Бейсенбі, 14 Мамыр 2020 15:23

Қазақстан-Өзбекстан: Су қоймаларынан келетін қауіптің алдын алу — басты назарда

Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзум Мырзағалиев Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавхат Хамраевпен кездесті.

Кездесуде екі елдің Үкімет мүшелері Мақтаарал ауданында болған су апатынан зақым келген жерлерді қалыпқа келтіру және су қоймаларынан келетін қауіптің алдын алу бойынша келіссөз жүргізуде. ҚР Табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың мәлімдеуінше, су тасуы мүмкін деп айтылған Шардара су қоймасынан келетін ешқандай қауіп жоқ.

«Қазіргі сәтте Мақтаарал ауданының 600 гектардан аса егістік жерін су басқан. Осыған байланысты геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», — дейді Е. Нысанбаев.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығына келтірілген шығындар толықтай есептелуде. Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, егіншілер жылдың екінші жартысында да дақылдарын қайта өсіру мүмкіндігі аз. Сол себепті, егін шаруашылығымен күн көріп отырған кәсіпкерлердің жалпы шығыны 3 млрд.-қа жуықтаған. Қаражат толықтай өтелмек.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 602 рет