Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Еліміздің әлеуметтік саясатының ең маңызды бағыттарының бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда ауданда халықтың баспана мәселесін шешу үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Шаңырақтарыңыз берекелі әрі шаттыққа толы болсын!»,-деген тілегін жеткізсе, аудандық мәслихат төрағасы «Жаңа баспананың іші жанға, сырты малға толсын. Қоныс той құтты болып, әр шаңыраққа құт-береке әкелсін!»,-деген ақжарма көңілін білдірді.
Мыңшұңқыр ауылында өткен салтанатты шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бектібай Арзықұлов пен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Дайрабаев және ауыл қариясы Өмірбек Тұрымбетов азаматтарды қоныс тойымен құттықтап, ақ баталарын берді. Жалпы Отырар ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелген 2491 азамат бар. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы Қоғам ауылы, Мыңшұңқыр елді мекенінде 4 қабатты 32 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ел игілігіне берілді.
Бұдан бөлек Шәуілдір ауылындағы Жаңа тұрғын үй алабынан жеке инвесторлар есебінен 2 пәтерлі 9 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Аталған тұрғын үйлердің құрылысы толық аяқталып, тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға үлестірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасын тауып, 4 қабатты 32 пәтерлі бір тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұл нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысының айтуынша, алдыңғы жылы өңір бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 866,4 мың шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалану жоспарланып, жыл қорытындысымен жоспар 104,1% өсіммен орындалды. Бүгінде 898,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда, 1890 пәтер «Отбасы банк» арқылы тұрғын үй кезегіндегі тұрған азаматтарға кредиттік жүйемен табысталды. Алдыңғы жылы басқарма тарапынан жалпы көпқабатты 50 үй тапсырылды. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан жалпы ауданы 18,7 мың шаршы метрді құрайтын 7 көпқабатты тұрғын үй (297 пәтер) пайдалануға берілді.
Былтырғы есеп бойынша Отырар ауданында тұрғын үй кезегіне 2005 мұқтаж азамат тіркелген болатын. Мұнан бөлек «Отырар ауданы бойынша Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 4461 азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарлануда.
Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаражаты есебінен Темір ауыл округі Темір елді мекеніндегі Б.Момышұлы көшесінің қиылысы мен Жібек жолы даңғылының қиылысы, Шәуілдір ауыл округі Шәуілдір елді мекеніндегі Т.Бозшабаев, С.Құрманбеков, Қ.Сәтбаев, Н.Оңдасынов, Ф.Садықбекқызы, Бозінген, Д.Алтынбеков көшелеріне орта жөндеу, ал, Темір ауыл округі Темір елді мекеніндегі Жібек жолы көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Темір ауыл округі Темір елді мекеніндегі Темірскей орам, Б.Момышұлы қиылысына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Темір ауылындағы «Темір жол» өткелін жөндеу, Темір елдімекенінен спорт алаңшасын салу, Шәуілдір ауылындағы жаңа мөлтек ауданға газ жүйелерінің құрылысын жүргізу, аудандық орталық емхана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары да былтырғы жылы іске асырылды.
Осы тұста Отырар ауданының әр салалардағы даму көрсеткіштері туралы азды-кем айта кетсек. Отырар ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері Құдайға шүкір жаман емес. Барлық салада ілгерілеушілік бар. Отырарлықтар көп жағдайларда жоспарды асыра орындап жатыр деп мақтанышпен айтуға болады. Былтырғы жылдың қорытындысымен жалпы өңірде өндірілген өнім көлемі 90 млрд 973 теңгеден асқан.
Отырар ауданының халқы сонау Кеңес заманынан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатыр. Осы салаға әбден бейімделген. Отырар ауданы сол замандарда әсіресе жүгері өсірумен өңірімізге танымал болатын. Бүгінде де бұл дәстүр өз жалғасын тапқан. Халықтың дені ауыл шаруашылығымен, соның ішінде егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысады.
Бүгінде Отырар ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы егіс көлемі де арта түскен. Егіс көлемдерін игеру үшін ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып, жоспарға енгізіліп отыр. Бүгінгі таңда Шәуілдір суармалы алқабындағы 13 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтамасыз ету үшін қосымша 11 текше метр/секунд су жеткізетін «Сырдария-Арыс» каналының құрылысына және осы алқаптағы жер асты суы деңгейін түсіріп топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған 368 шақырымды құрайтын дрендер жүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар республикалық бюджеттен, Еуропалық қайта құру және даму банкі есебінен жүргізілетін болады.
