды сатушы (дайындаушы, орындаушы) бұрын көрсеткен болса, жіберіледі.

Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушының наразылығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде құжатпен негізделген дәлелді жазбаша жауап ұсынуға міндетті. Осы құжаттардың көшірмелері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұтынушыға жауабына қоса тіркелуге тиіс.

Әр тұтынушы өз құқын «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңына және Қазақстан Республикасының басқада нормативтик құқықтық құжаттарына сәйкес өз мүддесін қорғай алады. Сонымен қатар, әртүрлі мемлекеттік мекелелер өз құзыреті шегінде тұтынушылардың құқын қорғайды.

Қазіргі таңда көбінесе азаматтардың медициналық қызмет көрсету, байланыс қызметтері, қалалық қоғамдық көліктер мен қоғамдық тамақтандыру қызметтерінің сапасына көңілі толмайды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін үкімет заңнамаға түзетулер әзірлеп қойған. Осылайша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша омбудсмен институтын енгізу жоспарланып отыр.

Ұлттық тенденция адам құқықтары жөніндегі омбудсмендердің, кәсіпкерлердің, инвесторлардың, балалар, банк және сақтандыру салаларындағы өзектілігі мен қажеттілігін көрсетеді. Дегенмен, бүгінгі күнге дейін оқылық бар – ол тұрғын үй-коммуналдық секторында, байланыс, туризм, медициналық қызмет көрсету, ішкі сауда, көлік және басқа да тұрмыстық қызмет көрсету салаларында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша қоғамдық-саяси тұлғаның жоқтылығы.

Қолданыстағы заң тиісті заңдармен реттелетін қаржылық, әлеуметтік, медициналық, туристік және басқа да қызмет көрсету салаларындағы мәселелерді реттеуде қолданылмайды. Нәтижесінде, осы қызмет түрлері бойынша дауларды қарау кезінде соттар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңның нормаларын назарға алмай, заңның 2-бабына сілтеме жасайды.Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс, туризм, мәдениет, сауда, көлік және басқа да тұтынуға қызмет көрсету салаларын реттейтін нормативтік құқықтық актілермен құқықтық қайшылықтар бар.

Осыған байланысты Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманың нормаларына қаржылық және ақылы қызметтерді қоспағанда, қызмет көрсетудің барлық салаларында "Тұтынушылардың негізгі құқықтары" мәртебесін беріп, жоғары айтылған салаларға тұтынушылардың құқықтарын қорғау ережелерін қолдану ұсынылады. Өз кезегінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдарды салааралық үйлестіру күшейтілетін болады.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 4 рет