Сайрам: Бір күнде жоғалған бірнеше мал иелеріне қайтарылды

Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Оның айтуынша, жайылымға жіберген 8 бас жылқысы белгісіз жағдайда жоғалған. Яғни таңертеңгісін Ақсукент ауылының егістік алқабына шығарған жылқылары, қалаға барып келгенінде жоқ болған. Полицейлер ақпарат алысымен бірден әрекет етіп, тұрғынның малдарын табуға кірісті. Оқиға орнын қарап, жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді.

Жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары жол талғамайтын 2 көлікпен мұқият айналаны қарап шықты. Сондай-ақ егістік алқабының әрбір аймағын жаяу, батпақ кешіп тыңғылықты тексерді. Нәтижесінде 3 сағат ішінде 10 шақырым қашықтықта жайылып жүрген 8 бас жылқы табылып, өз иесіне қайтарылды.

Өз кезегінде тұрғын полицейлердің жедел әрекетіне тәнті болып, шынайы алғысын білдірді. Мұндай жағдай, Мақтаарал ауданында да орын алды. Нақтырақ айтсақ, Мақтаарал АПБ-нің 102 сымтетігіне жергілікті тұрғын арызданып, өз үйінің ауласында орналасқан мал қорасынан 1 бас сиыры мен бұзауы белгісіз жағдайда шығып кетіп, жоғалғанын хабарлады.

Мақтааралдық учаскелік полиция инспекторлары аталған хабарлама бойынша тиісті жұмыстарды атқарды. Оқиға орнын мұқият қарап, шұғыл іздестіру шараларына кірісті. Нәтижесінде егістік алқаптан тұрғынның 2 бас малы жайылып жүргенін анықтап, үй жануарларын иесіне табыстады.

Осы тұста мақтааралдық тұрғын жоғалған малдарын тауып беріп, аман-сау қайтарған полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі. Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда, өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпай, дереу полицияға хабарласыңыздар.

 

Түркістан облысының полицейлері жаңғақ ұрлаған тұрғынды анықтады

Түлкібас аудандық полиция бөліміне қарт әйел ұрлық туралы арызбен жүгінді. Ол полицияға үйінен жаңғақ салынған қапшықтары ұрланғаны бойынша арызданды. Бұл жайтты түлкібастық полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркеді.

Хабарламаны алған тәртіп сақшылары бірден қылмысты ашуға бағытталған іс-шараларды атқарды. Олар аулаларды аралап, куәлардан жауап алды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, күдіктінің жеке басы анықталды. Аудандық полиция бөліміне жеткізілген күдікті жергілікті тұрғын болып шықты.

Тексеру кезінде сезікті жәбірленушінің үйіне сағат 12:00 шамасында байқатпай кіргені анықталды. Содан кейін ұры екі қап жаңғақты ұрлап, қашып кеткен. Қазіргі уақытта ұрлық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және өз мүліктері мен үйлерін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Мүмкіндігінше терезелерге темір торлар, ал есіктерге сенімді құлыптар орнатылуы қажет. Ұрлық немесе тонау жағдайында полицияға хабарласқан жөн.

ҚР Қылмыстық Кодексi 188-бап. Ұрлық туралы былай жазылған.

1. Ұрлық, яғни бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру – 
мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
4) ақпараттық жүйеге заңсыз кіру не телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты өзгерту жолымен жасалған ұрлық – 
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Мынадай: 
1) ірi мөлшерде; 
2) бірнеше рет: 
3) тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Мынадай: 
1) қылмыстық топ жасаған; 
2) мұнай-газ құбырынан; 
3) аса iрi мөлшерде жасалған ұрлық – 
мүлкi тәркiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады

Түлкібас аудандық полиция бөліміне аудан тұрғыны құны 350 мың теңге болатын "ВАЗ" маркалы автокөлігінің ұрланғаны бойынша арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, танысы таңғы сағат 5:30 шамасында оның көлігін заңсыз айдап кетіп, белгісіз бағытқа жасырынған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түлкібас ауданының учаскелік полиция инспекторлары автокөлікті ұрлады деген күдікпен бұрын сотталған, жергілікті тұрғынды анықтады.

