«Коронавирус инфекциясының қаупі сейілмегендіктен, карантин талаптары әлі де сақталады. Сондықтан сақтық шаралары жалғаса береді. Әсіресе құрылыс саласында. Карантин құрылысқа кедергі емес»,-деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Жиында аймақ басшысы Түркістан қаласын жаңғырту аясындағы жұмыс барысымен танысып, сала мамандарының есебін тыңдады. Бүгінде облыс орталығында бірқатар ғимараттардың құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі Рашид Аюпов әкімшілік, әлеуметтік және тарихи-мәдени маңызы бар нысандардың құрылысы жайлы баяндап өтті.
Әкімнің сөзінше, шаһарда бой көтерген оқушылар сарайы мен 7 мың орындық стадион, ұлттық қолөнершілер орталығы мен амфитеатр, керуен сарай мен аттракциондар саябағы, бассейні бар спорт кешені мен келу орталығы ғимараттарының басым бөлігі салынып біткен. Сондай-ақ, басқармалар мен департаменттер ғимаратының құрылысы да таяу арада аяқталады. Бүгінде олардың айналасын абаттандыру жұмысы жүргізілуде.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.
