ШАҺАР БАСШЫСЫ КОРОНАВИРУСКЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ АЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов коронавирус инфекциясына қарсы QAZ VAC екпесінің төртінші құрамдас бөлігін №3 қалалық емханасында салдырды.

Мұрат Әйтенов екпеден кейін 30 минут медициналық бақылауда болды. Қазір жағдайы жақсы.

Ревакцинация вируспен күресудің жалғыз тиімді жолы.

Айта кетейік, Шымкент қаласында соңғы 1 ай көлемінде 1944 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған, оның ішінде 1215 адам аурудан айыққан. Соңғы тәулікте 18 адамнан қауіпті ауру белгілері анықталды. Бүгінде 32 адам стационарда, 697 науқас үй жағдайында ем қабылдауда.

Вакцинаның

1-ші компонентін - 619 672,

2 -ші компонентін - 608 458,

3 -ші компонентін - 361 151,

4 - компонентін – 21910 адам салдырған.

Коронавирус – адам ағзасына жұғып, асқыну қаупін тудыратын, ауа арқылы тез тарайтын вирусты ауру. Бұл вирус 65 жастан асқан адамдарға, 5 жастағы балаларға, жүкті әйелдерге, иммунитеті әлсіз не жүрек, өкпе, бүйректің созылмалы аурулары бар адамдарға қауіп туғызуы ықтимал. Сырқат кей науқастарда ауыр түрде өтіп, пневмониямен тыныс алудың қиындауына әкелуі мүмкін. Сирек жағдайда вирус өлімге әкеледі.

Коронавирус кәдімгі тұмау тәрізді болған, оның алғашқы белгілерін көп адам байқай бермейді. Дегенмен дәрігерлер мынадай симп­томдар білінсе, бірден дабыл қағуға кеңес береді: дене қызуының көтерілуі, жоғары температура, құрғақ қатты жөтел, бастың ауруы, кеуде тұсының ауруы, ентікпе және тыныс алуының бұзылуы, жүрек қағысының жиілеуі, пневмония, безгек, мұрынның бітуі, фарингит, диарея. Осындай симптомды байқасаңыз, 103 нөміріне хабарласып, медициналық мекемеге хабар беріңіз.

Вакцина-заманауи медицинаның маңызды жетістіктерінің бірі және вакциналардың арқасында бүкіл әлемде вакцинамен алдын алуға болатын инфекциялардың жиілігі мен өлімі азайды! Коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинация – бұл пандемияны тоқтатудың жалғыз тиімді әдісі! Ревакцинация — вируспен күресудің жалғыз тиімді жолы. Вакцинация алыңыз, өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!

ШЫМКЕНТ: 6 АЙДА 188 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ ЖӨНДЕЛДІ

 

Биыл жалпы 361,1 шақырымды құрайтын 190 нысанға жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Шымкентте 2021 жылы 309,6 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілсе, осы жылы жалпы 361,1 шақырымды құрайтын 190 нысанға жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде: құрылыс және қайта құру жұмыстары 67,4 шақырым жолға жүргізіледі, күрделі жөндеуден 19,3 шақырым жол, орташа жөндеуден 261,1 шақырым, 122,7 шақырым жолға шағал тас төсеу жұмыстары жыл соңына дейін.Бұл туралы қала әкіміне есеп беру барысында жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов баяндады.

1-жартыжылдық қорытындысымен 91 нысан немесе 188,3 шақырым көшеде жөндеу жұмыстары аяқталып пайдалануға тапсырылды. Оның ішінде 19,3 шақырым күрделі жөндеу, 169 шақырым орташа жөндеу, 10 шақырым магистралды көше, 159 шақырым ішкі орам көшелері. Жыл соңына дейінгі жоспарлы жұмыстардың аяқталуы нәтижесінде қала аумағындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға жететін болады. Қала әкімі жұмыстардың сапалы орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

«Шымкентте биыл қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама павильонын орнату жоспарланған. Шілде айынан бастап 30 аялдама орнатылды. Барлық аялдамалар Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады», - дейді жол көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов.

Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат - елдімекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру. Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны болса, қалғанына аялдама белгілері орнатылған. 2021 жылдың қорытындысымен жаңа үлгідегі аялдамалар саны 670-ке жетті.


Түркістан: Жәрдемақы шығарып беремін деп, алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған танысы мемлекет тарапынан жәрдемақы шығарып беремін деп сеніміне кірген. Алаяқ жәбірленушіден осы үшін 350 мың теңге ақша алған.

Алайда әр нәрсені бір сылтауратып, уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай тұрғынды әбігерге салған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдіктінің жеке-басын анықтап, оны ҚПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, 102 телефонына тез арада хабарласыңыз.

