Дүйсенбі, 23 Наурыз 2020 13:41

Мақтаарал жастары блок-постта тұрған қызметкерлерге наурыз көже таратты

 

  Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына кіре беріс қақпасы – Мақтаарал ауылдық округінде жолаушыларды әлемде орын алған қауіпті дерттен сақтандыру, алдын алу мақсатында блок-посттар үздіксіз жұмыс істеп тұр.

  Сол блок-посттағы жұмыс жасап жатқан ішкі істер органдары мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен еріктілері түскі ас ұйымдастырып, наурыз көже таратты.

   Ел басына түскен сын сағатында бір кісідей ауызбіршілікте әрекет етіп, ауа-райының құбылмалы жағдайына қарамай күн-түн демей жұмыс жасап жатқан ақ халатты абзал жандар мен ішкі істер саласының мамандарына қолдау көрсетіп, ауданға шеттен келген әрбір азаматқа індетке қарсы күрес, алдын алу жолдары мен қауіпсіздік ережелері жазылған үнпарақшалар таратылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

   «Бүгінде ауданда індеттің алдын алу, қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында барлық блок-посттар мен кедендік бекеттерде қатаң тәртіптік режим орнатылған. Әрбір азаматтың толық мәліметі алынып, қайдан, неге келе жатқандығы тіркелуде. Елімізде карантиндік тәртіп енгізілгелі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан келген 100-ге тарта автобуста мыңнан астам адам тексерілді. Ешқандай қауіп жоқ»,-дейді Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков.

   Елдегі қауіпсіздік шараларының күшейтіліп, короновирусқа қарсы күресте көпшілікке үлгі боларлық бұл бастамада тек ауданның ерікті жастары ғана емес түрлі деңгейдегі кәсіпкерлер де атсалысуда. Бірі бетперделерді тігіп, арзан бағада халыққа жеткізіп отырса, енді бірі блок-посттағы қызметкерлердің жаңбыр мен желден қорғанулары үшін арнайы палаткаларын, ас-суларын жеткізіп беруде.

Елдің елдігі мен бірлігі сынға түсетін жауапты сәтте жауапкершілік жүктелген дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне қолдау көрсеткен жастардың ісіне блок-пост қызметкерлері өз алғыстарын білдірді.

Оқылды 634 рет