Күннен-күнге таралу ауқымы кеңейіп келе жатқан індеттің алдын-алу мақсатында қауымдастық төрайымы Инара Намазбаева бастаған белсенді әйелдер мұқтаж жандарға жәрдем көрсетті. Әлеуметтік жағдайы аз қамтамасыз етілген, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың отбасыларына бір реттік азық-түлік өнімдерін табыстады.
Іскер ханымдар 25 отбасыға күнделікті қажетті азықпен бірге медициналық бетперделерді тапсырды. Түркістан қаласы ғана емес, Отырар ауданы мен Құмтүйін елді-мекені тұрғындарына да көмек берілді.
Қауымдастық қолға алған игілікті іске ерікті жастар қолғабыс жасаса, акцияға "Nur Otan” партиясы Түркістан қалалық филиалы да мұрындық болды.
Сондай-ақ аудан, қалаларда кәсіпкерлер мен жекелеген азаматтар да тұрғындарға қайырымдылық жасап жатыр.
