Сейсенбі, 05 Мамыр 2020 11:01

ҚР Президенті Үкіметке су басқан ауылдарға материалдық көмек көрсетуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсету тапсырды.

«Үкіметке Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су басқан ауылдарымыздың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсету тапсырылды. Түркістан облысының бірде-бір тұрғыны назардан тыс қалмайды»,-деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.

Түркістан облысының басшысы Үкімет сағатында Мақтааралға қатысты баяндама жасап, төтенше жағдай бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Алдын ала жинақталған мәліметтер бойынша көлемі 7639 гектар егістік жерді су басқан. Сонымен қатар, мал шығыны нақтылануда. Қазіргі таңда, осы жоғарыда аталған шығындарды есептеп жатырмыз. Нақты шығын көлемі нақтыланып болған соң, қосымша баяндалатын болады», деді өңір басшысы.

Мәлімдемеге сәйкес, жалпы 31 606 тұрғын 14 елді мекеннен эвакуацияланған еді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2 елдімекен (Мырзакент, Ақжол) тұрғындары өз үй-жайларына қайта оралып, жайғасуда. Жалпы 6 127 тұрғыны бар 5 елдімекенді су басқан  (Жеңіс, Жаңатұрмыс, Фердауси, Өргебас және Достық), 7 елдімекенде су басу қаупі әлі де жоғары.

Бұл ретте, шұғыл түрде 2 мамыр күні Мақтаарал ауданында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, жедел штаб құрылды.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

 

Оқылды 521 рет