Төлеби: Телефон ұрлаған ер адам ұсталды

Төлеби АПБ-ға ұрлықтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленушінің айтуынша өзі жұмыс жасайтын дүкеннің сөресінде тұрған «Самсунг А8» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.

Тәртіп сақшылары хабар алысымен оқиға орнына жедел жетті. Ұрлық жайты орын алған аймақтың барлығын жіті тексеріп, куәлардан жауап алды. Дүкен ішіндегі бейнебақылау камераларын тексерді. Полицейлер осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жүргізіп, нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады.

Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Полицейлер күдіктіден айғақты зат ретінде ұялы телефонды тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай күдікті дүкенге азық-түлік алу мақсатында келген. Содан соң айналасында адамдардың жоқтығын пайдаланып, сөреде қуаттағышта тұрған ұялы телефонды алып кеткен. Осылайша қолды еткен затын үйіне алып барып, пайдалану мақсатында жасырып қойған.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді.

Түркістан:300 дана жылыту радиаторын жымқырған ер адам ұсталды

Түркістан қалалық Полиция басқармасына құрылыс мекемесінің басшысы арызданды. Оның айтуынша, белгісіз біреулер құрылыс жүріп жатқан тұрғын үйлердің 300 дана радиаторларын жымқырған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 000 000 теңгеден асады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері бірден ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында полицейлер жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде осы іске қатысты күдікті ретінде Сауран ауданының тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол құрылыс мекемесінде жұмыс істейтін жұмысшы болып шықты.

Анықталғандай, күдікті оңай жолмен пайда табу мақсатында, құрылыс жүріп жатқан ғимаратқа ұрлыққа түскен. Содан ұрланған жылыту құрылғыларын темір қабылдайтын орынға сатқан. Сондай-ақ күдіктінің жалпы осындай ұрлық қылмысының 2 жайтына қатысы бары анықталды. Бүгінде ұрланған жылыту радиаторлары айғақты зат ретінде иесіне қайтарылды.

Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Облыс полицейлері тұрғындарға өз мүліктерін қауіпсіз орында сақтауға кеңес береді.

Қазығұртта бақташыны алдап, танысының сиырларын алып кеткен...

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, ол өзінің 3 бас ірі қара малын бақташыға сеніп тапсырған. Алайда тұрғынның малдарын танысы бақташыдан алдап алып кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 450 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Полиция қызметкерлері хабар алысымен қылмысты ашу үшін жедел-әрекет етті. Олар қажетті шараларды атқарып, сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар ер адам анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, жәбірленуші бақташыға сиырларын сеніп тапсырар кезінде танысымен бірге барған. Бірнеше айлар өткен соң, жәбірленушінің танысы бақташыға барып, оны алдап, сиырларды алып кеткен. Ол бөтеннің мүлкін Сарыағаш қаласындағы мал базарға апарып сатып, ақшасын жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген адамға сенім артпауға кеңес береді. Мал ұрлығын болдырмау үшін үш жақты келісім жасау керектігін ескертеді.

Қазығұрт: «Қызыл кітапқа» енген алтын тамыр өсімдігін заңсыз жұлған ер адам ұсталды

Күнделікті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кезекті рейдтік-профилактикалық шара кезінде, сирек кездесетін «алтын тамыр» өсімдігіне ұқсас шөпті заңсыз теріп алған ер адамды анықтады.

Яғни жергілікті тұрғын Қазығұрт ауданының шығыс жақ беткейіндегі таудан «Қызыл кітапқа» енген жойылу қауіпі бар өсімдікті заңсыз теріп алған. Аталған жайтты ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігі «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын ашу үшін жедел іске кірісті. Табиғатқа залал келтіруші тұрғын полицияға жеткізілді. Белгілі болғандай, күдікті аталған өсімдікті дәрілік шөп ретінде пайдаланатынын айтқан. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаның толық мән-жайы анықталатын болады. Тиісті сараптама тағайындалған.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындардан және қонақтардан табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауға және құрып кету қаупі төніп тұрған «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарлар мен өсімдіктерге құрметпен қарауға шақырады.

Түркістан: 15 мыңнан астам жол ережесін бұзушы анықталды

Түркістан облысының полиция қызметкерлері «Қауіпсіз жол» іс-шарасы барысында қарқынды қызмет етуде. Мәселен іс-шараның 13 тәулігінде полицейлермен 15590 жол қозғалысы ережесін бұзушылар анықталды. Оның ішінде қауіпсіздік белдігін пайдаланбағаны үшін 3000-нан астам тәртіп бұзушы, басқару кезінде телефонды пайдаланғаны үшін 1293 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ техникалық байқаудан өтпеген 923 көлік пен автокөлікті мас күйінде басқарған 68 жүргізуші анықталды. Ал маневр жасау ережелерін бұзған 545 жайт тіркелді. Тәртіп сақшылары авариялық жағдай туғызғаны үшін 111 көлік тізгіндеушіге жауапкершілігін қарады. 526 жүргізушіге жылдамдық режимін шектен тыс асырғаны үшін хаттама толтырылды. Ал бағдаршамның тыйым салу белгісінен өтіп кетудің 154 жайты, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығудың 33 жайты белгілі болды.

