Шымкенттегі үш дегейлі жолайрық 70 пайызға дайын

Шымкент қаласы Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында салынып жатқан үш деңгейлі жолайрық құрылысында жұмыстың 70 пайызы атқарылған.

Бұл туралы БАҚ өкілдеріне арнап өткізілген баспасөз туры барысында Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев мәлімдеді.

Басқарма басшысының мәліметінше, жобаға сәйкес, жолайрықтың төменгі деңгейінде Арғынбеков көшесінің бойында ашық тоннель салынып жатыр. Басқарма басшысы бұл құрылыстың таяуда аяқталып, нысанның мамыр айында пайдалануға берілетінін айтты. Ал, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасады. Қазір 1-ші және 4-ші оң жақ бұрылыстар көлік қозғалысы үшін ашық. Мамыр-маусым айларында 2-ші және 3-ші оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол ашылады. Осылайша жүргізушілер Бәйдібек би даңғылымен де, Арғынбеков көшесімен де жүруіне мүмкіндік пайда болады. Ал, жолайрықтың жоғарғы деңгейінде Бәйдібек би даңғылын бойлай салынып жатқан эстакада қазан айында ашылады деген болжам бар. Құрылыс жұмыстары жылдың соңына дейін толығымен аяқталады. Құрылыс жұмыстарына 35-тен астам техника жұмылдырылған. Құрылыс аумағында 2 ауысыммен 200-ге жуық адам жұмыс істеуде.

Мұнан бөлек БАҚ өкілдері А-2 жолының қайта құру жұмыстарымен және Д.Қонаев даңғылының бойындағы ағымдағы жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты.

Шымкентте 30 мың отбасыға азық-түлік себеті таратылады

Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады. Осыған орай, пітір садақа мөлшері 535 теңге болып бекітілді. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықты ҚМДБ Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов мәлім етті.

Бас имамның айтуынша, қаламыздағы 45 мешітте «Рамазан шатыры» жайылып, онда күнделікті ауызашар ұйымдастырылады. Қасиетті айдың құрметінде қаладағы 5 ауданның орталық мешітінде қала әкімдігімен бірлесе ауызашар себетін үлестіру жоспарланып отыр.

Өткен жылы 30 мың отбасыға азық-түлік себетін тарату көзделген болатын. Жомарт жандардың қайырлы істерге деген белсенділігінің арқасында 34 мыңға жуық отбасыға Рамазан себеттері үлестірілді. Биыл да осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстарын жандандырғалы отырмыз. Халық арасында Рамазан, садақа, зекет туралы көбірек мәлімет алғысы келген жандар үшін биыл «Рамазан Call-Center» қызмет көрсетеді, яғни 8-708-478-48-72 нөмірі арқылы жамағаттың сұрақтарына жауап беріледі, -деді қаланың бас имамы.

Биылғы Рамазанның ерекшелігі – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен қатар келіп жатыр. Мұндай сәйкестік 33 жылда бір келеді екен. ҚМДБ Шымкент өкілдігі қасиетті айдың табиғаттың оянуымен қатар қоғамдық іс-шараларды ұйымдастыруға басымдық беріпті.

Брифинг барысында кәмелеттік жасқа толмағандардың ауыз бекітуі туралы да пікір айтылды.

Шариғатымыз бойынша балиғат жасына жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. ҚМДБ-ның талабы бойынша 17-18 жас – балиғат жасы болып бекітілген. Балиғатқа толмаған жас балаға ораза ұстау міндеттелмеген. Екіншіден, кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның ағзасында әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін. Сондықтан мектеп оқушылары ораза кезінде ең алдымен сабаққа көңіл бөлуі керек, - деді қаланың бас имамы Б.Әбдірахманов.

Айта кетсек, Рамазан айында Kaspi.kz қосымшасы арқылы зекет, садақа беру қаралған.

Шымкентте ұлттық құндылықтар дәріптелді

17 наурыз – «Тарихқа тағзым» күні. Осы орайда «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қазақы салт-дәстүріміз бен ұлттық өнерімізді дәріптеген мейрамда жұртшылыққа арнап наурызкөже ұсынылды, бауырсақ таратылды. Келушілер ұлттық ойындарымыз арқан тартыс пен тоғызқұмалақтан сайысып, қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.

«Тарихқа тағзым» күні – тарихымызды ұмытпай, жастарымызға ұлттық құндылықтapды ciңipу, оларды ұлттық pухта тәpбиeлеу, сонымен қатар төл тарихын білуіне, eлiнe, жеріне дeгeн cүйicпeншiлікті арттыру мақсатында тойлануы өте орынды. Ертеңгі күні елге иелік ететін жастарымызды тарихты тануға, салт-дәстүрді, баба тілімізді құрметтеуге, төл тамырынан ажырамайтын өресі мықты етіп өсіру – біздің міндетіміз. «Тарихқа тағзым күнінің» осындай үлкен миссиясы бар, – дейді «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінің басшысы Мадина Кенжеқұлова.

Мадина Кенжеқұлованың айтуынша, мерекеге «SCAT» авиякомпаниясы, «Бал текстиль» зауыты, «Go-Kino, «Шымкент концерт» мекемелері және «Айжамал тәттілері» демеушілік көрсеткен. Демеушілер есебінен өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар үйінің бүлдіршіндеріне арнайы сыйлықтар үлестірілді.

Сонымен қатар, бүлдіршіндерге жас ұрпақтың тарихқа деген қызығушылық пен құштарлығын ояту үшін тарихи жанрдағы фильмдер ашық аспан астында көрсетілді.

Мерекелік іс-шара тарихи кешенде күні бойы жалғасатын болады.

Шымкент: Он алты тәулік ішінде мас халде көлік басқарған 50-ге жуық жүргізуші анықталды

Жол көлік оқиғасы, ондағы жол апаттары өздігінен орын алмайды, тиісті ережелердің қандайда бір талаптарын сақтамағандықтан болады. Осындай әрбір оқыс жайтта - адамдардың өмірі, тағдыры мен денсаулығы тұрады.

Жол апатына ұшырататын, оның ішінде кісі өліміне әкеліп соқтыратын деректердің дені - автокөлікті аса жылдамдықпен басқарудан бөлек, рөлге мас халде отырған жүргізушілердің іс-әрекеті және оның салдарынан туындайды.

Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты Патрульдік полиция полкінің инспекторлары жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады. Қала аумағында наурыз айынан бастап 48 жүргізуші мас халде көлік басқарғаны анықталды.

Жүргізушілерге қатысты сараптама тағайындалып, қорытындысына сай олардың мас халде екендіктері белгілі болды. Полиция қызметкерлері аталған жайттарды ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеуге алды.

Жинақталған іс құжаттар заңды шешім қабылдау үшін қалалық сотқа жолданды. Осылайша спирттік ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген жүргізушілер сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.

Айта өтетін ақпарат, масаң күйде көлік басқарудың салдары – қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін.

Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

 

Шымкенттегі 40 көп қабатты тұрғын үй жөндеуден өтеді

Шымкент қаласының тұрғын үй қорын реновациялау және қайта жаңғырту (модернизация) бағдарламасы бойынша арнайы баспасөз-туры ұйымдастырылды. Жаңа бағдарлама тозығы жеткен ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр.

Қазіргі уақытта бұл мақсатта арнайы штаб құрылды. Биыл реновация бағдарламасы бойынша тұрғын үй иелері келісім берген жағдайда 6 тұрғын үйді бұзуға ұсынылу жоспарлануда. Қазіргі таңда тұрғындарға бағдарлама шарттары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу - меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.

Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын-жай меншік иелерінің келісімін алып, "Shymkent" ӘКК" АҚ- мен келісімшарт жасасады. "Shymkent" ӘКК" АҚ өкілі Бақтияр Шабданов инвесторға және тұрғындарға бағдарламаның шарттарын түсіндіріп берді.

Атап айтқанда, Елшібек батыр көшесі, 91 үйдің тұрғындары бағдарламаға қатысуға келісімін беріп отыр. Инвестор тозығы жеткен үйдің орнына 9 қабатты зәулім үй салуды жоспарлауда. Осы ретте акционерлік қоғам инвестордың ұсыныстарын қарап, құжаттарын зерделеуден өткізуде. Тиісті келісімдер жасалғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.

Сондай-ақ, биыл 40 көп қабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылмақ.

Шымкентте жастарға ой салатын жиын өтті

Шымкентте «Отбасың — алтын діңгегің» атты жастар арасында кездесу өтті. Кездесуге Әл-Фараби аудандық аналар кеңесінің төрайымы Тұрсынай Барлыбаева мен аналар тобының мүшелері Салима Бейсебаева, Разия Құлымбетова, Ләззат Сейдазимова, Райхан Нарымбаева, Жастар ресурстық орталығының психология бөлімінің басшысы Айгүл Шымтөреева және Политехникалық колледж студенттері қатысты.

Кездесуді ерекше форматта ұйымдастырдық. Ақ жаулықты аналар ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерді, отбасы құндылығын, отбасындағы еркек пен әйелдің рөлін сахналық көрсетілімдермен ұғындырды.

Қазіргі таңда жас отбасылар арасында ажырасу жағдайы жиі кездеседі. Бұл мәселені шешу үшін әрбір отбасындағы ерлі-зайыптылар бір-біріне түсіністікпен қарап, бір-бірін сыйлай білу керек. Бүгінде отбасындағы ер адамға қарағанда әйелдің рөлі басымырақ. Қандай жағдай болмасын, қай кезде де еркек адам әйелден бір саты жоғары тұрады. Сол кезде отбасында ата-ана, балалары да әрқашан тату-тәтті өмір сүреді. Жастармен бірлесе дайындаған сахналық көріністе осы ойлардың бәрі айтылады. Мұның өзі жастарға ой салып, тәлім-тәрбие береді деген ойдамын, - деді Айгүл Шымтөреева.

Колледж студенттері аналармен бірге отбасы жайлы сахналық көріністерді дайындады. Бұдан жастардың ұғынатыны көп. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды, сол жағдайда бір ғана ұстаным – бір-біріне кешірімді болу. Сонда ғана шаңырақта сыйластық пен түсіністік болады деген студенттер осындай жиындардың жастрға берері көп дейді.

Айта кетейік, жастар арасында мұндай кездесулер қаламыздағы оқу орындарында аға буынның қатысуымен тұрақты өтіп келеді.

 

Шымкентте жыл басынан бері 70 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталды

Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы іске қосылып, өз нәтижесін беріп жатыр. Осы ретте Шымкент қаласының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алып келеді.

Мәселен, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап, «Сергек Қорғау - қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен миллионды қала - Шымкентте 68776 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде, жалған мемлекеттік нөмір тағып жүрген – 11, автокөлік терезесін күңгірттеп алған – 434, тиісті рұқсатынсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарған – 429 тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. Қозғалыстың қарсы жолағына шыққан – 86, бағдаршамның тыйым салынған түсіне (сигналына) өтіп кеткен – 393, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген – 276, мас халде көлік басқарған – 245, көлік құралын басқаруға құқығы жоқ 158 жүргізуші белгілі болды. Сондай-ақ, басқару құқығынан айырылған – 17, өзге де құқық бұзушылықтар бойынша – 66727 хаттама толтырылып, 1579 автокөлік айыптұраққа жеткізілді.

«Қорғау – қауіпті жүргізуші» бағдарламасының көмегімен жыл басынан 886-дан астам жол қозғалысы ережесін бұзған 286 жүргізуші ұсталды.

Айта кететін жайт, жол қозғалысы кезінде ережені ескермейтін жүргізушілер үлкен қауіп төндіреді.

Ойланбастан жасалған сәтсіз тәуекелдің соңы орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Осындай апаттың алдын алу барысында «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларының жұмысын жеделдетті. Яғни, автоматтандырылған жүйенің көмегімен қауіпті жүргізушіні тез арада анықтауға мүмкіндік туды.

Десек те, әр азамат жол ережесін мұқият сақтауы қажет. Жол қателіктерді кешірмейді!

 

Шымкентке инклюзивті театр келді

Шымкентке "Действие Буквально " Алматы инклюзивті театрының әртістері келді. Бұл Орталық Азиядағы алғашқы инклюзивті театр зертханасы. Труппа құрамында кәсіби әртістер, режиссерлер, музыканттар және психикалық даму ерекшеліктері бар адамдар бар.

Біздің қаламызда Алматыдан келген қонақтар өздерінің білім беру бағдарламасының семинарын өткізді. Мұндай семинарды Шымкентте "Ерекше жол" қоғамдық қорының арқасында өткізу мүмкін болды. Оның өкілдері атап өткендей, қор инклюзивті театр идеясына қызығушылық танытып, оны қаламызда насихаттауға ниетті.

Үш күн ішінде бағдарлама жаттықтырушылары кәсіби инклюзивті труппа құру тәжірибесімен және психикалық даму ерекшеліктері бар адамдармен театр практикасы арқылы жұмыс істеу құралдарымен бөлісті. Яғни, Даун синдромы, аутизм, церебральды сал ауруы бар адамдар кәсіби актерлермен бірге немесе онсыз ойнайтын спектакльдерді қалай құру керек екенін үйретті.

"Біздің зертханаға жеті жыл", - дейді инклюзивті театры зертханасының кураторы драматург Ольга МАЛЫШЕВА.

Семинарды ұйымдастырушылар театр мамандарына, денсаулығының психикалық ерекшеліктері бар адамдарды дамытумен айналысатындарға және тікелей осындай адамдарға арналған практикалық шеберлік сабақтарын көрсетті.

"Бұл даму ерекшеліктері бар адамдар үшін өте пайдалы іс - шара", - деп есептейді "Ерекше жол" Шымкент қорының басшысы Роза БЕРКЕШЕВА.

- Біздің қорды ерекше балалардың 400 ата-анасы ұсынады. Біз Шымкентте насихаттауға ниет білдірген инклюзивті театр идеясымен жандандық.

 

Шымкенттегі 12 канал қоқыстан тазартылды

Қала аумағында су басудың алдын алу жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Жәнібек Кәрімбаев Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте көктемгі су тасқыны кезеңінде жүйелі іс-шаралардың барысы, су басуды болдырмау жөнінде жұмыстарды баяндады.

Қазіргі уақытта қала аумағында су тасқыны кезеңінде жағдай тұрақты. Қала аумағында 10 гидротехникалық құрылыстың тоғызы жарамды, бір гидротехникалық құрылыс (Ақжар су қоймасы) жөндеуді қажет етеді. Авариялық және иесіз гидротехникалық құрылыс жоқ. ТЖ департаменті гидротехникалық құрылыстар мен су тасқыны қаупі бар учаскелерінде аэровизуалды тексеру ұйымдастырды.

Жалпы су қоймаларының толуы бүгінде 60-70 %-ды құрайды. Қазіргі уақытта тасқын суларды қабылдау үшін су қоймаларында қорлар жеткілікті. Бадам, Сайрам-су, Қошқар - ата, Қара-су өзендердегі судың деңгейі ортадан төмен. Су тасқыны кезеңінде халықты дер кезінде хабардар ету, дауылды ескертулерді үнемі жариялап отырмыз. Казгидрометтің мәліметі бойынша наурыз айында жаңбыр нормадан көп күтіледі деген болжам бар. Бұл дегеніміз осы мезгілде су басу жағдайлары күрделенуі мүмкін. Жалпы департамент қызметкерлері жағдайды назарда ұстап отыр, - деді Жәнібек Тұрлыбекұлы.

Қала аумағындағы су басу қауіпті аймақтарға тікұшақ арқылы әуеден шолу жұмыстары және аудандық әкімдіктерімен бірлесіп қауіпті су басу ықтимал учаскілерге мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде қалада ұзындығы 56 шақырым 12 канал қоқыстан тазаланған.

Шымкенттегі үш деңгейлі жол айрығы қашан пайдалануға беріледі?

Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында салынып жатқан жолайрық құрылысының бүгінде 55 пайызға дайын!

Жобаға сәйкес жолайрық үш деңгейлі. Төменгі деңгейде Арғынбеков көшесі, жоғарғы деңгейде Бәйдібек би даңғылы, ортаңғы деңгейде оң жақ бұрылыстар мен сақиналы жол орналасатын болады. Қазіргі таңда, негізгі көпір өткелдерінің темірбетонды конструкциясы 95 пайызға орындалды. Мамыр айының соңында Арғынбеков көшесін, шілде айында Бәйдібек би даңғылы және оң жақ өткелдерін көлік қоғалысын ашу жоспарлануда.

Айта кетейік, жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайрық магистралының ені 80 метрден 4-6 жолақты құрайды.

Үш деңгейлі жолайрық 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Бұл аталған көшелерде көлік кептелісін болдырмауға зор септігін тигізеді дейді жауаптылар. Себебі, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесі қаланың оңтүстігі мен солтүстігін, батысы мен шығысын жалғастыратын негізгі магистралды күре жол болып саналады.

Жолайрық пайдалануға берген жағдайда Бәйдібек би даңғылы арқылы қозғалыс жиілігі 60 мың авто/тәулікке, Арғынбеков көшесі арқылы 55,6 мың авто/ тәулікке артады.

Құрылыс 2020-2022 жылдар аралығына жоспарланған. Жалпы құны –11,4 млрд теңге.