Жұма, 24 Сәуір 2020 18:24

Шымкент: Әл-Фараби ауданында ауқымды істер атқарылып жатыр

Бүгін Әл-Фараби ауданы аумағында коронавирус пандемиясына қарсы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша пресс-тур өтті. 

Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың баяндауынша, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында ауданда дезинфекциялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде эпидемияға қарсы және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда 4 арнайы мобильді топ құрылған.

- Қазіргі таңда аудан аумағында індет ошағы анықталған 12 орын карантиндік режимде, барлық ошақтарда тұрғындар азық-түлікпен, басқа да қажетті заттармен қамтамасыз етіліп, онда күнделікті залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде, - деді аудан әкімі.

Төтенше жағдайға байланысты аудан тұрғындарына бірқатар әлеуметтік көмектер берілуде. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында, «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде 740 отбасыға тегін азық-түлік себеті таратылған. Сонымен қатар аз қамтылған отбасыларға “Birgemiz” қоғамдық қорынан Текесу елді мекені, «Сәуле» шағынауданы, Ескі шаһар аумағы, Терешкова көшелерінде тұратын 3279 аз қамтылған отбасыға 50 данадан, жалпы 163950 медициналық бетперде тегін таратылды.

Әл-Фараби ауданы аумағының шекарасында 1 блок-бекет орналасқан. Текесу елді мекеніндегі бекетте аудан әкімдігі тарапынан қызметкерлер кезекшілік жасап, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Аудандағы 404 көшеге және 672 көпқабатты үйдегі 2 244 кіреберістерінің барлығына дезинфекция жасалған. Залалсыздандыру жұмыстары 14 сервистік кызмет көрсетуші мекемелер тарапынан атқарылып жатыр. Сондай-ақ, ауданда 192 контейнер алаңшаларындағы қоқыс қалдықтарын тасымалдайтын үш мекеме бар - «Арнайыавтокөлік» (САТ) ЖШС – (Сәуле, Забадам ш/а.); «ЭкоСпецТранс» ЖШС – (Отырар, Айқап ш/а.); «ОрионНовТех» ЖШС – (Орталық аймақ). Осы мекемелер тұрғындармен келісім-шарт негізінде қоқысты қалалық полигонға шығару жұмыстарын күнделікті жүргізеді және дезинфекциялайды.

Бүгінде аудан аумағында азық-түлік сататын 3 базар - «Қырғы базар», «Акбар» және «Қазыбек» жұмыс істеуде. Сондай-ақ 7 ірі сауда үйі, 463 кіші азық-түлік дүкені, 204 дәріхана, 48 жанар-жағармай бекеті, 58 екінші деңгейлі банк филиалы, 137 асхана үйге дейін жеткізіп беру жүйесімен қызмет атқаруда.

- Тұрғындарға бірінші кезекте қажет ететін 9 тауардың тізімі анықталып, олардың шекті бағасы бекітілген. Осыған орай, аудандағы 463 дүкеннің 221 дүкеніне шекті бағадан асырмау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - деді аудан әкімі.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 500 рет