«Қауіпсіз жол» шарасы кезінде полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 404 ЖҚЕ бұзушылықты анықтады. Сондай-ақ автокөлікті заңсыз қайта жабдықтау бойынша 160 жайт тіркелді. Жалған және қолдан жасалған мемлекеттік нөмірмен көлік құралын басқарудың 10 дерегі анықталып, жүргізушілерге шара көрілді. Айыптұраққа 499 көлік қойылды.

Мысалы Жетісай ауданына қарасты ауылдардың бірінде өзімен бір бағытта бара жатқан «Daewoo Nexia» көлігін соғып, жол апатын жасаған «Ауди-100» көлігінің жүргізушісі анықталды.

Тексеру кезінде оның мас халде екендігі расталды. Аталған жайт ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеуге алынып, тәртіп сақшыларымен іс құжаттар жинақталды. Нәтижесінде Жетісай аудандық сотының қаулысымен «Ауди-100» жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Аталған шара ҚР ІІМ Марат Ахметжановтың нұсқауына сәйкес жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдын алу, жол-көлік оқиғаларын төмендету мақсатында өткізілуде. Сондықтан Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын ескертеді. Көлік басқарғанда мұқият болыңыздар!

Түркістан: Пробация қызметінде есепте тұрған тұлғалар тарапынан жасалатын қылмыстың алдын алу

Бүгін Түркістан қалалық полиция басқармасында қалалық пробация бөлімімен бірлескен іс-шара өтті. Жиынға Түркістан қалалық Полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев, қалалық пробация бөлімінің мамандары және басқарма қызметкерлері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты - есепте тұрған азаматтардың қылмыстық құқық бұзушылықты болдырмау, қылмыстың алдын алу және психологиялық кеңес беру.

Шара барысында пробация бөлімінде есепте тұрған азаматтарға мамандар тарапынан қалыпты өмірге оралудың оңтайлы жолдары түсіндірілді. Жиында сөз алған басқарма басшысы, полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев қызметкерлерді бірлесе жұмыс атқаруға шақырып, есепте тұрған азаматтарға қылмыс жасамауға, заңды құқықтары негізінде әрекет етуге үндеді.

Түркістан: Псевдосалафиліктің алдын алу

Қазіргі уақытта қоғамды алаңдатып отырған, әліде өзінің өзектілігін жоғалтпаған басты мәселелердің бірі – жат ағым. Қазақстан соңғы он бір жылдықта діни алауыздықтан ауыр зардаптарын шегіп келеді. 2011 жыл, 2012 жыл, 2016 жыл және 2022 жыл Қазақстан тарихында террорлық оқиғаларымен есте қалды. Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездері болған қанды қырғынды жат ағымының өкілдері жасады деп ресми мәлімдеген болатын. Ал 2022 жылы болған «Қаңтар оқиғасы» мемлекетіміз үшін зор сынақ болды. Онда елімізде деструктивті діни ағым деп танылған «Якин Инкар» ұймының мүшелері қатысқаны белгілі болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан Республикасының дін туралы заңында діни бірлестіктердің қызметіне толық бостандық берілді, яғни 1992 жылғы 15 қаңтарда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданып 2011 жылғы 11 қазанда өз күшін жойды. Бұл аралықта елімізге заң аясында көптеген халықаралық діни ұйымдар, соның ішінде  деструктивті діни ағымдар да шоғырланып үлгерді. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік ел болғасын, мемлекет өз азаматтарының белгілі бір рухани ғұрыптардың орындалуына кедергі келтірмей, діни таңдау құқығын мемлекет адамға (азаматқа) өз еркіне берілген. Әрине, мұның барлығы еліміздің тиісті заңнамасына қайшы келмесе. Яғни, адамның діни сенім бостандық құқығы өз еркінде, ал егер өзінің жат, теріс ойларын насихаттайтын болса, басқаларды тарта бастаса, онда мемлекет шектеу шараларын қолданады.