Мал шаруашылығына келетін болсақ, мал басының өсімі өткен жылдың осы кезеңмен салыстырғанда өскен. Атап айтсақ: мүйізді ірі қара 59 927 бас немесе 101,4 пайызға, уақ мал 408 089 бас немесе 105,8 пайызға, жылқы 19 445 бас немесе 106,3 пайызға, түйе 9 700 бас немесе 101,6 пайызға артқан.
Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелердің бірі – пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Бұл бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Таяуда осы мәселеге байланысты, яғни, Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және анықтау бойынша комиссиялардың көшпелі отырысы өтті. Сол жерде бұл мәселе жан-жақты талқыланған болатын.
Жалпы, Отырар ауданында агроқұрылымдардың мақсатына сай игермеген 162 703,81 га (оның ішінде:суармалы 8191,7 га, жайылым 154 512,11 га) жерлері анықталып, тізімі 2022 жылы Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне шара көру үшін жолданды. Биыл ірі агроқұрылымдармен екі жақты меморандум жасау арқылы елді мекенге жақын орналасқан 94 200 га жайылымдық жерлер ортақ жайылымға пайдалану үшін келісім жасалды.
Қазіргі уақытта ауыл округтері бойынша 50,6 мың га ортақ мал жайылым жерлер бар. 2022 жылы мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 30,0 мың га жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылым жеріне берілді. Бүгіндері Отырар ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 640 109 гектарды құраса, оның ішінде: суармалы жерлер — 43492 гектар; жайылымдық жерлер — 594 890 гектар; шабындық жерлер — 1294 гектар, көп жылдық екпелер 433 гектар болып отыр. 2022 жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде мақсатына сай пайдаланылмаған 79,1 мың гектар (оның ішінде: 4142,0 гектар — суармалы, 74708,0 гектар — жайылым, шабындық — 204 гектар) жерге шығарылған қаулылардың күші жойылып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылған.
Қазіргі таңда аудан көлемінде жалпы қолда ұсталатын мал басының саны артуына байланысты елді мекендерде 317 189 гектар ортақ мал жайылым жерлерге қажеттілік туындап отыр. Қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 140,0 мың гектар, 2024 жылы 89,1 мың гектар, биыл, яғни 2025 жылы 90,2 мың гектар жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылымына беру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, агроқұрылымдардың мақсатына сай игермеген 162 703,81 гектар (оның ішінде: суармалы — 8191,7 гектар, жайылым — 154 512,11 гектар) жерлері анықталып, тізімі 2022 жылы Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне шара көру үшін жолданды. Бүгінде ірі агроқұрылымдармен екі жақты меморандум жасау арқылы елді мекенге жақын орналасқан 94 200 гектар жайылымдық жерлер ортақ жайылымға пайдалану үшін келісім жасалды.
Орайы келгенде айта өтейік, Отырар ауданының Даму жоспарына сай 2025 жылға дейін егіс көлемін 40 000 гектарға ұлғайтып, жалпы аудандағы суармалы жердің 95,2 пайызын игеру жоспарланған болатын. Негізінен қайта айналымға қосылатын жерлерге жүгері жоңышқа дақылдарымен қатар өңіріміздегі соңғы жылдардағы ағын су тапшылығын ескере отырып күздік бидай егуге басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсіліне көшуді қолға алып 2025 жылға 4100 гектарға жуық алқапқа осы техналогияларды пайдаланатын болады. Нәтижиесінде 2025 жылға жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 50,0 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Жоғарыда аталған егіс көлемдерін игеру үшін ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып, жоспарға енгізіліп отыр. Бүгінгі таңда Шәуілдір суармалы алқабындағы 13 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтамасыз ету үшін қосымша 11 текше метр/секунд су жеткізетін «Сырдария-Арыс» каналының құрылысына және осы алқаптағы жер асты суы деңгейін түсіріп топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған 368 шақырымды құрайтын дрендер жүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар республикалық бюджеттен, Европалық қайта құру және даму банкі есебінен жүргізілетін болады. Сонымен қатар бүгінгі таңда арнайы жұмыс тобы құрылып 11 ауылдық округтегі ағын су нысандарын аралап, зерделей отырып 2025 жылға дейін негізгі деп саналатын 8 каналға күрделі және 37 каналды механикалық тазалау жұмыстары жоспарға енгізілді (аудан бойынша 118 канал). Аталған барлық су нысандары республикалық «Қазсушар» мекемесіне тиесілі. Жалпы болжамды қажетті қаржы көлемі 11,2 миллиард теңгені құрайды.
