ШЫМКЕНТ: БІРЫҢҒАЙ ҚАБЫЛДАУ КҮНІ ӨТУДЕ

Қала әкімі М.Әйтенов ашық есік күнін өткізуде.  

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Шымкентте «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» өтуде. Шара аясында қала әкімі М.Әйтенов, қала әкімі орынбасарлары, басқарма басшылары мен аудан әкімдері, сонымен бірге полиция және прокуратура өкілдері азаматтарды қабылдауда. Ашық есік күні кешке дейін жалғасады. Шымкент қаласы әкімінің тұрғындарды бірыңғай қабылдауы әр айдың бірінші сәрсенбі күні өтуде.

Айта кетейік, биылғы жылдан бастап Президент Жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі жаңа форматқа көшті. Осыған сәйкес қала әкімі тоқсан сайын тұрақты кездесулер өткізуде. Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2022 жылдың I жарты жылдығында тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізді. Тұрғындардан 874 ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і орындалды, 316-ы жыл соңына дейін орындалуы жоспарда. Ал, 184 мәселе ұзақ-мерзімді қажет ететіндіктен 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізілген. Сонымен қатар, әрбір ауданнан қоғамдық бақылау кеңестері құрылып, әр сенбі сайын тапсырмалардың орындалуы талқыланып келді. Олар бекітілген аумақта қандай жұмыстардың, қашан атқарылатыны туралы тұрғындарды ақпараттандыруда. Жақында ғана Шымкент қаласының әкімі Әл-Фараби ауданы тұрғындарымен есепті кездесу өткізген болатын. Есепті кездесуге 350-ге жақын тұрғындармен қатар қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғау органдары мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Шаһар басшысы жиын соңында тұрғындарды толғандырған өзекті сауалдарға жауап берді. Ал, Абай ауданының тұрғындарымен 18 елдімекенде 63 кездесу өткізген. 216 мәселе көтеріліп, бүгінде 86-сы шешілді, 97-сі орындалуда. 36 мәселе екі жылдық жоспарға енген.

ТҮРКІТАН: ОҢАЙ ОЛЖАҒА ҚЫЗЫҚПАҢЫЗ!!!

Түркістан облысының прокуратурасы ескертеді! Соңғы жылдары елімізде алаяқтыққа қатысты қылмыстардың құрбаны болып жатқан жерлестеріміздің саны күннен күнге арту үстінде.

Қарапайым тілмен айтқанда алаяқтық - алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтеннің мүлкін ұрлау болып табылады.

Оның бүгінгі таңда ең кең таралып жатқан түрі және өте қауіптісі - ол әлеуметтік желіні пайдалану арқылы жасалатын ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚ!!!

Олардың арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес, оның торына кез келген азаматтың түсуі мүмкін.

Себебі, көпшілік жағдайдаазаматтар бұл қадамға жеңіл пайда тауып, тез байып кетудіжәне өзінің проблемасын оңай шешуді мақсат етіп, соңында алаяқтың құрбаны болып жәбір шегуде.

Әдетте қылмыскерлер әлеуметтік желілер арқылы жалған интернет жарнама орналастырады немесе аккаунттар мен арнайы бет парақшалар ашып, сайт жасап алады.

Ең жиі кездесетіндері «БАНК ҚОҢЫРАУЫ»!!!

Бұл соңғы жылдары алаяқтықтың ең көп тараған түрі.

Әрбір қазақстандық банк қызметкерлерінен қоңырау алып, ең болмағанда мұндай оқиғаны туыстары мен достарынан естіген болар.

АЛАЯҚТАР ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТЕДІ?

Ең алдымен Сіздің телефоныңызға қоңырау шалады.

Қоңырау шалушы өзін банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырады. Телефон арқылы сөйлесу кезінде алаяқтар жеке деректеріңізді біліп алуға тырысады. Алаяқтардың ақпарат алу үшін айтатын бірнеше «ОҚИҒАСЫ» бар:

- Сіздің шотыңызда күдікті транзакциялар анықталды!!! Шотта күмәнді әрекеттер орын алғанын хабарлайды. Ақшаның аударылуын немесе алынуын болдырмау үшін алаяқтар жеке деректерді сұрайды. Құпия сөзді өзгертуді және өздеріне банктен келген құпия кодты жіберуді ұсынады. Ақпарат алған соң алаяқтар Сіздің атыңыздан несие рәсімдеп немесе шотыңыздан өздеріне ақша аудара алады.

