Сәрсенбі, 08 Сәуір 2020 12:39

Шымкент: Әл-Фараби ауданы аумағында тұратын 8037 адам әлеуметтік төлем алды

Қазіргі таңда Әл-Фараби ауданы аумағында тұратын 8037 адам әлеуметтік төлем алды. Бұл туралы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов айтты.  Ол сондай-ақ 42500 теңге кімдерге тиесілі екеніне де тоқталды. 

Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелірдің бірі «42500 теңге жәрдемақыны кімдер және қандай ресми парақшалардан (сайттардан) алуға болады?» болып тұрғаны жасырын емес. Осыған жауап іздеп көрсек. Себебі бұл сауал шымкенттіктер үшін де көкейкесті.

Төлемге азаматтардың 7 санаты үміткер бола алады.

1. Төтенше жағдайға байланысты жалақысы сақталмай, жұмыстан демалысқа жіберілген шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметкерлері.

2. Карантин енгізілген елді мекендерде жұмыс істейтін және осыған байланысты жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген ірі кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері.

3. Жалдамалы еңбекті пайдаланбайтын, табыстан айырылған жеке кәсіпкерлер.

4. Жеке практикамен айналысатын адамдар.

5. Бірыңғай жиынтық төлемді (БЖТ) төлеушілер - жеке тұлға.

6. ТЖ салдарынан кірістерін жоғалтқан, міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бар, азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) келісімдер бойынша табыс алатын адамдар.

7. Жалақы сақталмайтын демалыста жүрген коммерциялық емес заңды тұлғалардың (мемлекеттік заңды тұлғалардан басқа) қызметкерлері.

42500 теңге әлеуметтік төлем алуға үміткерлер тізіміне кім кірмейді? Төлем алуға үміткер бола алмайды:

1. Төтенше жағдай енгізілген күнге дейін 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне бірде-бір ай қатысу өтілі жоқ тұлғалар, БЖТ төлейтіндерді қоспағанда.

2.Өтініш берілген күнге дейін 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне бірде-бір ай қатысу өтілі жоқ БЖТ төлеушілер.

3.Төтенше жағдай енгізілген күнге дейін 12 ай ішінде зейнетақы аударымдарын төлемеген АҚС шарттары бойынша табыс алатын жеке тұлғалар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 446 рет