Сәрсенбі, 06 Мамыр 2020 12:53

ҚР Президенті: Су қоймасы апатынан баспанасынан айырылғандарға мыңнан астам үй салынады

Үкімет Өзбекстандағы су қоймасы апатының салдарынан баспанасынан айырылған азаматтарға арнап, мыңнан астам үй салады. Бұл туралы өзінің Twitter-дегі парақшасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазды.

«Үкімет Өзбекстандағы су қоймасы апатының салдарынан баспанасынан айырылған Түркістан облысының азаматтары үшін мыңнан астам тұрғын үй салуға кіріседі»,-деп жазды Мемлекет басшысы.

Осыған дейін, Түркістан облысы әкімінің ұсынысы бойынша Мемлекеттік комиссия шешімімен Мақтаарал ауданындағы қызыл су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төленетінін айттық.

Мырзакент елдімекенінің шетінен жаңа мөлтекаудан соғылып, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық ауылдары толықтай көшіріледі. Ол үшін Мырзакент ауылынан 500 тұрғын үй салуға 50 га. жер белгіленді. Әр тұрғын үйдің шаршы метрі 100 метрді құрамақ. Жаңа тұрғын үй алабында орталықтандырылған су және газ тартылып, электр жарығы, байланыс желісі, жолдар жасалатын болады. Әлеуметтік нысандар бой көтереді.

Су астында қалған екі ауыл - Фирдоуси және Өргебас ауылдарының азаматтарына облыс әкімі 3 түрлі ұсыныс айтты.

Ең бірінші, өзге елдімекеннен жаңа мөлтекаудан соғып, сол жаққа көшу;

Екінші, суға кеткен ауылдағы үйлерін қалпына келтіру;

Үшінші, әрбір тұрғын үйін өзі салуға ниет білдірсе, оған өтемақы төлеу;

Бұл үш ұсынысты таңдауды тұрғындар өзара ауыларалық жиналыста шешетін болды.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 493 рет