- Алаяқтар Сіздің жеке кабинетіңізге кіруге тырысады!!! Жалған банк қызметкерлері кедергілердің алдын алғысы келеді. Сізге қосымша орнату арқылы шоттарыңыз бен салымдарыңызды қорғауды ұсынады. Шын мәнінде, зиянды қосымшалар сіздің телефоныңызда сақталған шотыңыз, құпиясөздеріңіз туралы ақпаратты алып, деректерді алаяқтарға жібереді.

- Шотыңыздан Сізге тиесілі ақша ұрланды!!! Осы сәтте алаяқтар Сіздің шотыңыздан ақша аударуға тырысып жатқаны туралы жалған мәліметті хабарлайды. Жинақтарыңыз өзіңізде қалу үшін ақшаны «АЙНА ШОТЫНА», «САҚТАНДЫРУ ҰЯШЫҒЫНА», «САҚТАНДЫРУ АГЕНТІНЕ» аудару қажеттігін Сізге ұсынады. Осылайша Сізді жалған шотқа немесе тікелей алаяқтарға ақша аударуға мәжбүрлейді.

- Акцияға қатысуды ұсынады!!! Көбінесе мұндай хабарламалар мессенджерлер немесе әлеуметтік желілердегі жеке хабарламалар арқылы жіберіледі. Сіз болмайтын ұтыс ойынына сілтеме жасағаннан кейін жеке және банк деректерін енгізуді ұсынады. Кейде жіберген сілтеме қызмет көрсететін банк сайтына ұқсас болуы мүмкін. Деректерді енгізсеңіз алаяқтар шотыңыздан ақша және Сіздің атыңыздан несие алуы мүмкін. Оған қоса құрылғыңызға вирус кіріп, жұмысын тоқтатуы мүмкін немесе оны алаяқтар өз мақсаттары үшін пайдаланады.

Интернеттің мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн сайын өзгеріп, жаңарып отырады.

Бір ғана мысал, алаяқтар сенімге кіру немесе алдау тәсілін пайдаланып, азаматтарды қайтарымсыз ақша бар екендігіне сендіріп, олардың жеке ұялы телефондарын алу арқылы аттарынан жеке кәсіпкерлік ашады, сондай-ақ «KASPI BANK» интернет дүкені арқылы белгісіз заттарға тапсырыс беріп, осы берілген заттарды «KASPI BANK» арқылы төлейді.

Алаяқтар есеп-шоттарына түскен ақша қаражаттарын басқа да өздерінің «KASPI GOLD» шоттарына аудару арқылы алған заттарын түрлі сипаттағы сылтаумен кері қайтарып, есеп шоттағы ақша қаражаттары болмағандықтан, жеке кәсіпкердің шотына ақша аударым жасап, жәбірленуші тарапқа кестеге сай несие рәсімдейді.

Кейін алаяқтың қайтарымсыз ақша деген сенімі жоққа шығып, жәбір шеккен азаматтармен арыздануға алып келеді.

«КОМПЬЮТЕР», «СМАРТФОН», «ПЛАНШЕТ»- пайдаланатын адам кез келген уақытта ақпараттық жүйенің, соның ішінде интернет алаяқтардың құрбанына айнала алатынын ескерту керек!!!

Сондай алданып қалған адамдардың арыздарының көбін тексерген уақытта тергеу органдарына қылмыскерлерді анықтау қиынға соғып жатады, өйткені олар тек біздің елде емес, басқа да елдерден шыққан алаяқтар екендігі анықталып жатады.

Тәжірибеде ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған кеңістік -ОНЛАЙН САУДА!!!

Әсіресе сұранысқа ие «INSTAGRAM», «FACEBOOK», «WHATSAPP» арқылы мұндай қылмыстар жиі жасалуда, онда кімнің ақ, кімнің қара екенін ажырату өте қиын.

