Жексенбі, 03 Мамыр 2020 12:48

Түлкібас ауданы әкімі тәулік бойы қызметте тұрған полиция, медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді

Жаңадан тағайындалған Түлкібас ауданы әкімі Н.Байғұт Шақпақ блок-бекетінің және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің ауданымызға қарасты Шақпақ-баба елді мекені тұсында соғылып жатқан жер асты өткелінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Бірінші кезекте аудан басшысы коронавирус пандемиясының алдын алу мақсатында өңірімізге кіруші жолаушыларды тексеру мақсатында құрылған «Шақпақ» блок-бекетінің жұмысымен танысты.
Соңғы мәліметтерге сәйкес елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері «Шақпақ» блок-бекетінен 28812 автокөлік, 73434 жолаушы азаматтар тексерістен өткен. Бүгінгі таңда блок-бекетте тәулігіне полиция, медицина қызметкерлерінен және залалсыздандырушы мамандардан құралған 30 адам екі кезеңмен қызмет атқаруда.

Полиция және медицина қызметкерлерінің жұмысымен жеке-жеке танысқан аудан әкімі блок-бекет жұмысына оң бағасын беріп, күн-түн демей ел үшін қызмет етіп жатқан жандарға алғысын білдірді.

Блок-бекеттін жұмысымен танысып болған соң Нұрлан Мархабатұлы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің ауданымызға қарасты Шақпақ-баба елді мекені тұсында соғылып жатқан жер асты өткелінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Әзірбайжандық «Эвраскон» мекемесі іске асырып жатқан екі жақтамалы жер асты өткелі оң жақ және сол жақ бөліктен тұрады. Екі жақ бетінің де ұзындығы 840 метрді құрайды. Қазіргі таңда оң жақ өткелінің 580 метрі істеліп, 260 метірі қалып тұр. Ал, сол жақ өткелі толық аяқталған. Бүгінгі таңда сол жақ өткелінде кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Келісім шарт бойынша нысанның құрылыс жұмыстары 2020 жылдың шілде айында аяқталып, пайдалануға берілу қажет болатын. Алайда, бүгінгі таңда елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты құрылыс жұмыстары уақытша тоқтап тұр.

 

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

Оқылды 699 рет