Түлкібас: Полицейлер есірткі туралы тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Полиция қызметкерлерінің есірткі құралдарының таралуына тосқауыл қою, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресте атқарар жұмыстары сан алуан. Осы іс-шараны тиісті деңгейде атқару үшін, Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Балаларыңызды есірткіден қорғаңыз!» тақырыбында адамдар көп шоғырланатын орындарға барып, үнпарақтар ілді.

Олар дүкендерді, тамақтану орындарын, қоғамдық орындар мен көше қиылыстарын да тыс қалдырмады. Сонымен қатар тұрғындарға есірткі қылмысының алдын алу мақсатында ескерту жұмыстарын жүргізіп, есірткінің заңсыз айналымы, тасымалы, қандай да бір заңсыз әрекет – жазасыз қалмайтындығын ескертті.

Сайрам: Алтын алқа мен сақинаны ұрлаған ұры қамауға алынды

Сайрам аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның тұрғын үйіне белгісіз біреу ұрлыққа түсіп, құны 300 000 теңге тұратын алтын алқасы мен әрқайсысының құны 100 000 теңге тұратын 2 дана алтын сақинасын жасырын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 500 000 теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырып, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғын анықталды. Тексеру кезінде орта жастағы ер адам, ақшадан қысылып жүргендіктен осындай теріс әрекетке барғанын мойындады. Ол көше бойынан өтіп бара жатып, үйде ешкімнің жоқтығын пайдаланып, алтын бұйымдарды ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Ұрлаған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын жаратып жіберген. Полиция қызметкерлері күдіктінің бұдан алдын сотты болғандығын анықтады. Бүгінде сезікті ер адам қамауға алынып, оның іс-құжаттары сотқа жолданды.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз үйлерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сіздің мүлкіңізге қылмыстық қол сұғушылықты болдырмау үшін терезелер мен есіктерді темір торлармен және сенімді құлыптармен бекіту керек. Тіпті аз уақытқа болсын үйден шықсаңыз, сыртқы есіктер мен терезелерін мықтап жауып жүріңіз. Сондай-ақ мүмкіндігінше үйлер мен кіреберістерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыз. Пәтер ұрлығы болған жағдайда жедел түрде полицияға хабарласыңыз. Бұл полиция қызметкерлеріне қылмысты "ізін суытпай" ашуға көмектеседі.

Жетісай: Зейнеткердің ақшасын алдап алған әйел ұсталды

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның танысы зейнеткерлікке шығарып беретінін айтып, әбден сеніміне кірген. Осылайша сенімге кірген әйел тұрғыннан 1 637 000 теңге ақшасын алдап алған. Жарты жылдан аса уақыт өтсе де, берген уәдесінде тұрмай қашып жүрген. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Хабар келіп түскен бойда тәртіп сақшылары жедел әрекет етті. Полицейлер қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олардың жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде алаяқтық жасаған әйел анықталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Тексеру кезінде күдіктінің зейнеткерлікке шығарып беретінін айтып, алған ақшаны жаратып жібергені белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға күмәнді қызмет ұсынатын, көшеде танысқан бейтаныс адамдарға сенім артпауға кеңес береді. Оларға ақша беруде, ақша алуда оның сенімді адам екендігіне толық көз жеткізіңіз. Егер де, сіз, алаяқтыққа тап болсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз.

Созақ: Құрбысының ақшасын ұрлаған...

Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, ол «Қошқар ата» тауына достарымен серуенге шыққан. Сол мезетте өзінің сөмкесінің ішінде тұрған 50 000 теңгесін белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.

Хабар түскен бойда тәртіп сақшылары қылмысты ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Олардың жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті жас қыз анықталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.

Анықталғандай, күдікті мен жәбірленуші жақын таныстар. Жас қыздар демалу үшін таулы аймаққа бірге барған. Оңай олжалы болуды ойлаған сезікті ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, ақшаны қолды еткен.

Күдіктіден айғақты зат ретінде 36 000 теңге алынып, иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздерінің бағалы және ақшалай заттарына сақ болуды ескертеді.

