САЙРАМ: КӘМІЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДАҒЫ СУИЦИДКЕ ЖОЛ БЕРМЕУ КЕРЕК!

Сайрам ауданы әкімдігінде аудан әкімі Ұласбек Сәдібекұлының бастамасымен қазіргі уақытта ең күрделі мәселелердің бірі кәмелетке толмағандар арасындағы жалпы халық арасындағы аутодеструктивті мінез-құлық (суицид) бойынша жиын өтті. 2022жылы 8 шілде де өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық- демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруынмен аудан көлемінде осы бағытта қызмет атқарып жатқан аудандық ішкі саясат құрамындағы Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу қызметі секторын, аудандық полиция басқармасын, ауыл әкімдерін, аудандық денсаулық сақтау бөлімін, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімін, мәдениет және тілдерді дамыту спорт бөлімдерін қатысуында кеңес өткізіліп осы кеңесте аудан әкімі Ұласбек Сәдібекұлы барлық бөлімдерге нақты тапсырмалар беріп нәтижесін бір ай көлемінде қайта қарайтындығын және одан арықарай әр 3 ай сайын қарап отыратын осы отырыстарда қай мекемелер қалай қызмет жасап жатқандықтарын бақылауға алатындығын айта отырып бақылауды ішкі саясат бөлімі басшысы Сабит Реметовке тапсырды.

Соңғы уақытта аудан тұрғындары арасында суицид жағдайының тіркелуінің саны артуда. Ағымдағы жылдың 7 айында 54 тұрғын өз өмірін қиюға оқталған. Оның ішінде 17 аяқталған, 37 аман қалған жағдайы тіркелген.

Сарыағаш: Ұялы телефон ұрлаған әйел ұсталды

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ұялы телефонының ұрланғанын хабарлады. Оның айтуынша, қалалық сауда орталығында орналасқан дүкендердің бірінде оның сөреде тұрған құны 100 000 теңге болатын "ОPPO А5" маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркеді.

Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шығып, барлық қажетті іс-шараларды жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын маңдағы аумақтар мен бейнебақылау камераларын мұқият тексеріп шықты. Осылай жан-жақты ұйымдастырылған іздестіру шараларының нәтижесінде, тәртіп сақшылары қылмысқа күдікті әйелдің ізіне шықты. Сарыағаш ауданы көшелерінің бірінен ұсталған күдікті, АПБ-ға жеткізілді.

Белгілі болғандай, ұры оңай жолмен пайда табу мақсатында, қараусыз тұрған ұялы телефонды ешкімге білдіртпей жымқырып кеткен. Полицейлер күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.

Бөтеннің мүлкін ұрлауды болдырмау үшін Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және өз мүлкін сақтауға шаралар қабылдауға кеңес береді.

Ордабасы: «Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасы кезінде мас халде көлік басқарған жүргізуші анықталды

Полиция қызметкерлері «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шарасын жүргізуде. Оның мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы тұрғыда Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері патрульдеу жұмысын жүргізу кезінде Ваз-21102 маркалы автокөлігінің жүргізушісін қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін тоқтатты.

Полицейлер жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында, оның масаң күйіне күдіктенді. Сараптама нәтижесі бойынша жүргізушінің алкогольді масаң күйі анықталды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеп, әкімшілік хаттама толтырып, аудандық сотқа жолдады.

Ордабасы аудандық сотының үкімімен аталған құқық бұзушылықты жасағаны үшін, жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Аталған шара кезінде тағы бір Ваз-21102 маркалы автокөліктің жүргізушісі тоқтатылды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жүргізуші көлік құралын басқару құқығы жоқ адам бола тұра спирттік ішімдік ішіп, көлік басқарған.

Полицейлер ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша хаттама толтырып, іс құжаттарды аудандық сотқа жолдады.Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға жүргізуші куәлігінсіз және мас халде көлік басқармауға кеңес береді.

Төлеби: Алаяқтық жолмен біреудің атынан онлайн несие рәсімдеген

Төлеби АПБ-ға алаяқтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, алыс танысы оның банк қосымшасы арқылы өзіне ақша аударып аламын деп алдап, 600 мың теңгеге атынан несие рәсімдеген.

Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Осындай жолмен тұрғынды алдап, өзінің құрығына түсірген алаяқ адамды ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру іс-шаралар барысында, ақпарат көздері арқылы 2 тәулік ішінде күдікті ұсталды. Тәртіп сақшылары алаяқты өзінің тұрғылықты үйінен тауып, ПБ-ға жеткізді.

Полицейлер күдікті деп танылған жергілікті тұрғынның ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жібергенін анықтады. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардың айласына алданбай, барынша абай болуды ескертеді. Ақшаңызды, банк кәртішкеңіздің құпия сандарын ешкімге айтпауды және бермеуді ескертеді.

ТҮРКІСТАН: БАС ПОЛИЦЕЙ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Түркістан облысындағы Ақжайық музыкалық мектебінің залында Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Бауыржан Жанаевтың ұйымдастыруымен ауқымы кең, тәлім-тағылымы зор іс-шара өткізілді. Жиынға полиция подполковнигі Б. Жанаев пен жеке құрам қызметкерлері, Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшелері қатысты. Кеңес отырысын Түркістан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов жүргізді.

Мұндағы негізгі мақсат – үлкенге құрмет көрсету, ардагерлер арқылы ұлттық құндылықтарымызды жастар бойына сіңіру, облыс орталығындағы тәртіпті қадағалау, әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау, қылмыстың алдын алу және қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы аталған іс-шаралардың барлығында ақсақалдармен бірлесе отырып, тиісті жұмыстарды атқару мәселесі қаралды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мен ардагерлердің арасындағы байланысты нығайту, халықпен тиімді әрі тығыз қарым-қатынас орнату, сервистік полиция мен жұртқа жақын полиция қағидаты бойынша жобалардың орындалуын қарау да назардан тыс қалмады.

Келелі кездесуде Түркістан ҚПБ бастығы полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев, жыл басынан бері тәртіп сақшыларымен атқарылған жұмыстарды баяндай отырып: «Ең бастысы қолжетімді, ашық полиция болу жолында үлкен жұмыстар атқарылуда. Осы ретте сіздердей алдыңғы буын қарттарымыздың ақыл-кеңестері біз үшін ауадай қажет. Сіздермен бетпе-бет кездесіп, тығыз байланыс жасап, ұрпақтар сабақтастығын жалғағандаймыз. Аман болыңыздар!» -деп атап өтті.

Өз кезегінде қаланың көзі қарақты қариялары жаңа басшының жұмысына сәттілік тілеп, құттықтау сөздерін арнады. Одан бөлек, қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғындар тыныштығын қамтамасыз етуде қала аумағында атқарылған жұмыстардың кем-кетігін айтты. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ойын-сауық орындарында ішімдік сатуды азайту, демалыс және қоғамдық орындарда орын алатын кикілжіңдердің тіркелуіне жол бермеу, кісі өліміне алып баратын жайттарды болдырмау, жалпы қылмыстың алдын алу, қала тыныштығы – бірінші орында тұруы керегін алға тартты. Осылайша ардагерлер мен полицейлер арасында тағылымы мол әңгімелер өрбіді. Келелі кездесудің соңында ардагерлермен естелікке суретке түсу рәсімі өтті.

ШЫМКЕНТ: ЕТ ӨНІМДЕРІН АРТТЫРУ МАҢЫЗДЫ ІС

2022 жылдың I-жарты жылдығында ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 114,4 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,3 млн. АҚШ долларына артты. Тамақ өнімдерінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның көлемі 2,3 млрд. теңгені құрады. Тек тамақ өнеркәсібіне тартылған инвестиция өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,1 есеге өсті. Бұл туралы қала әкіміне есеп беру кезінде ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Жанбатыров баяндады.

Биылғы жылы 30 мың га егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 6 айда 40,7 мың тонна өнім жиналды, жыл соңына дейін 90,1 мың тонна өнім алу жоспарлануда.

