Сәрсенбі, 28 Мамыр 2025 20:25

Ордабасы ауданы: қаржы түсімін қамтамасыз ететін кәсіпкерлік, өндіріс салаларына аса басымдық берілуде

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың 2024 жылдың қорытындысы мен ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар жөніндегі кездесу жиындары бүгін Қараспан және аудан орталығы Қажымұқан ауыл округтерінде өтті.

Аталған ауыл округтерінде өткен кездесулерде аудан басшысы ең алдымен аудандағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен жоспарларды толық мәлімдеді. Ауданда барлық индикаторлық көрсеткіштер жоспарға сәйкес орындалған. Бюджет түсімінің өсіміне жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Жалпы бюджет көрсеткіші өткен жылы 47 млрд болса биылғы мақсат 52 млрдқа жеткізу. Ол үшін қаржы түсімін қамтамасыз ететін басты сала кәсіпкерлік, өндіріс салаларына аса басымдық берілуде.

Бұл салаларды дамыту үшін отандық және шетелдік ірі инвестициялар тартылуда. Бадам аймағында арнайы өндіріс паркі ашылып, осындай кешендерді көбейтуге қадамдар жасалуда. Сонымен қатар ауыл халқының негізгі тіршілік көзінің бірі ауылшаруашылы саласында да ауқымды істер атқарылуда. Арнайы техникалармен су арналары тазаланып, су үнемділігі үшін арналар бетондалуда, жаңа ауылшаруашылық техникалар сатып алынып, тамшылатып суару технолгиясы енгізілуде.

Инфрақұрылым жағдайына келсек ауданда ауызсу мәселесі 95 пайызға деуір шешімін тапқан. Енді, 3 ауылға ауызсу тартылса аудан халқы толықтай тіршілік нәрімен қамтылмақ. Бірқатар себептермен кешеуілдеп тұрған газ жүргізу жұмыстарының көрсеткіші соңғы 2 жылда аудан басшысының тікелей үйлестіруі мен бақылауының нәтижесінде 15 пайыздан 63 пайызға артып отыр. Яғни 57 елдімекеннің 36 сы «көгілдір отынмен» қамтылған. Келесі жылдың аяғына дейін аудан тұрғындарын газбен толық қамту жоспарда. Аудандық маңызы бар жолдар 90 пайыз асфальттанған. Жыл соңына дейін қалған бөлігіне толық асфальт төселетін болады. Ішкі көшелердің 60 пайыздайы асфальттанып, қалған көшелерге толық тас төселген. Жоспар: келер жылы аудандық бюджеттің 50 пайызын көшелерді асфальттауға бөліп, 100 пайыз межеге қадам жасау.

Электр энергиясы тұрғысынан ескірген бағаналарды ауыстыру, электр желілерін тарту, жаңа трансформаторлар орнату жұмыстары кезең-кезеңімен іске асуда. Электр саласына жауапты «Оңтүстік Жарық» ЖШС-нің жұмыстары бақылауда. Әкімдік тарапынан қажетті техникалық, материалдық қолдаулар көрсетілуде. Бұл аудан басшысының аудан көлеміндегі шаруалар бойынша мәлімдеген мәліметтердің бірқатары.

Бұдан да бөлек әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы көрсеткіштер мен жоспарларға толық тоқталып өткен аудан әкімі келесі кезекте нақты кездесу өтіп отырған Қараспан және Қажымұқан ауыл округтеріндегі хал-ахуалды кеңінен саралады. Өз кезегінде ауыл тұрғындары тарапынан да өзекті мәселелер жөнінде бірқатар сұрақтар қойылды. Жиында ауыл тұрғындары жайылым жер, үйді-үйге газ тарту, жолдарға белгі қою, бейнебақылау орнату, көше жарығы тәрізді біршама мәселелерді қозғады.

Аудан басшысы әрбір азаматтың көкейкесті сұрақтарына толыққанды жауап беріп, аталған мәселелерді шешу бағытындағы нақты жоспарларды ортаға салды. Сонымен қатар, кездесуде аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің және мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Көкейдегі мәселелерге қатысты нақты жауап алған ауыл азаматтары табысты атқарылған жұмыстар мен атқарылатын міндеттерге оң бағаларын беріп, аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Айта кетсек, бүгінгі жиын осы маусымдағы арнайы кездесулердің соңғысы. Кездесулер толығымен аудан басшысының өз ұсынысымен жұртшылыққа қолайлы, барынша ашық жағдайда өтуі үшін ғимарат сыртындағы ашық алаңдарда ұйымдастырылды.

Осы тұста айта кетсек, аудан әкімі Азат Оралбаев бүгінгі Қараспан мен Қажымұқан ауыл округтеріндегі кездесулер аралығында аталған елді мекендердегі бірқатар нысандарды аралады. Алғашқы кезекте кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселе бойынша, Берген ауылындағы Коновалов көшесіндегі 11 үйге газ торабының жүргізілмей қалуының жағдайын саралады. Осы мәселеге жауапты қызметкердің бұл тұрғыда қандай жұмыс атқарып жатқанын нақтылап, бір апта ішінде олқылықтың орнын толтыруды тапсырды. Онан соң Қараспан ауылындағы құрылысы аяқталуға жақындаған медициналық нысандағы құрылыс барысын бақылады. Қараспандағы бұл емхана қажетті құрал-жабдықтармен толық жасақталып, жақын арада ел игілігіне берілетін болады.

Келесі кезекте Қажымұқан ауыл округі аумағында орналасқан бұрынғы балалар лагерінде басталған қалпына келтіру, күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жауапты сала қызметкерлерімен бірге жоба жоспарларды егжей-тегжейлі талқылады. Нысанның күрделі жөндеу жобасына өз тарапынан нақты ұсыныстар енгізіп, тиісті қызметкерлерге нысанға электр желісін жеткізіп беруді тапсырды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 95 рет