Түлкібаста тракторды мас күйінде басқарған

Түлкібас ауданының патрульдік полицейлері "Қауіпсіз жол" іс-шарасы кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, бекітілген бағыт бойынша патрульдеу жұмысын тұрақты түрде жүргізуде. Осы тұста полицейлер Түлкібас ауданына қарасты ауыл көшелерінің бірінде түнгі уақытта жол жүру ережесін бұзған «МТЗ-80» маркалы тракторды тоқтатады. Аталған трактор жүргізушісінің құжаттарын тексеру барысында, оның спирттік ішімдік ішкеніне күдіктенеді.

Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Жүргізушіге қатысты сараптама тағайындалып, қорытындысына сәйкес оның "орта дәрежелі" масаң күйі анықталды. Осыдан соң аталған жайтқа байланысты жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды.

Сот шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

Түркістан: Жоғалған 46 жастағы ер азамат Ресейден табылды

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Оның айтуынша 46 жастағы баласы Ресейге жұмысқа кетіп, 1 жыл бойы қайта оралмаған. Ал анасының із-түзсіз кеткен баласын іздеп жүргеніне шамамен 1 айдан астам уақыт болған. Алайда еш нәтиже шықпаған соң, полицейлерге арызданған.

Түркістан қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, із-түзсіз кеткен азаматты іздеуді бастап кетті. Полицейлер облыс көлемінде, одан соң Қазақстан Республикасы бойынша бағыттамалар беріп, іздестіру ауқымын кеңейтті. Ресей Федерациясында жұмыс бабымен болуы мүмкін деген тұжырымды да ескеріп, сол жақтағы елшілік пен тәртіп сақшыларына хабарлама жібереді. Нәтижесінде полицейлер жоғалған орта жастағы азаматты бірнеше күн ішінде тапты.

Белгілі болғандай, жоғалған ер азамат Ресейде жұмыс жасауға барып, абайсызда аяғын сындырып алған. Содан бері жұмыссыз жатқан. Сондай-ақ азамат өз сөзінде анасы уайымдамас үшін оған хабарласпағанын айтты. Қазіргі таңда жоғалып кеткен 46 жасар азамат үйіне қайтарылды. Ұлымен аман есен қауышқан ана, баласын іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен көші-қон қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Қазығұрт: Қақпа жасайтын цехқа кіріп, ұрлық жасаған жігіттер ұсталды

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, түнгі сағат 23:45 шамасында оның цех ішіндегі жұмысшылар демалатын бөлмеде тұрған қол сөмкесінен белгісіз біреу 50 000 теңге ақшасын ұрлап кеткен.

Хабар келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына келді. Олар ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғындар ұсталды.

Анықталғандай, екі жас жігіт көршілер болып шықты. Олар жол бойынан өтіп бара жатып, оңай олжалы болуды көздейді. Күдіктілер ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, қақпа жасайтын цех ішіне еркін кіріп, арам ойларын жүзеге асырады. Ұрлаған ақшаны бас пайдаларына жаратып жіберген. Аталған қылмысты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлықтың алдын алу үшін дүкендерге, ғимараттарға, тұрғын үйлерге, жұмыс орындарына бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз, бірден полицияға хабар беріңіз.

Бәйдібектік тұрғынның ауласынан ірі көлемде сора есірткісі мен көкнәр тәркіленді

Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі егілген ауланы тауып, күдіктіні құрықтады. Нақтырақ айтсақ, полиция бөліміне жергілікті тұрғын үйінде ірі мөлшерде есірткі затын өсіруі мүмкін екендігі жөнінде хабарлама түседі.

Ақпарат алысымен Бәйдібек АПБ қызметкерлері күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Қабылданған жұмыстар нәтижесінде, полиция қызметкерлері тұрғынның үйінің ауласынан заңсыз, өсіруге тыйым салынған 300 түп жасыл түсті өсімдікті тапты.

Одан бөлек 180 түп "көкнәр" өсімдігіне ұқсас зат табылды. Оларға сараптама тағайындалды. Қорытындыға сәйкес алынған түптердің бірі "сора", ал екінші анықталған зат "көкнәр" есірткі заты болып шықты. Аталған жайт ҚР ҚК 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді ірі мөлшерде заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркелді.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері есірткімен қоғамды улау заң аясында жауапқа тартылатынын ескертеді. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулыққа мән берейік.

Түркістан облысында деструктивті-діни ағым жақтаушысынан сора есірткісі тәркіленді

Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы бойынша ҰҚКД-мен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, есірткі заттарын сатады деген күдікпен ер адамды ұстады. Ол деструктивті-діни ағымның жақтаушысы ретінде тіркелген Кентау қаласының тұрғыны болып шықты.

Жедел уәкілдер күдіктінің тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізіп, оның үйінің ауласынан биіктігі 30-40 см болатын есірткі затына ұқсас 17 түп өсімдікті тауып, тәркіледі.