Ал, мал шаруашылығында ірі қара мал саны 79,7 мың басты, қой мен ешкі саны 71,8 мың басты, жылқы – 14,4 мың басты, құс 977,6 мың басты құрады. 6 айда қалада 5,3 мың тонна тауық еті, 27,1 мың тонна сүт, 69,1 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Салада құны 11 млрд. теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асады. Атап айтсақ: қайта өңдеу 3 жоба, өндірістік жылыжай кешені 4 жоба, сақтау қоймасы 2 жоба, тауарлы сүт фермасы 2 жоба, құс шаруашылығы 3 жоба. Нәтижесінде жаңадан 274 жұмыс орны ашылып, қалада көкөніс өндіру көлемі – 2 мың тоннаға, сүттің көлемі – 8,5 мың тоннаға, жеміс-көкөністерді сақтау 13 мың тоннаға, жұмыртқаның саны – 125 млн.дана, сүтті қайта өңдеу саласы – 2,7 мың тоннаға, құс етін өндіру – 5 мың тоннаға ұлғаяды және жеміс/көкөністерді қайта өңдеу – 6 млн. банка консервілейді.

Қала әкімі М.Әйтенов жиын қорытындысында - азық-түлік бағасына үнемі бақылауда ұстап, ет өнімдерін арттыруға бағытталған шаруашылықтардың өнімдерін делдалсыз саудалау үлесін арттыруды тапсырды.

Қазіргідей күрделі кезеңде экономиканың өсу қарқынын сақтай отырып, жеделдету аса маңызды міндет. Халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құру, экономиканы әртараптандыру жұмыстарын барынша күшейту қажет. Бұл үшін үкімет 2022 жылға арналған іс қимыл бағдарламасын іске асыруда. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленді. Әкімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыруға ерекше көңл бөлуде. Ол үшін қажетті механизмдердің бәрі бар.

 

ШЫМКЕНТТЕГІ "ТАЛАНТ" МЕКТЕБІ ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫН!

2020 жылдан бастап еліміздегі барлық қалалық мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Аталған жүйе Шымкент қаласында өз нәтижесін беруде. Былтыр 21, биыл 20 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынуда. Қала әкімі М.Әйтенов әрбір мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында, білім беру ұйымдарын аралап көруде.Шаһар басшысы атбасын бүрған алғашқы білім ордасы - «№1 TALANT» жалпы білім беру мектебі болды.

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы, Ә.Жангелдин көшесі, №13 ғимаратта орналасқан «№1 TALANT» жалпы білім беру мектебі 1200 орындық, 5 қабаттан тұрады. Жобаға сәйкес 60 оқу бөлмесі, 48 кабинет, асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет бар.

Аталмыш мектеп оқу жылына балаларды қабылдауға толығымен дайын.

Келесі кезекте шаһар басшысы  - Әл-Фараби ауданы Қонаев даңғылында «OSCAR» лингвистикалық элиталы 480 орындық жекеменшік бастауыш мектебіне барды.

Мектеп 3 қабатты, 30 оқу бөлмесінен тұрады. Асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет те қарастырылған. Мектеп жаңа оқу жылына 95 пайыз дайын. Бүгінде мұнда жиһаздар қойылуда. Акт, спорт залға жұмсақ төсеніштер қойылып, асханаға қажетті заттарды да орналастыруда.

Айта кетейік, Шымкентте өткен жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Биыл жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 24 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады. Шымкентте үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Қаламызда жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. Биылғы жылы қолданысқа берілетін 24 мектептің 20-сы жеке инвестор есебінен.

ТҮРКІСТАН: ДІНИ САУАТ АШУ КУРСТАРЫН АШУДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Түркістан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы, «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің маманы   Бекжан Кашкинбаев осы тақырыпта жиын өткізді. Онда ол жастардың діни сауаттылығын көтеру керек екенін айтады.                                                

-         Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар.  «Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері біз асыл дінімізді тереңірек танып білуге мүмкіндік алдық.

Тарихқа көз жүгіртсек, байырғы замандардан-ақ қазақтың небір ғұламалары әуелі сауатын медреселерде ашқан. Ұлы Абайдың да медреседен тәлім алғаны белгілі. Міне, осындай діни оқу ордасының берген білімінің тиянақтылығы, құнарлылығы арқасында ол адамдар қазақтың ірі-ірі тұлғаларына айналды.