Белгілі болғандай, күдікті сол сәтте мас болған. Содан жеке тасымалдаумен айналысатын танысының көлігін күшпен тартып алып, қашып кеткен.

Бұл жайт ҚР ҚК-нің 200-бабы "Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу" бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.

ҚР Қылмыстық Кодексi 200-бабында «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу»:1. Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету) – 
бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
2. Мынадай: 
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 
2) бiрнеше рет; 
3) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi емес күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалған дәл сол іс-әрекет – 
үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бec жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған не iрi залал келтiрген іс-әрекеттер – 
бес жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып не сондай күш қолдану қатерін төндіріп жасалған іс-әрекеттер – 
алты жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.

Түркістан облысының полицейлері жоғалған жасөспірімді Алматы қаласынан тапты

 

Сауран аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірі арызданды. Әйелдің айтуынша, оның кәмелетке толмаған ұлы үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Жоғалған баланың туыстары алдымен өздері іздеген, алайда оны табудың өзіндік әрекеттері нәтиже бермейді. Содан кейін жасөспірімнің ата-анасы полициядан көмек сұрайды.

Хабарламаны алған полицейлер, дереу кәмелетке толмаған жасөспірімді іздеуге кірісті. Баланың белгілері аудандағы полицейлердің барлығына хабарланып, бағытнама берілді. Содан тәртіп сақшылары жақын маңдағы көшелер мен аулаларды, сондай-ақ бала бара алатын жерлерді мұқият қарап шықты.

Бірнеше күн бойы жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, саурандық полиция қызметкерлері жоғалған жасөспірімді Алматы қаласынан тапты. Баланы аудандық полиция бөліміне жеткізіп, анасына тапсырды. Белгілі болғандай, жасөспірім отбасылық жанжалға байланысты үйден кеткен. Өз кезегінде кәмелетке толмаған баланың туыстары полиция қызметкерлеріне жоғалған жасөспірімді іздеуде көрсеткен кәсіби шеберлігі мен жедел көмегіне алғыс айтты.

Отырар: Полицейлер оқушылармен профилактикалық әңгімесулер өткізуде

Отырар ауданының полиция қызметкерлері 7-11 сынып оқушылары арасында «Кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және зорлық-зомбылыққа жол бермеу» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.

Атап айтсақ, Отырар аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы полиция капитаны Динара Есенова, Аққұм ауылдық округінде орналасқан С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектепте профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.

Онда оқушыларға қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілік бары айтылып, темекі мен алкогольді тұтынудың жағымсыз салдары туралы ақпараттар берілді. Және түнгі уақытта үйден тыс жерде болмау, жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізбеу, сондай-ақ қоғамдық орындарды ластамау туралы да айтылды. Сонымен қатар, семинарда елімізде белең алып келе жатқан есірткі заттарының заңсыз айналымы жөніндегі өзекті мәселесі талқыланды. Есірткі заттарының синтетикалық түрлерінің кеңінен таралуы, әсіресе жастар арасында жоғарғы сұранысқа ие болуы алаңдатады. Президентіміз 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жасаған жолдауында бүл кеселмен күресу бағыты жалпыұлттық деңгейде көтерілуі қажет екендігін жеткізді. Қолданыстағы технологияның дамуы есірткі заттардың таралуындағы жаңа әдістерінің пайда болу жолдарын ашуда. Аула қабырғаларында бейнеленген есірткі заттарының жарнамалары, есірткінің сан алуан түрін сатуға дайын тұрған Интернет желісіндегі сайттар, есірткіні оңай саудаға салуға мүмкіндік беретін әлеуметтік мессенджердегі парақшалар жыл санап көбейіп келеді. Осыған орай қоғам, саналы азамат және әрбір қызметкер есірткі бизнесімен күресуді өзінің асыл борышы ретінде санап, соған сай сауатты шара қолдануы заман талабы екендігі түсіндірілді. Өз кезегінде семинарға  шақырылған нарколог-психиатр маман өзінің баяндамасында, жасөспірімдердің психологиялық және психикалық денсаулығына ерекше назар аудару керектігін, нашақорлықтың салдарын, электронды темекінің адам ағзасына зияны туралы, есірткі қабылдаған адам өмір бойы психикалық ауру деген диагнозы қалатындығын түсіндірді. Сондай-ақ, жасөспірімдердің психикасы мен психологиясы көптеген факторларға тәуелді екенін ескере отырып, оған күнделікті тәртіпті сақтау, дұрыс тамақтану, таза ауада жүру, қозғалыс белсенділігі және психологиялық жайлылық туралы айтып өтті. Сондай-ақ жиналыста тәртіп сақшылары жасөспірімдерді қоғамдық тәртіпті сақтауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Полицейлердің айтуынша, мұндай іс-шаралар кәмелетке толмағандарға мінез-құлық туралы ойлануға және заңсыз әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілік барын есте сақтауға көмектеседі. Осыған ұқсас семинарлар барлық мектептерде өткізілуі жоспарлануда.