2025 жылы Балтакөл ауыл округіндегі Ақкөл (халық саны-365) елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету межеленген. Қазіргі таңда облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан геологиялық іздеу барлау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу шаралары ұйымдастырылуда. Жобаны жүзеге асыру барысында ауыз сумен қамтылмаған бес елді мекендегі 1334 ауыл тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылып, 2025 жылы аудан бойынша ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту үлесі 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, ауданға қарасты бірқатар елді мекендердің ауызсу жүйелері тозығы жетіп, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етуде. Осыған орай, Жаңа Шілік, Аққұм, Балтакөл, Маяқұм елді мекендерінің ауызсу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен жобалық сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Аудан көлеміндегі жалпы автокөлік жолдардың ұзындығы – 863,25 шақырымды құрайды. Оның ішінде қанағаттанарлық жағдайда 543,93 шақырым (63 %). Облыстық маңыздағы жолдар – 325,9 шқ, қанағаттанарлық жағдайда 192,28 шқ (59%), аудандық маңыздағы жолдар-109,65 шқ, қанағаттанарлық жағдайда 90,15 шқ (82,22%), ішкі көшелер-427,7 шқ, қанағаттанарлық жағдайда 261,5 шқ (62%). Оның ішінде: асфальт көше 261,5 шақырым; тас көше 87,3 шақырым; топырақ көше 78,9 шақырым.2022 жылы 19,8 шақырым 26 көшеге орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жергілікті бюджеттен (сметалық құны -303,8 млн тг) жүргізілді.Ауылдық округтер төртінші бюджеті есебінен 7 шақырым 15 көшеге ағымдағы, орта жөндеу жұмыстары (39,8 млн) жүргізілді.
Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгіледі. «Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі» дегенді жиі айтамыз. Ол да негізсіз емес. Өйткені спорт адамға сергектік сыйлап, денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады. Оған қоса салауатты өмір салтын қалыптастыруда таптырмас тәсіл. Біздің елімізде де спортқа көңіл бөліп, бұл саланы мемлекеттік маңызы басым бағыттар санатына қосып келеді. Әрине, қандай істе болса да мемлекеттің қолдауы аса қажет. Ол алдымен ұйымдастырушылық және қаржылық қолдауды талап етеді. Бұл мәселе бүгінгі кезеңде де күн тәртібінен түскен жоқ.
Бүгінгі таңда Отырар ауданында 3 спорт мектебі және 1 Отырар спорт клубы жұмыс жасайды. 2022 жылы «Отырар спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ашылып (24 штат бірлігі бар (5 жаттықтырушы, 14 спорт нұсқаушы), тұрақты жұмыс жасауда. Жалпы спорт мектептерінде 19 спорт түрінен 227 үйірмеде 2707 балаға 116 жаттықтырушы жұмыс атқарады. Бүгінде ауданда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 20 мы4 адамнан асып, халық санына шаққанда спортпен шұғылданушылар 40,0%-ды құрады.
