ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ЖЕКЕ ИНВЕСТОРЛАР ЕСЕБІНЕН САЛЫНЫП ЖАТҚАН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫН КӨРДІ

«Отау сити», «Медина», «Тенгри». Бұл Шымқалада жеке инвесторлар есебінен салынып жатқан тұрғын үй кешендері. Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осы нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде мұнда құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нұрсат және Қошқар ата аумағында орналасқан бұл тұрғын үйлердің алаңы 124 857 шаршы метрді құрайды. Пәтерлер 2022-2023 жылдары пайдалануға беріледі. Қала әкімі үйлердің заманауи дизайнда, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуына аса мән берілуін атап өтті.

Айта кетейік, Шымкент қаласында тұрғын үйге сұраныс өте жоғары екендігін ескере отырып, биылғы жылы 2 972 пәтерлі 51 тұрғын үй салынып, жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.  Шымкент қаласының құрылыс басқармасы 2022 жылы бюджет есебінен жалпы құны 56,8 млрд. теңгені құрайтын 90 нысанның құрылысы жүргізуде. Оның ішінде, 31 кредиттік тұрғын үй және 20 арендалық тұрғын үй салынуда.

Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым бойынша «Тұран» шағынауданында 5 жоба, «Бозарық» шағынауданында 6 жоба, «ӘІО» 2 жоба және «Жанаталап» тұрғыналабында 2 жоба жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ, 8 мектеп құрылысы, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүргізілуде. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығын пайдалануға беру жоспарлануда. Айта кетейік, 2022 жылы 500 азаматқа 1 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаты беріледі. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 миллион теңгеден аспайды. Әлеуметтік көмек қайтарымсыз негізде беріледі. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде«2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны.

Төлебиде алаяқтық қылмысын жасаған күдікті бойжеткен ұсталды

Төлеби АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, белгісіз біреу есепшотындағы 700 000 теңге ақшасын аударып алған. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеп, қылмыстық істі ашуға бағытталған шараларды жедел түрде жүргізді.

Орын алған қылмысты ашу және күдіктіні ұстау мақсатында Төлеби АПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер тыңғылықты тексеріп, куәлардан сұрастырып шықты. Нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде бойжеткенді анықтап, оны өз үйінен ұстады. Ол жәбірленушінің танысы, жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, жәбірленуші мен күдіктіні достары үйіне қонаққа шақырған. Сол сәтте күдікті жас қыз әлеуметтік желіге кіру үшін, жәбірленушінің ұялы телефонын сұрап алған. Содан бойжеткен, жігіттің есепшотындағы ақшасын көріп, арам ойы туындап, өзіне аударып алған. Сондай-ақ күдікті жас қыз жымқырған ақшаларды бас пайдасына жаратқан. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Келес: Тұрғынның қойларын талан-таражға салған қойшы ұсталды

Келес аудандық полиция бөліміне Жетісай қаласының тұрғыны арызданды. Ер адамның айтуынша, жайылымдық жерде малшыға 500 бас қойын сеніп тапсырған. Алайда мал басын тексеруге барғанында, ол әрқайсысы 60 000 теңге тұратын 4 бас қойының жоқ екендігін байқаған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 240 000 теңге.

Тәжірибелі тәртіп сақшылары хабар келіп түскен бойда оқиға орнына бірден жетті. Қажетті шараларды жүзеге асырып, күдікті ретінде қойшы, яғни Мақтаарал ауданының тұрғынын анықтады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ауылдықтарға қырағы болуды және өз малдарын бейтаныс адамдарға бақтырмауды ұсынады. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үй малын таңбалап, ен салдыру керек, ал қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтыңыздар. Егер сізде малыңызды жоғалтып, ұрлатып алсаңыз тез арада полицияға хабарласыңыз.

Түлкібаста тракторды мас күйінде басқарған

Түлкібас ауданының патрульдік полицейлері "Қауіпсіз жол" іс-шарасы кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, бекітілген бағыт бойынша патрульдеу жұмысын тұрақты түрде жүргізуде. Осы тұста полицейлер Түлкібас ауданына қарасты ауыл көшелерінің бірінде түнгі уақытта жол жүру ережесін бұзған «МТЗ-80» маркалы тракторды тоқтатады. Аталған трактор жүргізушісінің құжаттарын тексеру барысында, оның спирттік ішімдік ішкеніне күдіктенеді.

Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаны ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Жүргізушіге қатысты сараптама тағайындалып, қорытындысына сәйкес оның "орта дәрежелі" масаң күйі анықталды. Осыдан соң аталған жайтқа байланысты жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды.

Сот шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.

