Созақтық полицейлер 6 ай ішінде 3500-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады

Созақ аудандық полиция бөлімінде жеке құрам қызметкерлерінің қатысуымен жедел кеңес өтті. Жиынның басты мақсаты - осы жылдың жарты жылдығында құқықбұзушылықтың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде атқарған жұмыстардың нәтижесін талқылау.

Іс-шарада жеке құрам қызметкерлерінің арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы полиция подполковнигі Күмісбек Қамшыбеков баяндама оқыды.

Сонымен қоса аудан бойынша полицейлермен 6 ай ішінде 3258 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Атап айтар болсақ, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер бойынша – 40, белгіленбеген орында сауда жасау – 6, ұсақ бұзақылық – 5, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау - 107, қоғамдық орында мас халде жүру – 143, қорғау нұсқамасын бұзу – 2, Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру бойынша 371 құқұқықбұзушылық тіркелген. Сонымен қатар көлікте ұялы телефон пайдалану – 60, қауіпсіздік белдігін тақпаған – 318, қарсы бағытқа шығу – 2, жаяу жүргіншіге жол бермеу – 13, мас халде көлік басқарған – 17, жаяу жүргіншінің жолды кесіп өтуі бойынша 263 дерек тіркелген.

Жиын кезінде тәртіп сақшыларының алдағы жұмыс жоспарлары айтылып, жеке тапсырмалар берілді.

Ордабасылық полицейлер суға шомылған тұрғындарға түсіндірме жүргізді

Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар мекемесінің қызметкерлерімен бірге рейдтік шара жүргізді. Олар аудандағы өзендер мен көлдерге, каналдарға барып, ондағы жасөспірімдерге түсіндірме жұмыстарын жасады. Сонымен қатар тыйым салынған аумақтарға суға шомылуға болмайтындығын баса айтты. Және алғашқы көмек көрсету ережелерін түсіндірді.

Айта кетер болсақ, полиция қызметкерлері жыл басынан бері аудан аумағында белгіленбеген аумақтарда суға түсіп, ережені бұзғаны үшін 4 азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы 1-бөлігі «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырған.

Облыс полицейлері тұрғындарға суға шомылу маусымында барынша сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Жасөспірім балаларыңызды қараусыз жібермей, тыйым салынған аумақтарға суға түсуге болмайтынын еске салады. Жазатайым жағдайды болдырмас үшін сақ болайық!

ТҮРКІСТАН: «АДАЛ ҰРПАҚ» ЕРІКТІЛЕР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

«Түркістан - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Біркөлік шатқалында болып, "Адал ұрпақ" еріктілер клубының 100-ден аса мүшесімен кездесті.