Киімдер, автобөлшектер, күнделікті тұрмыс заттарын сатып, талайдың ақшасын қалтасына басқан қылмыскерлер тұтынушылардың сеніміне қалай кіру керектігін ғана емес, онлайнсауданың қыр-сырын да мықты меңгеріп алған.

Бұдан басқа, азаматтардың құжаттарының көшірмелерін пайдаланған интернет алаяқтар құрбандарының атынан шұғыл онлайннесие рәсімдеп, жәбірленушілер қарызға батып, ешқандай дәлелдеме ұсына алмаған соң өздері төлеп шыққан фактілер де облысымызда аз емес.

Тергеу барысында несие рәсімделген құжаттарды иелерінің бір кездері жоғалтып алғаны не телефон арқылы «несие мәселеңіз болса шешіп беруге көмек етемін» деген бір ауыз сөзге сеніп, сөздерін растайтын ешқандай құжаттарын тексерместен, ол адамды көзімен көрмесе де, онымен келісім-шарт жасамаса да жеке куәлігін «WHATSAPP»,«TELEGRAM» желілері арқылы жіберіп, артынан өкініп жүргендер де аз емес.

Интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шаралары: дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, СМС және басқа да хабарламаларға сенбеу.

ОСЫ ТАЛАПТАРДЫ САҚТАУ АРҚЫЛЫ ӘР АДАМ АЛАЯҚТАРДАН ӨЗІН ҚОРҒАП ЖҮРЕ АЛАДЫ!!!

 

ТӨЛЕБИ: ДІНИ ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЖИЫН ӨТТІ

Төлеби ауданы ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысы аясында "Жалын" жастар ұйымы қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен аудан аумағында діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің және кереағар діни ағымдардың алдын алу мақсатында жиын өтті.  Леңгір қаласының тұрғындары мен жастары арасында республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі, Шымкент қаласы "Байғұт" баба мешітінің бас имамы Желеуов Дастан Сүлеиұлының қатысуымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кездесу соңында қойылған сұрақтарға жауап берді. Және қазіргі таңда қоғамымызда өзекті мәселелердің бірі керағар діни ағымдардың көзқарастарының таралуы болып тұрғандығы айтылды.
Теріс пиғылды діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін белгілі бір топтар. Оларға тән ортақ сипаты  – діни ілімінің ақиқаттылық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуынан көрінеді.

Мұндай ұйымдар тұлғаның табиғи үйлесімді, рухани, психикалық халіне және физикалык жағдайына қауіпті болып келеді, сонымен катар қоғамдағы қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, мәдениетті жоюға ұмтылады. Теріспиғылды діни ағымдарда жасырын психологиялық зорлық тәсілдерін қолдану сипаты тән. Деструктивті діни ағымдар жеке адамның немесе адамдар тобының  басқа адамдардың санасына, өміріне олардың келісімінсіз саналы  түрде заңсыз әсер етуді орнатуынан байқауға болады.  Мұндай психологиялық әдіс адамдардың белгілі бір уағызшысына, ұстазына деген мойынсұнушылық пен тәуелділіктің қалыптасуы мен сақталуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Олардың түпкілікті максаты — адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке кол жеткізу .

Керағар діни ұйымдар мен оның жетекшілерінің өздерінің жамағаттарына жаңа мүшелерді тартып, санын көбейтіп отыруы өте маңызды. Жамағаттың саны көбейген сайын олардың да ықпалы күшейе түседі. Араб елдерінде болған «мұсылман бауырлар» секілді қозғалыстар бұған дәлел. 

 Керағар ағымдардың жетегіне кетуіне көптеген себептер бар, алайда жалпыға ортақ келесідей белгілер орныққан. Олар:
— отбасында, қоғамда, достардың арасында өмірлік іс-әрекетке деген ынтаның жоқтығы;
— өмірдегі махаббат, достық, ұжымшылдық, құрмет, ынтымақтастық сияқты басты құндылықтары бағытынан адасу;
— айналадағы жақын және туған бауырларымен байланысты үзу, оған қоса, мектеп  (ЖОО) тамамдағанына байланысты; жұмыс ауыстыруға байланысты отбасынан айырылу; тұрақты жұмысын жоғалтуы (ауысуы, отбасының ажырасуы)  ыдырауы, жақын адамдардың ауруы (жоғалтуы) тұрмыс қалпының өзгеруі;
— отбасындағы жайсыз моральдық-психологиялық және материалдық жағдайға байланысты жеткіншек баланың қалыптасып келе жатқан психикасына әсер етуі;
— ата-аналардың қоғам арасындағы төменгі мәртебесінен намыстануы және басқа да;

Мұны жақсы білетін керағар діни ағымдардың жетекшілері,  адамдарды өзінің қатарына тарту барысында оларға байлық пен берекеге уәде беріп, ақырында деструктівтік ұйымына алып келеді.