 

 

Түркістан облысында «Қауіпсіз жол жүрісі апталығы» брифингпен бастау алды

14 қарашадан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының 20 қарашада өткізілетін жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні аясында, ҚР ІІМ тапсырмасымен «Қауіпсіз жол жүрісі апталығы» мен «Есіңе ал және ойлан!» ұранымен қоғамдық акциясы басталды.

Осыған орай Түркістан облысы ПД-ның «Инстаграм» және «Фейсбук» ресми парақшаларында тікелей эфир өткізілді. Оған спикер ретінде Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Алмасхан Тастанбеков пен Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Бегімхан Ахметов қатысты.

Брифингке спикер ретінде қатысқан полицейлердің айтуынша, акция аясында жол апатын болдырмау мақсатындағы сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Статистикаға сүйенсек, облыста 2022 жылдың 10 айында 627 жол-көлік оқиғасы орын алған. Салдарынан 273 адам қаза тауып, 702 адам жарақат алған.

Сондай-ақ брифинг барысында әлеуметтік желі қолданушылары белсенділік танытып, 20-ға жуық сауалдарын жолдады. Бұл сұрақтарға полиция мамандары дер кезінде жауап беріп, желі қолданушыларының алғысын алды.

Осы орайда барша жолаушылар мен жүргізушілерді әрқашан жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамыз.

Сауран: құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд жұмыстары ұйымдастырылды

Сауран ауданы, Шаға ауылдық округінде жастар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу, келеңсіз оқиғалардың алдын алу мақсатында түнгі рей ұйымдастырлды.

Түркістанда «Сіздің жолаушыңыз – бала» акциясы өткізілді

"Қауіпсіз жол жүрісі апталығы" аясында облыс орталығының полицейлері «Сіздің жолаушыңыз – бала» акциясын өткізді.

Аталған шараның басты мақсаты – балаларды автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде қажетті құрылғыларды пайдалану қажеттілігі туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ жол-көлік жарақатының алдын алу, жолын кесу.

Іс-шара барысында Түркістан ҚПБ қызметкерлері халық арасында, оның ішінде "Жолаушы" ЖШС-нің 30 және "ТехАвтоПром" ЖШС-нің 14 қоғамдық жүргізушілеріне жол қозғалысы ережесін қатаң сақтап, балалардың қауіпсіздігін басты орынға қоюды түсіндірді. Және жүргізушілерге ескертпе қағаздарын таратты.

Іс-шараның маңыздылығын жіті түсінген жүргізушілер, қауіпсіздік шараларын ұстанатынын жеткізіп, полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Сонымен қатар полицейлер білім ошақтарына барып, бастауыш сынып пен жоғары сынып оқушыларына “балалардың жолдағы қауіпсіздігі” бойынша арнайы дәрістер өткізді.