Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбековтың мәлімдеуінше, су тасқынынан зардап тартып отырған ауданға көмек мұнымен тоқтамайды және шаһардан жіберіліп жатқан көмек Мақтаарал ауданы әкімінің ұсынысына сәйкес қарастырылуда. – Қазір Мақтаарал ауданының тұрғындарын эвакуациялау мақсатында Шымкент қаласы тарапынан жіберілген 10 арнайы техника жұмыс істеуде. Бүгін ауданға көмекке аттанған 30 арнайы көлік те авариялық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылады, - деді Алмасбек Кеңесбекұлы.
Айта кетейік, күні кеше Мақтаарал ауданында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Шымкент қаласы ТЖ департаментінің "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" мемлекеттік мекемесінің жеке құрамынан 12 адам және 4 техника, 2 су құралы, 4 мотопомпа, сондай-ақ аталған мекемеге тиесілі Шардара қаласында орналасқан жедел-құтқару жасағының 5 қызметкері мен 1 техникасы, 2 су құралы тез арада көмекке аттанған болатын. Сондай-ақ оқиға орнында Шымкент қаласының ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің командалық-штабтық автокөлігі де жұмылдырылған.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»