Жас буынның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға негізделген шарада Нұржахан Абуова - Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың "Әділ сөйлеп, адал жүр" деген даналық ойларын балаларға жеткізіп, оларды әділ болуға, парасатты болуға дәріптеді. Балалар қай кезде де әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік –  әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет» және «Бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз» дей келе, әділдік пен адалдық сынды құны биік қасиеттердің қазіргі қазақ  қоғамында  аса қажет,-деді Н.Абуова.  Адамдық болмыстың озық үлгісі болуға шақыратын Ясауидың даналық ойларынан дән іздеп қана қоймай, олар жаһандану дәуіріне аяқ басқан жас ұрпақтың санасына сілкініс жасауға және сол арқылы парасатты қоғамды қалыптастыруға ықылас танытып отыр. Жалпы Түркістандық ғұламаның еңбектеріне терең бойлай түссек, “Арыңды сақта,  болсаң да малға кедей” деген тіркесті сөздерінен  дүниеде жиған-тергенің  аз болса да,   ар өлшемің биік болуы тиіс екендігін шебер жеткізген.  Және “Жалтақтардан жөн сұрама, жолдан қалған,  Жаны АДАЛДЫ әр уақытта қолдайды Аллам”, – деген шумақтарынан теріс мінезділердің жолымен емес, адал ризықпен күн кешіп жүргендердің ізімен жүру қажеттігін және сол арқылы  мол сауапқа кенелуге болатынын атап өткен. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: “… Ақылды алсаң, жараңдарға қызмет қылғын, АДАЛ жолды тұтқандарға ізет қылғын”,- деген өлең жолдары арқылы  замандастарын парасатты болуға үндеп,  бұқара халыққа таза ниетпен, адал еңбекпен қызмет қылу қажеттігін ерекше атап көрсетсе, “Пара алған әкімдер – арамдықпен жүргендер, Өз бармағын өзі шайнап өкінішпен қалады”,- деген Ахмет Ясауи қоғамның күрделі мәселесін ашық көрсетіп, пара алған би-болыс пен  шенді-шекпендінің және әкім-қараның ертеңгі күні өкінішпен өтетінін жеткізеді. Сондықтан да, ол “Диуани хикмет” еңбегінде  оқырман қауымды  қара бастың қамын ойлауға емес, халықтың  алғысына кенелуді мақсат етуге шақырады. Бұдан бөлек, әділдікті сүйген Ясауи бабамыз өзінің 60-хикметінде: “Арың таза болса, әр кез жеңіс сенде” деп өнегелі өсиет сөз қалдырған. Бұдан біздер, жеңіс жалауы – тек ары биік азаматтардың ғана қолында желбірейтінін және 102-хикметінде: “Қазы болған ғалымнан ПАРА істеп жегендер, Ондай ғалым жайын мен тар азаптан көрдім мен”, –    деп көлеңкелі қылмыс түріне жақын болған  азаматтардың болашағы тас түнек қараңғы болатынын ашық баяндаған.   Түп-тамырымыз бен ұлттық тарихымызға терең үңілсек, қазақ халқымыз сонау ықылым замандардан-ақ,  Қ.А.Ясауи сынды дана ойшыл бабаларымыздың асыл мұрасымен жіті танысып, қай дәуірде болмасын адалдық деген асыл қасиетпен азықтанып келгендігін  анық байқаймыз.   Ата-бабаларымыздан бері келе жатқан ар тазалығының биік өлшемін әрі қарай да  сақтап қалу үшін, біз  тәрбиеге тұнық туындыларымызды бүгінгі күні  қайта жаңғыртуға айрықша басымдық берудеміз. Сол себепті, біздер жаңа оқу жылында өскелең жас ұрпақты қазыналы еңбектері түркі мәдениетінің төрінде сақталған Қожа Ахмет Ясауидың  өнегеге толы өсиет сөздерімен танысу арқылы қоғамның парасатты тұлғасы болып қалыптасуға шақырамыз!  Жаңа оқу маусымында бабамыздың даналық ойларымен кемелденген ел жастары –  білім бәсекесінде адал білімді арқау ететініне сеніміміз мол! ,-деп қорытындылады ойын Н.Абуова. Шара соңында балалар адалдық аясында өзара пікір алмасып, Отанды құрметтеудің маңыздылығын ортаға салды.

Төлеби: Жүргізуші куәлігі үшін 200 000 теңге ақша алған...

Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде шағым түсірді. Жәбірленуші жас жігіттің айтуынша, оны сырттай танысы жүргізуші куәлігін алып беремін деп алдап кеткен. 2022 жылы мамыр айында көлік басқаруға қажетті құжатты алу үшін, тұрғын күдіктіге 250 000 теңге береді. 2 айда жүргізуші куәлігі қолыңда болады деп алаяқ сеніміне кірген. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеп, жедел іздестіру шараларына кірісті.

Осы оқиғаға байланысты полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде жұмыссыз жас жігіт ұсталды. Ол оңай жолмен пайда табу мақсатында жәбірленушіні алдап, алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қылмыстың құрбаны болмау үшін күмәнді қызмет көрсетуге уәде берген бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді.

Қазығұрт: Мас халде көлік басқарған ер адам анықталды

Қазығұрт АПБ-ның патрульдік полиция тобының қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында, «Қауіпсіз жол» рейдтік-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Осындай кезекті рейд барысында аудандық полицейлер түнгі уақытта аудан көшелерінің бірінен күдік тудырған «Ваз 2121» Нива маркалы автокөлігін байқады.