Сол дара жолдың ізімен, қазір еліміздегі көптеген облыстық, аудандық, қалалық мешіттер жанынан көпшілікке арналған діни сауат ашу курстары ұйымдастырылған.  Ислами білім берудің бастауыш деңгейі – діни сауат ашу курстары жетілдіру мақсатындағы бірқатар өзгерістерді қажет етеді. Өйткені діни сауат ашу курстары көпшілік арасындағы ислами ағартушылық жұмыстарын жүйелі түрде және кең көлемде жетілдіруге  мүмкіндік беретін басты тетік болып табылады.

Жастардың діни сауаттылығын арттыру үшін маңызды қадамдар жасалуы керек. Және ислам дінін бір жақты қарамай, ілімге қаншалықты көңіл бөлумен қатар, сауатты болуға қаншалықты ынталандырады деген мәселені қарастыру да аса маңызды. Өйткені, жастардың арасында діни сауатсыздықтың салдарынан өзге ағымға кетіп жатқандары немесе исламдағы айтылған хадис мәтіндерінің мағынасын тікелей түсіну арқылы, сауатсыздыққа жол ашып жатқанын қазіргі қоғамымызда көрініс тауып отырған жағдайлар куә бола алады. 

Жастардың діни сауаттылығын арттырудың негізгі мақсаты жастардың қиын сәттерде дербес, жан-жақты салмақталған шешім қабылдауына қажетті сыни тұрғыда ойлау машығын қалыптастыру болуы тиіс. Осы білімдерді қолдана отырып, әлемдік дәстүрлі діндер мен радикалды діни ұйымдарды ажырата алады. Алға қойылған мақсат жастар мен жасөспірімдердің діни сауаттылығын дамытуға: арбау әрекеттеріне қарсы тұру мен залалсыздандырудың жеке мінез-құлықтық алгоритмін қалыптастыруға, адамгершілік және этикалық құндылықтары бар, отаншылдық пен толеранттылықты қалыптастыратын әлемдік және дәстүрлі діндердің, деструктивті діндердің негіздерімен танысуға ықпал етеді. 

         Бәрімізге белгілі қазіргі келіп жатқан ислам ағымдары және басқа да дін ағымдары бар. Олардың көздеген мақсаттары өсіп, өніп келе жатқан еліміздің тыныштығын бұзу, арамызға іріткі салу. Мұндай ағымдарға қара домалақ қазақтарымыздың кіріп кетіп жатқаны да қаншама.  Бұл ағымдардың жетегінде жүруіне екі негізгі себепті атап айтсақ болады.

Біріншіден,  сауаттылық мәселесі. Яғни діни сауаттылықтың өте төмен болуы. Екіншіден,  әлеуметтік жағдай. Материалдық жағынан дұрыс қамтылмаған кедей, мемлекеттен үмітін үзген отбасыларды материалдық жағынан қамтамасыз етеміз деп қызықтыру арқылы өздерінің қатарына қосып жатқандығын айтуға болады. Әрине, елдегі барлық адамды материалдық тұрғыдан толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Бірақ елді діни сауатты етуге болады. Қазіргі діни рәсімдер жасалатын орындарға баратын болсақ, ол жердегілердің басым көпшілігі жастар. Дінге деген жастардың қызығушылығы күннен күнге артып келе жатыр. Енді сол жастарымызға дұрыс бағыттағы діни білім және тәрбие беретін ата-аналардың діни сауатылығының жоқтығы ащы да болса өмір шындығы. Сондықтан жастарымыздың діни сауатын ашу қазіргі кездің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.

         Мұндай білім жүйесінің мақсаты – дін туралы түсінікті дұрыс қалыптастыруға, шетін көзқарастардан сақ болуға, өзге діндер мен сенімдерге құрметпен қарауға, дәстүрлі рухани құндылықтарды қадірлеуге, «имандылық» ұғымын дұрыс түсінуге және бағалай білуге жетелеу. Сондықтан заман талабына сәйкес  діни және дінтанулық білімнің өзара тиімді түрде игі мақсатқа қызмет етуінің жан-жақты мүмкіндіктерін жете қарастырған жөн,-дейді Бекжан Кашкинбаев. 

ТҮРКІСТАН: ЖАСТАР ЖӘНЕ ДІН

Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, ойлау санасына және олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты.Бүгінгі таңда Қазақстанның халық саны 19 миллионға жеткендігін және 4,2 миллионнан астам адам  (немесе 23 пайыздан жоғары) жалпы алғанда – бұл 14 жас пен 29 жастар аралығындағы жастар екендігі мәлім.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Түрлі жаңа технологияларды тез меңгеретін, жаңашылдыққа дайын болатын, жаңалықтар мен тың идеяларға серпін беретін қоғамның ең өзекті бөлігі жастар екендігі даусыз және де қоғамның ең иілгіш және сенгіш тобы деп айтсақ та артық болмас.

Тәуелсіз еліміздің кішкене ғана ғұмырында дін саласы көптеген өзгерістерге еніп келеді. Жастардың діни сауаттылығы – қазіргі қоғамда күрделі әрі өзекті мәселелердің бірі. Жастардың рухани санасын оятуда діннің алар орны ерекше. Ұлттың бүгіні мен келешегі – білімді жастың қолында. Анығырақ айтқанда, тарихын терең білетін, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады. Адам діни сауаттылығын арттыру арқылы қоғамға, қоршаған ортаға деген көзқарасы қалыптасып, кемелдену құбылысы жүзеге асады. Жастардың рухани және діни сауатты болуы – кезек күттірмес мәселелердің бірі. Көп нәрсе білімсіздіктен туатыны даусыз.

Өкінішке орай, теріс діни ағымның ығына жығылған жастарымыздың саны бір кездері күрт өсті. Жаһандану дәуірінде түрлі-түрлі рухани қауіп-қатерлердің бар екендігі және жастарды «бұқаралық мәдениеттің» зиянды әсерінен қорғау маңызды рөл атқаруда. Өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың санасын бөтен идеялардың ықпалынан қорғау, ақпараттық шабуылдарға қарсы идеологиялық иммунитетті қалыптастыру, қылмыстың, құқық бұзушылықтың, нашақорлықтың, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға көмектесу, жастарда патриотизм сезімін арттыру қажет. Өскелең жас ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін дұрыс қалыптастыру, оны түрлі қауіп-қатерлерден қорғау, сананы көтеру – рухани-ағарту саласындағы басты мақсаттардың бірі.

Жастарымыздың жат діни ағым жетегіне кетудің ең алғашқы, басты себебі – діни білімсіздік. Дінге толық таныммен, біліммен келмей шала сауатпен, эмоционалды сезіммен келіп, өзінің қалай адасқанын аңғармай жатады. Білімсіз адамның өзіне деген сенімсіздігі, дін төңірегіндегі сұрақтар туралы кішкене болса да ақпараттың болмауы, ненің ақ? ненің қара? екенін ажырата алмай жатады. Жат ағым жетегінде жүрген азаматтардың басым көпшілігінің діни сауаты жоқ.

Келесі бір жастарымыздың адасуына себепкер – ғаламтор мен әлеуметтік желілер. Өкінішке орай, әлеуметтік желілер мен ғаламтор беттерінде тыйым салынған уағызшылардың уағыздары, экстремистік сипаттағы топтардың әлеуметтік желілерде, адамды қызықтыратын түрлі материалдармен бөлісуі, жастардың ақпарттарды дұрыс сүзгіден өткізе алмауы адасуға әкеліп соғуда. Әлеуметтік желілерде ақпараттардың ашық болуы, әр алуан мағлұматтардың көптігі жастарымыздың санасының улануына себепкер болуда.

Теріс жолға түсіп кетпеудің, идеологияның құрбаны болмаудың тағы бір өзекті мәселелерінің бірі – отбасыдағы тәрбие. Әке-шешенің, туған-туыстың беретін тәрбиесінің мардымсыздығы немесе ата-анасы толық емес отбасылардан шыққан балалардың, жан жылулығын жанұядан таппай, көшеден іздейтіні тағы бар. Күн-көрістің қамымен жүріп, күйбең тіршіліктің соңына ілесіп, балаға тәрбие беруге келгенде өкінішке орай, салғырттыққа салынып жатырмыз. Әл-Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» - деген даналық сөзі еріксіз еске түседі. Ұяда дұрыс тәлім-тәрбие ала алмаған бала, ұшқанда тағдырдың қатал қатпарларына соғылары анық.

Жалпы қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы және жұмыссыздық. Тұрақты табыс көзі жоқ азаматтар, арам пиғылды дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің құрығына тез ілігеді. Жұмысқа тұрғызу, қаржылай көмек беру, баспанамен қамтамасыз ету секілді тұрмыстың жақсаруына себепкер болатын дүниелерді ұсынып, өздерін жақсы көрсетіп, қарапайым халықтың адасқан екендігін түсіндірумен әлек болып жатады. Тұрмыстық тауқыметтің ауыр кезеңінде қол үшін берген азаматтардың қандай да бір өтінішін немесе бұйрығын орындау ол азаматқа түкке тұрғысыз оп-оңай іс болып қалады. Өзін лаңкес санап, түрлі жан түршігерлік оқиғаларға барып жатқан азаматтарды мысалға келтіре аламыз.

Тағы да бір әсер ететін фактордың бірі – психологиялық күйзеліс. Жас кезінде алған кейбір психологиялық соққы, болашағының бұлыңғырлануына себепкер болуы әбден мүмкін. Отбасындағы зорлық-зомбылық, ата-анасының немесе жақын туыстарының ішімдікке, нашақорлыққа әуес болуы, достарының арасында абыройсыздық немесе белгілі бір жағдайларға байланысты өзін жайлы сезіне алмауы, кейбір жағдайларда өзінің жасаған ісінен қатты қорқуынан, ұялуынан, ыңғайсыз сезінетіндігінен психологиялық күйзеліске ұшырап, ауыр соққы алуы әбден мүмкін. Осындай қиын қыстау кезеңдерде жанында демеу болатын адамның табылмауына байланысты, жат ағым жетегіне еріп жатады. Ағым өкілдері арасында азаматтың бұрынғы өмірі маңызды емес екендігін түсіндіріп, сынақ екенін айтып жанын тыныштандыру арқылы сеніміне кіріп, бауырмалдық сезімін ұялатады. Жақын адамы көрсетпеген жан жылулығын, өзгеден табу арқылы өзінің қалай ағым мүшесі болғанын білмей қалған жәйттер кездесіп жатады. Мысалы ретінде кейбір қыз-келіншектердің дәстүрлі емес ағым соңына еріп кеткендігін айта аламыз.

Адамның қоғам ортасында өзінің орнын таба алуына себепкер болатын тағы бір фактор – өскен ортасы, құрбы-құрдасы, достары және жұмыс орны. Халық даналығындағы: «Достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтайын» - сөзі босқа айтылмаса керек. Балалық шақтан бірге өскен ортасы қандай болса, бала сол жақа бүйрегі бұрып тұратыны анық. Байқасаңыз, иманды, діни ортада өскен бала барынша діни азамат болып өседі, спортқа әуес болған балалар, белгілі бір деңгейде спортқа ден қойған, физикалық мығым болып келеді. Өкінішке орай, зиянды іс-әрекеттер жиі орын алатын орталарда, жамандыққа бір табан жақын болып өсетіні анық. Адам баласы толықсыған шағында ұядан ұшып, өз күнін өзі көре алатындай жағдайға жеткенде, ақ пен қараны ажырата алатындай дәрежеге жеттім деген кезде, жұмыс орнындағы адамдардың ой-пікірі діни ағым жетегінде кетуге себепкер болуы әбден мүмкін. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын адамдар арасында, құрылыс материалдарын сататын сауда орталықтарында, базарларда, сауда үйлерінде кейбір азаматтардың дәстүрлі емес ағым жетегіне еріп, жаңа бір бауырларымен өзін жайлы сезінетіндігін құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр.     