Сараптама қорытындысына сәйкес, айғақты зат ретінде алынған түптер құрамында есірткісі бар «сора» болып шықты.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігі "Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" бойынша тіркелді.Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Түркістан: Полиция подполковнигі Б.Жанаев жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Түркістан облысында 1 айға жоспарланған республикалық «Қауіпсіз-жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Аталған іс-шара барысында Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев, жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында қызметкерлермен бірге орталық көшелерде рейд жүргізді. Яғни, полиция бастығы түрлі жол апаттарының алдын алу, болдырмау мақсатында Әмір Темір мен Тоқаш Бокина көшелерінің қиылысында жол қозғалысы ережесінің сақталуын қамтамасыз етті.

Түркістан қаласының бас полицейі қауіпсіздік белдігін тақпаған, көлік басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлескен құқық бұзушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оларға полицейлер тиісті заңды шара көру үшін әкімшілік хаттамалар толтырды.

Мысалы, патрульдік полиция қызметкерлері қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін «Mercedes» автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде, оның көлік басқаруға арналған куәлігінің жоқ екені белгілі болды. Осыған орай жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы «Жол жүру ережелерінде көзделген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» мен 612-бабы «Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бойынша заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, полиция подполковнигі Б.Жанаев жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескетті.

Айта кетер болсақ «Қауіпсіз-жол» іс-шарасы басталғалы бері 10 күн ішінде Түркістан қаласы бойынша қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған 350-ге жуық азамат анықталып оларға ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» 591-бабы « Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы» 41 хаттама 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» 7 хаттама толтырылды.

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ТАЛДАУ

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша Департаменті Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасы мен оған бағынысты мекемелер және ұйымдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізуді бастады.

Осыған орай, кеше Департаменттің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын басқарма қызметінде жүргізудің тәртібі бойынша жиын өткізді.

Жиынға Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен жұмысшы топ құрамы, қоғам өкілдері мен Адами әлеуетті дамыту басқармасының ұжым қызметкерлері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы облысқа қарасты қала/аудандардағы білім бөлімдерінің мамандары қатысты.

Шара барысында Ержан Әлиұлы Түркістан облысында білім беру саласы - сыбайлас жемқорлық қылмыстары ең көп тіркелген және тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар жиі түсетін мекемелердің бірі екендігі баса айтылып, жұмысшы топ құрамына сыртқы талдау жұмыстарын 7 бағыт негізінде сауатты әрі мұқият жүргізу қажеттігін ескертті.

Айта кетейік, Адами әлеуетті дамыту басқармасы мен оған бағынысты мекемелер және ұйымдар қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары 2022 жылдың 28 шілде - 7 қыркүйек аралығында жүргізілетін болады.

Егер де, Сізде аталған сала қызметіне қатысты қандай да бір нақты мәліметтеріңіз бен арыз-шағымдарыңыз, білдірер ұсыныс-пікірлеріңіз болса, төменде көрсетілген мекен-жайларға жолдауыңызды сұраймыз!

Барлық проблемалық сұрақтар мен құқық бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша осы көрсетілген байланыс құралдары арқылы хабарласу қажет. 

Мекен-жайы: Түркістан қаласы, Тәуке хан көшесі, №100.

Байланыс: +7701-778-28-57;

Эл.почта: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Түркістан: Полицейлер қоғам белсендісіне көмектесті

Өткен жылдың басынан бері республика көлемінде халыққа ыңғайлы жаңа сервис, яғни 102 мобильдік қосымшасы іске қосылған болатын. Бұл мобильді қосымша арқылы азаматтардың хабарламаларына тез арада жауап беріп, орын алған оқиғалар бойынша жедел шараларды атқарып, көмек қолын созуға болады.

Мәлімет ретінде айтар болсақ, Түркістан облысы бойынша «102» қосымшасы 2021 жылдың 10 қаңтарынан бастап жұмыс жасауда. Сол уақыттан бүгінгі күнге дейінгі аралықта облыс көлемінде аталмыш қосымша арқылы полицейлерге жалпы 1713 хабарлама түскен. Бұл қоңыраулардың барлығы тіркеліп, әрбір хабарлама бойынша тәртіп сақшыларымен тиісті шаралар атқарылған. Олардың ішінде бейнехабарламалар 50, аудиохабарламалар 97, мәтіндік жазбалар 1566-ті құрайды.

Мәселен 26.07.2022 жылы сағат 15:05 шамасында әлеуметтік желі белсендісі Денис Шевченко ұялы телефонындағы «SOS» батырмасын басу арқылы өзі куә болған құқық бұзушылыққа шара көруін сұраған. Оның айтуынша, көпқабатты пәтерлердің бірінде әйел, дәлізге қоқыс тастап теріс әрекет жасаған. Тұрғынның қоңырауын қабылдаған Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының операторы полиция аға сержанты Жамбыл Рыскелдиев жедел түрде учаскелік полиция инспекторын заңды шара көру үшін аталған мекенжайға жолдады. Осылайша құқық бұзушы әйелге ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы 2-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша шара көрілді.

Қосымшаның тағы бір артықшылығы оның белгілі әлеуметтік желілерге ұқсастығында, сондықтан да әр пайдаланушыға түсінікті, тиімділігі анағұрлым жоғары. Азаматтарға жылдам әрі ыңғайлы болмақ. Сондықтан сіз, қандай да бір заң бұзушылықты көріп, келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, қолыңыздағы ұялы телефон арқылы тез арада көмек ала аласыз. «102 қосымшасы – сіз үшін қолайлы!