Содан тәртіп сақшылары көліктің алдына шыға отырып, оны тоқтатты. Құжаттарын тексеру кезінде тәртіп сақшылар жүргізушінің мас халде болғанын анықтады. Сонымен қатар оны медициналық куәландыруға жеткізді. Қорытындыға сәйкес ер адам көлікті мас халде басқарғаны белгілі болды.

Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы "Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдарды полицейлер заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді.

Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

Түркістан: Қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделі

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» атты халыққа Жолдауындағы тапсырмаларды, қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделіне көшуі, жедел және дамыған әдістерді қолдануы, цифрлық технологияны меңгеруі бойынша ауқымды істер атқарылуда. Осыған орай Ұлы Дала музейінің конференция залында пилоттық режимге енгізілген Түркістан қаласында қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделінің енуіне арналған жиналыс ұйымдастырылды.

Іс-шараға Түркістан облысы Қоғамдық кеңестің мүшесі Зуппархан Чалданов, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы, қалалық Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Шалбай Мақсұтұлы, қалалық прокуратураның бөлім басшысы Мақсат Кенжеханұлы қатысты.

Кездесудің күн тәртібінде бірнеше мәселелер қаралып, баяндамалар жасалды. Біріншіден, Түркістан қаласы әкімдігінің қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделін енгізу мақсатында атқарылған жұмыстар туралы мәселе қаралды.

Екіншіден, Түркістан ҚПБ-ның осы жаңа бағдарлама бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар талқыланды. Үшіншіден, Түркістан қаласы бойынша 2019, 2020, 2021 жылдарда орын алған қылмыстарды саралау бойынша құрылған ведомствоаралық топ мүшелерінің қорытындысы тыңдалды.

Жиналғандар Түркістан өңірінде қоғамдық қауіпсіздіктің сервистік моделіне көшу жұмыстарын сапалы іске асыруды саралады. Ал мұндай жұмыстар өз кезегінде Түркістан облысын қауіпсіз әрі қылмысы аз облыс қатарынан көрініп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге, қауіпсіз аймаққа айналдыруға үлкен үлесін қосады.

Төлебиде алаяқтық қылмысын жасаған күдікті бойжеткен ұсталды

Төлеби АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, белгісіз біреу есепшотындағы 700 000 теңге ақшасын аударып алған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеп, қылмыстық істі ашуға бағытталған шараларды жедел түрде жүргізді.

Орын алған қылмысты ашу және күдіктіні ұстау мақсатында Төлеби АПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер тыңғылықты тексеріп, куәлардан сұрастырып шықты. Нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде бойжеткенді анықтап, оны өз үйінен ұстады. Ол жәбірленушінің танысы, жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, жәбірленуші мен күдіктіні достары үйіне қонаққа шақырған. Сол сәтте күдікті жас қыз әлеуметтік желіге кіру үшін, жәбірленушінің ұялы телефонын сұрап алған. Содан бойжеткен, жігіттің есепшотындағы ақшасын көріп, арам ойы туындап, өзіне аударып алған. Сондай-ақ күдікті жас қыз жымқырған ақшаларды бас пайдасына жаратқан. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Келес: Тұрғынның қойларын талан-таражға салған қойшы ұсталды

Келес аудандық полиция бөліміне Жетісай қаласының тұрғыны арызданды. Ер адамның айтуынша, жайылымдық жерде малшыға 500 бас қойын сеніп тапсырған. Алайда мал басын тексеруге барғанында, ол әрқайсысы 60 000 теңге тұратын 4 бас қойының жоқ екендігін байқаған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 240 000 теңге.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары хабар келіп түскен бойда оқиға орнына бірден жетті. Қажетті шараларды жүзеге асырып, күдікті ретінде қойшы, яғни Мақтаарал ауданының тұрғынын анықтады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ауылдықтарға қырағы болуды және өз малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауды ұсынады. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үй малын таңбалап, ен салдыру керек, ал қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтыңыздар. Егер сізде малыңызды жоғалтып, ұрлатып алсаңыз тез арада полицияға хабарласыңыз.