Ұлы Жібек жолы бойындағы руханият пен сауда орталығы болған Отырарда заман талабына сай, бәсекеге қабілетті туризм саласын дамыту және бабадан қалған мәдени-тарихи мұраларды сақтап, оларды ұтымды пайдалану мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, «Арыстан баб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалажұрты қақпаларының маңына жүргізілген абаттандыру жұмыстары сонадайдан көз тартады. Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы саналатын Арыстан баб кесенесіндегі жаяу жүргіншілер жолы қалыпқа келтіріліп, саялы бақ құру үшін жасыл желек егіліп, келушілер тынығатын орындықтар қойылыпты. Ал, «Отырартөбенің» кіреберісіне қамал үлгісі, ауқымды автотұрақ салынып, жүк артқан түйе керуені мен оны бастап келе жатқан керуенбасының бейнесі сұлбаланып, көне қаланың бір қақпасы қалпына келтірілген. Дегенмен, археологиялық қазба жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Археологтар үйінді астындағы қала орнынан түрлі бұйымдар табылып жатқанын айтты. Жалпы, аталған екі жобаның құны 475 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, біз айтқан екі негізгі нысанның дәл ортасын ала Отырар мемлекеттік қорық музейіне қарасты «Сапар» орталығы бой көтерген. Бұл орталық туристерге ауданның тарихи орындары жайлы толыққанды ақпарат ұсынып, бағыт бере алады. Тағы бір айта кетерлік жоба – келешекте осы үш нысанды жалғайтын 1,7 шақырым жол бойына сервистік қызмет көрсету нысандары, ұлттық тағамдарды дайындау және сату орындары салынбақ. Құны 615 миллион теңгені құрайтын жобаның сметалық құжаттары дайындалып, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жолданып та қойыпты. Демек, рұқсат беріліп, қаржы бөлінсе, туристерді өзіне тартатын тағы бір маршрут пайда болмақ.
Отырарда бесжыл бұрын ән падишасы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай ашылған «Шәмші саябағы» бар. Қарақоңыр ауылында демеушілер есебінен салынған саябақта композитор қолданған заттардың түпнұсқасы қойылған музей де бар. Сонымен қатар, алдағы уақытта әлемнің екінші ұстазы Әбу-Насыр әл-Фарабидің туған жері «Оқсыз» қалажұртын абаттандыру мақсатында аяқжол, автотұрақ салынып, саялы орындықтар орналастырылып, бұл жер де туристік бағыттың біріне айналмақ.
Отырар ауданы орман-тоғайға, өзен-көлге бай аймақ болғандықтан осы табиғи ресурстарды пайдаланып, экотуризмді дамыту да жоспарланып отыр. Мәселен, Сырдария және Арыс өзендері, Шошқакөл мен Түркістан–Сырдария табиғи аймағынан аңшылар үйін салып, туристерге бүркітпен, тазымен аң аулау сияқты қызметтер ұсынылмақ. Ал, табиғат аясында демалып, балық аулау мақсатында Арыс пен Сырдария өзендері қосылған жерден «Құйған» демалыс орнын ашу жоспарда тұр. Бұл өз кезегінде жүздеген жұмыс орны пайда болады деген сөз. Бұл жобаларды іске асыратын инвесторларға жер беру, қажетті инфрақұрылым жеткізуге әкімдік тарапынан көмек көрсетілетін болады.
Ұлылар Отаны атанған ауданда қазір 8 мыңнан астам түйе, 60 мыңдай ірі қара, 360 мыңнан аса уақ мал мен 18 мыңға жуық жылқы бар. Енді осы төрт түлік малды пайдалана отырып, туристерді мал шаруашылығымен, олардан алынатын өніммен таныстыру мақсатында туристік орындар ашып, агротуризм саласын дамыту қолға алынбақ. Оны қызықтауға келген туристерге жылқымен серуендеп, қымыз-қымыран, құрт-май дайындау процесімен танысуға мүмкіндіктер жасалады.
Бүгінгі таңда туризмді дамытуға аудан кәсіпкерлері де атсалысып жатыр. Сонымен қатар, Шілік ауылының тұрғыны Төрткөл–Шәуілдір тас жолы бойынан сервистік қызмет көрсету орталығы ашылды. Онда жанармай құю бекеті, кіші маркет, қонақүй, техникалық қызмет көрсету орындары бар. Қазіргі уақытта аудан аумағында туристерге 7 қонақүй қызмет көрсетуде. Жалпы, бұл өлкеге жыл сайын 200-300 мыңнан астам турист келетін болса, алдағы уақытта туристік нысандарды көбейту арқылы олардың санын бұдан да көбейту көзделіп отыр. Бұл жобалар өз нәтижесін берсе, аудан экономикасы да жандана түспек. Жұмыс орындары көбейіп, аудан халқының әлеуеті арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Топырағы тарих болып сөйлейтін Отырар елінде осындай жобалар қолға алынған.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат