Сәрсенбі, 08 Сәуір 2020 18:20

Өмірзақ Шөкеев Түркістанның инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудың негізгі жолы ретінде инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беруде.

Осы орайда, өңір басшысы жауапты сала жетекшілерімен бірге облыс орталығын аралап, қаланың Бас жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтап, тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Шаһардағы жол жөндеу, газ, ауыз су мен кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарын көзбен көрген аймақ басшысы тиісті сала жетекшілерінен құрылыстың кестеге сәйкес белгіленген мерзімінде аяқталуын талап етті.

Биыл қала жолдарын жөндеу үшін әкімшілік-іскерлік орталығына іргелес орналасқан, яғни инфрақұрылымы толық аяқталған жерлерде 100 шақырым құрайтын 81 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Жаңа көшелерде сарқынды су жүйесіне арналған футляр орнату, жол негізін даярлау, аяқ жолдардың жиектастарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолынан Майкөтов көшесіне дейінгі автожол құрылысы жүріп жатыр. Жаңа жол төселіп, айналасында арық-атыздар, аяқ жол мен вело жолдың жиектастары орнатылған. 

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 544 рет