Қазығұрт: Көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу белгісін тағып жүрген жас жігіт ұсталды

Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алып, құқық бұзушылықты, жол ережесін бұзатын көлік жүргізушілерін анықтау мақсатында «Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасын жүргізуде.
Осындай рейд барысында, тәртіп сақшылары жалған нөмірлі көлікті анықтады. Нақтырақ айтсақ, «Газель» маркалы автокөлік жанармай құю бекетіне тоқтаған. Көліктің нөміріне күдіктенген полицейлер оның нөмірін тексерді.
Нәтижесінде, жас жігіттің автокөлігіне жалған мемлекеттік тіркеу белгісін пайдаланып жүргені белгілі болды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 386-бабы 1-бөлігі «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, көрінеу қолдан жасалған сәйкестендіру нөмірі бар көлік құралын өткізу» бойынша тіркеуге алды.
Тексеру кезінде көлік жүргізушісі нөмірді тауып алып, қызығып таққанын айтты. Оқиғаның толық мән-жайын полиция қызметкерлері тексеруде. Қазіргі таңда жүргізуші жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге кез келген құқық бұзушылыққа заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Тұрғын жоғалған сиырын тауып берген полицейлерге алғысын жаудырды

Шардара АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын жайылымдағы 1 бас сиырының жоғалғаны туралы арызданды. Арызданушы алғашқыда өзі іздеген. Алайда одан еш нәтиже болмаған соң полицейлерден көмек сұрайды. Бұл жайт аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, жоғалған сиырды іздеу жұмыстары жүргізілді.
Тәртіп сақшылары бірнеше мобильді топтарға бөлініп, жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, ауыл тұрғындарымен сұхбат жүргізді, базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді тексерді.
Жедел шаралар нәтижесінде, бірнеше күннен кейін Шардара АПБ-ның полицейлері жоғалған ірі қара малды 30 шақырым жерде орналасқан жайылымнан тапты. Табылған сиыр заңды иесіне қайтарылды.
"Мен 1 бас сиырымды жоғалтып, Шардара ауданының полицейлерінен көмек сұрадым. Олар бірден сиырымды іздей бастады және оны тапты. Барша полиция қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Сіздерге үлкен рахмет! "- деді ауыл тұрғыны.
Түркістан облысының полицейлері қырағы болу және малды жайылымда қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді, өйткені сіздің малыңыз барымташылардың оңай олжасына әп-сәтте айналуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндігінше, үй шаруашылығын сенімді қоршаумен қоршап, малды таңбалау және сырғалау қажет. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда өз бетінше іздеп, уақыт жоғалтпастан, дереу полицияның "102" нөміріне хабарласыңыз.

Түркістан: Жәрдемақы шығарып беремін деп, алаяқтық жасаған күдікті ұсталды

Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оған танысы мемлекет тарапынан жәрдемақы шығарып беремін деп сеніміне кірген. Алаяқ жәбірленушіден осы үшін 350 мың теңге ақша алған.

Алайда әр нәрсені бір сылтауратып, уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай тұрғынды әбігерге салған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.

Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция басқармасында тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдіктінің жеке-басын анықтап, оны ҚПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, 102 телефонына тез арада хабарласыңыз.

Төлеби: Телефон ұрлаған ер адам ұсталды

Төлеби АПБ-ға ұрлықтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленушінің айтуынша өзі жұмыс жасайтын дүкеннің сөресінде тұрған «Самсунг А8» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді.

Тәртіп сақшылары хабар алысымен оқиға орнына жедел жетті. Ұрлық жайты орын алған аймақтың барлығын жіті тексеріп, куәлардан жауап алды. Дүкен ішіндегі бейнебақылау камераларын тексерді. Полицейлер осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жүргізіп, нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады.

Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Полицейлер күдіктіден айғақты зат ретінде ұялы телефонды тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай күдікті дүкенге азық-түлік алу мақсатында келген. Содан соң айналасында адамдардың жоқтығын пайдаланып, сөреде қуаттағышта тұрған ұялы телефонды алып кеткен. Осылайша қолды еткен затын үйіне алып барып, пайдалану мақсатында жасырып қойған.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз бен ұялы телефондарыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді.