Жұма, 15 Мамыр 2020 12:35

«Nur Otan»: Табиғат апатынан зардап шеккендерге барынша көмек көрсетіліп жатыр

Түркістан өңірінде бірнеше ауданда су тасқынына байланысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындармен жүздескен болатын. Ол бұл мәселе әкімдіктің назарында екенін айтқан-ды.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев та Төлеби ауданында тасқын судан зардап шеккен тұрғындар орналасқан №8 колледжге барып, көпшіліктің жағдайымен танысты.

Селден эвакуацияланған 77 азамат Ленгір қаласындағы №8 колледж ғимаратында уақытша орналастырылған.

Қазіргі таңда тұрғындарға қажетті заттар дер кезінде жеткізіліп, медицина мамандары тәулік бойы қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, оқу орнының асханасынан үш мезгіл тамақтануда.

«Партия тарапынан қандай да көмек болса, бірінші кезекте Сіздерге көрсетіледі. Сондықтан, табиғат апатынан зардап шеккен ағайындарды сабырға шақырамыз. Жетекші партияның облыстық филиалы аудан әкімдігі, жергілікті мәслихат депутаттарымен бірлесіп, бұл қиындықтан шығу үшін жұмыс істеп жатыр», дейді Б.Тәжібаев.

Сондай-ақ Бейсенбай Дәулетұлы «Nur Otan» партиясының Төлеби аудандық филиалының төтенше жағдай кезіндегі жұмысымен танысып өтті. Бүгінде аудандық филиал өңірдегі кәсіпкер азаматтарды жұмылдырып, төлебиліктерге барынша көмектесуде. Атап айтар болсақ, аудандық спорт кешенінде партия бастамасымен апаттан зардап шеккен отбасыларға азық-түлік, тұрмыстық тұтыну бұйымдарын таратылды.

Естеріңізге салар болсақ, Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтеріліп, соңғы ақпарат бойынша, 6 елді мекендегі 260 тұрғын үйлердің ауласына су кірген. Тұрғындардың барлығы қауіпсіз аумаққа көшірілген.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 


Оқылды 570 рет