Сенбі, 31 Мамыр 2025 18:36

Сауран ауданы: Қарашықта өндірістік аймақ өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жобалардың бірі

Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылдық округінде өндірістік аймақ құрылысын салу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы көлемі 10 гектарды құрайтын бұл аймақ — өңірдегі өндірістік әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жобалардың бірі.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жұмыс сапарымен құрылыс алаңында болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Ол құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен жеке кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Бүгінгі таңда бұл өндірістік аймақта 9 кәсіпкер өз жобаларын бастап кеткен. Жоспар бойынша, аумақта жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өңдеу сынды бағыттар қамтылады. Жобалар іске қосылған соң, отандық өнімдер ішкі нарыққа шығарылып, тұтынушыларға қолжетімді әрі сапалы тауар ұсынылатын болады. Өндірістік аймақтың іске қосылуы — жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің жандануына, сондай-ақ аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қоспақ.

Жергілікті билік тарапынан инженерлік инфрақұрылым тарту, жол, су, электр жүйесімен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Орайы келгенде айта кетсек, Сауран ауданында жоғарыда аталған Қарашық ауылдық округінен өзге Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады. Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.

Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.

Сауран ауданында өндірістен бөлек ауыл шаруашылығы да қарқынды дами бастаған. Ауыл шаруашылығының құрамдас бөлігі болып табылатын балық шаруашылығы ерекше даму үстінде. Мәселен, балық шаруашылығын дамыту мақсатында  ауданға қарасты Үшқайық ауыл округінде ауқымды жұмыстар бастау алды. Жаңа кәсіпкерлік нысандарының қатарында балық өсіруге арналған кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда арнайы бассейндер қазу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі таяуда ғана құрылыс алаңында болып, кәсіпкерлермен тілдескен де болатын. Ол өз сөзінде аудан тарапынан инфрақұрылымдық жүйелерді тарту, қажетті рұқсат құжаттарын рәсімдеуге қолдау көрсету және жалпы жобаның табысты жүзеге асуына ықпал ету үшін жан-жақты қолдау болатынын жеткізген.

Жалпы, Сауран ауданында шағын және орта бизнесті дамыту – аудан экономикасын тұрақты дамытуға серпін береді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы жұмыс орындарының құрылуына ықпал етеді. Жергілікті нарықты сапалы өнімдермен қамтамасыз етеді. Аудан басшылығы жергілікті өндіріс орындарын қолдауды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып, кәсіпкерлерге қажетті жағдай жасауды көздеп отыр. Үшқайық ауылында басталған бұл жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң ықпал етпек.

Ауданға қарасты Шаға ауылдық окугінде келесі жылы «Eco-Chiken» ЖШС жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Өндіріс орны толық іске қосылған соң тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін эспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-ң құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірдегі ауылшаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосарына күмән жоқ.

Сонымен қатар, аудан әкімінің айтуынша өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге инвестиция тартылады.

 

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 47 рет