Бейсенбі, 14 Мамыр 2020 10:29

Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен аумақтарды аралауда

Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Төлеби ауданындағы селден зардап шеккен аумақтарды аралауда. Мұнда 13 мамыр күні толассыз жауған нөсер жауынның әсерінен Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтерілді. Арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 215 тұрғын үйлердің ауласына су кірді.

"Тек 40 минуттың ішінде 1 айлық жаңбыр жауған. Бұл соңғы жылдары алғаш рет орын алған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлерді полиция қызметкерлері күзетеді. Уайымдамаңыздар. Саман үй құласа, өздеріңіз үшін қауіпті. Барлық аудандар көмекке келіп жатыр",- деді Өмірзақ Естайұлы Төлеби ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде.

 Еске сала кетейік, Түркістан облысының тағы үш ауданында жауын-шашын салдарынан аулаларды су басқанын хабарлаған болатынбыз.  Қазығұрт ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы мен аудан әкімдігі қызметкерлері дер кезінде шығып, Алтынтөбе ауыл округі мен Қаржан елді мекенінде 2-үй, 1-емхана, 1-дәріхана, 2-қоражайдың аулаларына су кіргенін анықтаған. Ал, Жігерген ауыл округі бойынша 30-үйдің ауласына су кіргені және 4-қора құлағаны тіркелді. С.Рақымов ауыл округі Қызылата елді мекенінде 4-үй, 1-мешіттің ауласына су кіргені анықталған. Көкібел су қоймасының (151,0 мың м3) толуына байланысты Көкібел елді мекеніндегі 27 отбасының 133 адамы Көкібел мектебіне эвакуацияланып, азық-түлікпен, медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқиға орнында өрт сөндіру бөлімінің 30 қызметкері, аудан, ауыл әкімдігінің 15 қызметкері 6-техника және 5 мотопомпамен үй аулаларынан су шығару жұмыстарын жүргізуде. Апаттан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта жағдай толық бақылауға алынып, келтірілген залал шығындары есептелуде.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 651 рет