Дәстүрлі емес діни ағымдардың шоғырланған келесі бір орны – күмәнді діни оқу орындары. Еліміздегі жастардың санасының улануына, шет елдерде күмәнді діни оқу ордаларында білім алған азаматтардың тигізген зияны орасан зор. Тәуелсіздіктен кейін, шекаралар ашылып, шет елдерде білім алу қолжетімді болған сәтте, қазақ жастары жапа-тармағай шет елдерге жөнелді. Ең өкініштісі, ол жақтарда біздің ұлттық дәстүріміз бен дінімізге сәйкес келмейтін, басқа бір біліммен сусындады. Шетелге барған, діни сауаты аз жастар, заңсыз хужраларда, тіл курстарында сабақ беретін «шейхтардың» улы уағызын бойына сіңіріп, елге қайтады. Елімізге оралған кезде, әр жерлерде қызметке орналасып жастардың улануына себепкер болды.

Қорытындылай келе, жоғарыда көрсетілген түрлі факторлардың шешімін тауып, жастарға жол көрсетіп, жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беру – аға буынның міндеті. Қоғам арасындағы ең белсенді және әлсіз, сенгіш, өмірді тануға деген қызығушылығы жоғары жастардың тобына сенім білдіріп, қолдау керек. Барлық мәселелерді жастардың өзі кінәлі дегенге алып келмей, ел болып, жұрт болып бірге атсалысуымыз қажет. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіріп жүріп қызмет ететін жастарды тәрбиелеуіміз керек. Діннің адалдығына еремін деп, жат пиғылды теріс діни ағымдардың алдауына түсіп қалмайық.

ШЫМКЕНТТЕ ЖІП ШЫҒАРАТЫН ЖАҢА КӘСІПОРЫН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Биыл алғашқы жартыжылдықта өткен жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда өнеркәсіп өнімі 10,1 пайызға өскен. Нәтижесінде, биыл инвестиция көлемі 52,8 млрд теңгені құрайтын 16 өнеркәсіптік жоба жүзеге аспақ.

Солардың бірі - аралас иірілген жіп шығаратын «Azala Cotton» зауытының екінші цехы. Инвест жобаның құны – 1,9 млрд теңге. Жылына 2500 тонна өнім өндіретін жоба жыл соңына дейін іске қосылғанда 200 адамға жұмыс орны ашылады. Өнімнің 100 пайызы ішкі нарыққа арналған.

Сонымен қоса, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Бал Текстиль» кілем және кілем өнімдерін шығаратын кәсіпорын өзінің 4-ші жаңа жобасын іске қосып, өнім қуаттылығын арттыруда. Құны - 2,5 млрд.теңге болатын жоба жылына 1,4 млн шаршы метр өнім шығаруға қауқарлы. Фабрика өндірісі жыл соңында толығымен іске қосылғанда 90 адам жұмыспен қамтылатын болса, өнімнің 70 пайызы ішкі, 30 пайызы сыртқы нарыққа шығарылады. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталған, техникалар толықтырылуда. «Bal Tekstil» кілем фабрикасы еліміздің жеңіл өнеркәсібі көшбасшысы болып танылған. Фабриканың өндірістік қуаты жылына 4000 тонна полипропилен жібін және 5 млн шаршы метрден астам кілем мен кілем бұйымдарын құрайды. Кәсіпорын 2013 жылы «Оңтүстік» АЭА аумағында өз өнімін шығара бастады. 2015 жылдың екінші жартысынан бастап «Бал Текстиль» экспорттық нарықтарды игере бастады. Ал бір жыл бұрын Қазақстанда жасалған кілемдерге әлемге әйгілі IKEA компаниясы назар аударды. Бұл Швед брендінің мерзімсіз келісімшарт жасасқан Қазақстанның алғашқы кәсіпорны. Айта кетейік, Шымкент қаласында 2020 жылы Бал текстиль кілем зауыты жанынан «Бал декор» принт кілемдері мен кілемшелерін өндіретін зауыт ашылған болатын. Кілемшелер заманауи үлгіде тоқылуда.