Дін – қоғамның ажырамас бөлігі болғандықтан әсіресе жастарымыздың діни санасы деструктивті ағымның ықпалынан адасып түсіп жатқандар да аз емес. Бүгінгі бұқара халықтың басым көпшілігі арасында псевдосалафизм сияқты деструктивті діни ағымға тыйым салу туралы мәселе көп көтеріліп жүр. Неліктен біз оған заң жүзінде тыйым салмаймыз? Себебі псевдосалафилер еш жерде ұйым ретінде тіркелмеген, олар қауымдастық ретінде әрекет етпейді. Ешкім ресми түрде: «Мен салафимін» деп жар салмайды. Біз бұл жеке адамдар екенін білеміз, олар өздерін Ислам дінін ұстанушыларымыз деп санайды, бірақ олар ұйым ретінде әрекет етпейді. Әйтседе, бұл – иделогия, көзқарас, ой, тек наным-сенімдер жүйесі ғана болып табылады. Бұл мемлекеттің тыйым салуды көздемейтіндігіне нақты дәлел. Бірақ, мемлекет осы деструктивті идеологияның таралуына тыйым салу құқығын өзіне қалдырады.

Дінтанушы сарапшылардың тұжырымына сүйенсек псевдосалафизм идеологиясы бастапқы кезде өзіндік ерекшеліктерімен көзге түссе, кейін қоғамға сіңісу мақсатында өздерінің ұстанымдарын өзгертумен айналысуда. Яғни идеологияларын трансформациялау арқылы қоғамның бір мүшесі ретінде өздерін жасыруға көшті. Мысалға қазақ жұртының қалың бұқарасы уахабистер өз атауын «салафиттер» деп өзгерткендігі туралы жақында ғана білді. Салафиттер өздерін Ислам шеңберіндегі жеке және «ең дұрыс» діни ағым ретінде жариялайды. Салафизм деген термин ХХ ғасырдың басында қалыптасқан, осы бағытты насихаттаушы Әлбани: «біз уахабилер емеспіз, салафиттер жолын ұстанамыз» деп жариялағаннан кейін өз атауларын өзгертуге себеп болған. Бұл оған дейін тарихта «Уахабилер қозғалысы» деп танылған. Салафизм мен уахабизм екеуі бір ұғым.

Салафизм  сөзінің шығу төркіне келетін болсақ, «салаф» деген алдыңғы өткен буын. Мұхаммед пайғамбар «ең қайырлы буын ол – менің буыным» деген. Ғұламалар пайғамбар, сахабалар өмір сүрген үш ғасырды қайырлы кезең деп атайды.

Псевдосалафизм идеологиясының заңды, мемлекеттік билікті мойындамайтындығы немесе қолдамайтындығы белгілі. Бұл тенденцияның мақсаты мемлекеттіліктің жалғыз түрі – халифат, ал шариғат – құқықтық реттеудің бірден-бір жолы деп есептейді және қасиетті құран мен хадисті теріс интрепретацялауға бейімделген идеология болып табылады. Псевдосалафизм идеологиясының ең маңызды элементі – ислам мемлекетін құру үшін күресу, жиһад идеясын бұрмалап тарату.

Бүгінгі таңда деструктивті діни ағым идеологияларын насихаттау біршама жүйемен іске асырылады. Ақпаратты кітап күйінде және интернет желісінде жаппай мыңдаған жалған діни ақпараттар таратумен айналысады. Осы материалдарды  сараптау мақсатында Қазақстанда төрт мемлекеттік органға әлеуметтік, табиғи немесе техногенді төтенше жағдайлар кезінде интернет және байланыс құралдарын бұғаттау құқығы берілді. Осы мекемелер тарапынан жыл сайын интернет ресурстарында 100 мыңға жуық сайттар, күдікті материалдар бұғатталуда.

Еліміздегі діни ахуалды тұрақты ұстау үшін мемлекет тарапынан аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ.  Тыйым салынған діни ағымдардың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылып, деструктивті діни ұйым өкілдерінің шырмауында кеткен адамдарды қоғам қатарына қайта қосу үшін әртүрлі шаралар қолға алынған. Жат діни ағымдардың іс-әрекеттеріне, экстремизмге тосқауыл қоюдың ең негізгі құралы ол – профилактика, яғни, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімді жүргізілуі және оңалту жұмыстарын ұйымдастыру. Экстремизмге қарсы күрес жүргізуді екі жолмен жүзеге асыруға болады: ең алдымен, «оқшауланып» кетпеген, экстремисттік идеологияның қақпанына түспеген халықты ескерту мен олардың арасында профилактикалық жұмыстарды белсендірек атқару арқылы. Мұндай жұмыстарға жоғары білімді, білікті теологтармен қатар, психологтар, педагогтар мен дінтанушылар, қоғамдық ұйымдар мен құзыретті органдардың қызметкерлері бірлесе үйлесімді атсалысып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тағы да тиімдірек жүзеге асыру қажет. Ал екінші жол бойынша «оқшауланған» идеологияға жақтасқандармен кешенді түрде тікелей жұмыс жүргізу, әрі оларды қайта оңалту жолдарын, айла-тәсілдерін зерттей отыра, ондай шараларды іске асыруды қолға алу бүгінгі күніміздің талабына айналды.

 

А.Дүйсен

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ теолог маманы