Аймақ басшысы жиында әр аудан басшысына 100 адамдық оқшаулау орындарын дайындауды жүктеді. Коронавирустық инфекцияның таралуына тосқауыл қою шараларын күшейтіп, барынша сақтық шараларын қолға алуды тапсырды. «Кез келген жағдайға тас-түйін дайын тұру керек. Әрбір азаматымыздың амандығын ойлай отырып, зор жауапкершілік танытып, дайындық жұмыстарына тыңғылықты және мұқият қарау керек. Дертке қарсы күрес үшін қажетті барлық жағдай жан-жақты жасалуы тиіс», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Жиында, сондай-ақ, өңірде қауіпті кеселге ұқсас клиникасы бар азаматтардың диагноздарын анықтау мақсатында 240 төсек-орынға провизорлық госпитальдар қарастырылғаны айтылды. Сала мамандарының сөзінше, барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 505 төсек-орынға обсервациялық орталықтар ашылған. Онда 300-ден астам медицина саласының қызметкерлері қызмет көрсетеді.
Оқшаулау орындарында өкпені жасанды желдету медициналық құрал-жабдықтарының санын арттырып, қажетті дәрі-дәрмек қорымен толық қамтылған. Блок-бекеттерде медициналық қызметкерлер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қосымша тапсырыстар берілген. Барлық медициналық ұйымдардағы медициналық қызметкерлер коронавирустың клиникасы, емдеу және диагностикалау бойынша тұрақты түрде дайындық шараларынан өтуде.