Түлкібас: Полицейлер есірткі туралы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Полиция қызметкерлерінің есірткі құралдарының таралуына тосқауыл қою, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресте атқарар жұмыстары сан алуан. Осы іс-шараны тиісті деңгейде атқару үшін, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Балаларыңызды есірткіден қорғаңыз!» тақырыбында адамдар көп шоғырланатын орындарға барып, үнпарақтар ілді.

Олар дүкендерді, тамақтану орындарын, қоғамдық орындар мен көше қиылыстарын да тыс қалдырмады. Сонымен қатар тұрғындарға есірткі қылмысының алдын алу мақсатында ескерту жұмыстарын жүргізіп, есірткінің заңсыз айналымы, тасымалы, қандай да бір заңсыз әрекет – жазасыз қалмайтындығын ескертті.

Сайрам: Алтын алқа мен сақинаны ұрлаған ұры қамауға алынды

Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның тұрғын үйіне белгісіз біреу ұрлыққа түсіп, құны 300 000 теңге тұратын алтын алқасы мен әрқайсысының құны 100 000 теңге тұратын 2 дана алтын сақинасын жасырын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 500 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырып, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғын анықталды. Тексеру кезінде орта жастағы ер адам, ақшадан қысылып жүргендіктен осындай теріс әрекетке барғанын мойындады. Ол көше бойынан өтіп бара жатып, үйде ешкімнің жоқтығын пайдаланып, алтын бұйымдарды ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Полиция қызметкерлері күдіктінің бұдан алдын сотты болғандығын анықтады. Бүгінде сезікті ер адам қамауға алынып, оның іс-құжаттары сотқа жолданды.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сіздің мүлкіңізге қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін терезелер мен есіктерді темір торлармен және сенімді құлыптармен бекіту керек. Тіпті аз уақытқа болсын үйден шықсаңыз, сыртқы есіктер мен терезелерін мықтап жауып жүріңіз. Сондай-ақ мүмкіндігінше үйлер мен кіреберістерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыз. Пәтер ұрлығы болған жағдайда жедел түрде полицияға хабарласыңыз. Бұл полиция қызметкерлеріне қылмысты "ізін суытпай" ашуға көмектеседі.

Жетісай: Зейнеткердің ақшасын алдап алған әйел ұсталды

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның танысы зейнеткерлікке шығарып беретінін айтып, әбден сеніміне кірген. Осылайша сенімге кірген әйел тұрғыннан 1 637 000 теңге ақшасын алдап алған. Жарты жылдан аса уақыт өтсе де, берген уәдесінде тұрмай қашып жүрген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары жедел әрекет етті. Полицейлер қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олардың жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде алаяқтық жасаған әйел анықталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Тексеру кезінде күдіктінің зейнеткерлікке шығарып беретінін айтып, алған ақшаны жаратып жібергені белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға күмәнді қызмет ұсынатын, көшеде танысқан бейтаныс адамдарға сенім артпауға кеңес береді. Оларға ақша беруде, ақша алуда оның сенімді адам екендігіне толық көз жеткізіңіз. Егер де, сіз, алаяқтыққа тап болсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз.

Созақ: Құрбысының ақшасын ұрлаған...

Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, ол «Қошқар ата» тауына достарымен серуенге шыққан. Сол мезетте өзінің сөмкесінің ішінде тұрған 50 000 теңгесін белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Хабар түскен бойда тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олардың жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті жас қыз анықталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті мен жәбірленуші жақын таныстар. Жас қыздар демалу үшін таулы аймаққа бірге барған. Оңай олжалы болуды ойлаған сезікті ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, ақшаны қолды еткен.

Күдіктіден айғақты зат ретінде 36 000 теңге алынып, иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздерінің бағалы және ақшалай заттарына сақ болуды ескертеді.

Қазығұрт: Көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу белгісін тағып жүрген жас жігіт ұсталды

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алып, құқық бұзушылықты, жол ережесін бұзатын көлік жүргізушілерін анықтау мақсатында «Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасын жүргізуде.
Осындай рейд барысында, тәртіп сақшылары жалған нөмірлі көлікті анықтады. Нақтырақ айтсақ, «Газель» маркалы автокөлік жанармай құю бекетіне тоқтаған. Көліктің нөміріне күдіктенген полицейлер оның нөмірін тексерді.
Нәтижесінде, жас жігіттің автокөлігіне жалған мемлекеттік тіркеу белгісін пайдаланып жүргені белгілі болды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 386-бабы 1-бөлігі «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, көрінеу қолдан жасалған сәйкестендіру нөмірі бар көлік құралын өткізу» бойынша тіркеуге алды.
Тексеру кезінде көлік жүргізушісі нөмірді тауып алып, қызығып таққанын айтты. Оқиғаның толық мән-жайын полиция қызметкерлері тексеруде. Қазіргі таңда жүргізуші жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге кез келген құқық бұзушылыққа заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Тұрғын жоғалған сиырын тауып берген полицейлерге алғысын жаудырды

Шардара АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын жайылымдағы 1 бас сиырының жоғалғаны туралы арызданды. Арызданушы алғашқыда өзі іздеген. Алайда одан еш нәтиже болмаған соң полицейлерден көмек сұрайды. Бұл жайт аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, жоғалған сиырды іздеу жұмыстары жүргізілді.
Тәртіп сақшылары бірнеше мобильді топтарға бөлініп, жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, ауыл тұрғындарымен сұхбат жүргізді, базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді тексерді.
Жедел шаралар нәтижесінде, бірнеше күннен кейін Шардара АПБ-ның полицейлері жоғалған ірі қара малды 30 шақырым жерде орналасқан жайылымнан тапты. Табылған сиыр заңды иесіне қайтарылды.
"Мен 1 бас сиырымды жоғалтып, Шардара ауданының полицейлерінен көмек сұрадым. Олар бірден сиырымды іздей бастады және оны тапты. Барша полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге үлкен рахмет! "- деді ауыл тұрғыны.
Түркістан облысының полицейлері қырағы болу және малды жайылымда қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді, өйткені сіздің малыңыз барымташылардың оңай олжасына әп-сәтте айналуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше, үй шаруашылығын сенімді қоршаумен қоршап, малды таңбалау және сырғалау қажет. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда өз бетінше іздеп, уақыт жоғалтпастан, дереу полицияның "102" нөміріне хабарласыңыз.

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА АЯЛДАМАЛАР ОРНАТЫЛУДА

«Шымкентте биыл қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама павильонын орнату жоспарланған.

Шілде айынан бастап 30 аялдама орнатылды. Барлық аялдамалар Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады» - дейді жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов.

Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат - елдімекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру.

Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны болса, қалғанына аялдама белгілері орнатылған. 2021 жылдың қорытындысымен жаңа үлгідегі аялдамалар саны 670-ке жетті.

Айта кетейік, Шымкентте 2021 жылы 309,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, осы жылы жалпы 361,1 шақырымды құрайтын 190 нысанға жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 67,4 шақырым жолға құрылыс және қайта құру жұмыстары, 19,3 шақырым жол күрделі жөндеу, 261,1 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Сонымен қоса, жыл соңына дейін 22,7 шақырым жолға шағал тас төселеді. Бұл туралы қала әкіміне есеп беру барысында жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов баяндады. 1-жартыжылдық қорытындысымен 91 нысан немесе 188,3 шақырым көшеде жөндеу жұмыстары аяқталып пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде 19,3 шақырым күрделі жөндеу, 169 шақырым орташа жөндеу, 10 шақырым магистралды көше, 159 шақырым ішкі орам көшелері. Жыл соңына дейінгі жоспарлы жұмыстардың аяқталуы нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға жететін болады. Қала әкімі жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.