Түркістан: Жоғалған 46 жастағы ер азамат Ресейден табылды

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын 102 сымтетігі арқылы хабарласқан. Оның айтуынша 46 жастағы баласы Ресейге жұмысқа кетіп, 1 жыл бойы қайта оралмаған. Ал анасының із-түзсіз кеткен баласын іздеп жүргеніне шамамен 1 айдан астам уақыт болған. Алайда еш нәтиже шықпаған соң, полицейлерге арызданған.

Түркістан қалалық полиция басқармасының көші-қон қызметкерлері хабарлама түсе салысымен тез арада әрекет етіп, із-түзсіз кеткен азаматты іздеуді бастап кетті. Полицейлер облыс көлемінде, одан соң Қазақстан Республикасы бойынша бағыттамалар беріп, іздестіру ауқымын кеңейтті. Ресей Федерациясында жұмыс бабымен болуы мүмкін деген тұжырымды да ескеріп, сол жақтағы елшілік пен тәртіп сақшыларына хабарлама жібереді. Нәтижесінде полицейлер жоғалған орта жастағы азаматты бірнеше күн ішінде тапты.

Белгілі болғандай, жоғалған ер азамат Ресейде жұмыс жасауға барып, абайсызда аяғын сындырып алған. Содан бері жұмыссыз жатқан. Сондай-ақ азамат өз сөзінде анасы уайымдамас үшін оған хабарласпағанын айтты. Қазіргі таңда жоғалып кеткен 46 жасар азамат үйіне қайтарылды. Ұлымен аман есен қауышқан ана, баласын іздестіруде шапшаңдықпен әрекет еткен көші-қон қызметкерлеріне алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Қазығұрт: Қақпа жасайтын цехқа кіріп, ұрлық жасаған жігіттер ұсталды

Қазығұрт аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, түнгі сағат 23:45 шамасында оның цех ішіндегі жұмысшылар демалатын бөлмеде тұрған қол сөмкесінен белгісіз біреу 50 000 теңге ақшасын ұрлап кеткен.

Хабар келіп түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына келді. Олар ұрлық қылмысын ашу үшін қажетті шараларды жүзеге асырды. Көрген-білгендерден сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғындар ұсталды.

Анықталғандай, екі жас жігіт көршілер болып шықты. Олар жол бойынан өтіп бара жатып, оңай олжалы болуды көздейді. Күдіктілер ешкімнің байқамай тұрғанын пайдаланып, қақпа жасайтын цех ішіне еркін кіріп, арам ойларын жүзеге асырады. Ұрлаған ақшаны бас пайдаларына жаратып жіберген. Аталған қылмысты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға ұрлықтың алдын алу үшін дүкендерге, ғимараттарға, тұрғын үйлерге, жұмыс орындарына бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де, сіз, ұрлық қылмысына тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз, бірден полицияға хабар беріңіз.

ШЫМКЕНТТІКТЕРДІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Бүгін қала әкіміне 1-жарты жылдықта атқарылған жұмыстар бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова есеп берді.

2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша биылғы жылы 57 696 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарлануда. Оның 35 276 орны– тұрақты, 18 128 орны – уақытша жұмыс орындары. Бүгінге күнге, яғни 6 айда 30 481 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып отыр, яғни жоспар 52,8% орындалды.

Ал, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде осы жылы 33 500 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, оның ішінде 20 759 орын тұрақты жұмыс 8 449 орын уақытша жұмыс орындары белгіленіп отыр. Жыл басынан бері 13 363 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты.

Жалпы, Шымкент қаласы республикалық көрсеткіштер бойынша азаматтарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру бағытында алдыңғы қатарында. Атап айтқанда, әлеуметтік жұмыс орындарына 90 адамды жолдау жоспарланса, бүгінде 123 азамат жұмыспен қамтылды. Яғни, жоспар артығымен 136,7% орындалып отыр. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 227 адам жолдау жоспарланса, нақты 227 (88,2%) адам жолданды. Қоғамдық жұмыс 2188 адамға жоспарланған болса, нақты 2177 адам жұмысқа орналасты. «Жастар практикасы» бағдарламасына биылғы жылы 2098 жасты жолдау жоспарланып, бүгінде 1063 адам жұмысқа орналасты.

ҚР Премьер-Министрі мен Шымкент қаласы әкімінің арасындағы меморандум аясында құрылатын жұмыс орындарына 14 517 тұрақты жұмыс орын құру белгіленіп,бүгінде ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 12 488 тұрақты жұмыс орыны құрылды, яғни жоспар 86%-ға орындалды.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі М.Әйтенов бірқатар тапсырмалар берді:

- азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылу үлесін арттыруды;

- мемлекет қамқорындағы балалардың білім алуы мен жұмысқа орналасуын бақылауға алуды;

- аялдамалардың, қоғамдық орындардың пандустарын реттеп, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға аса көңіл бөлуді;

- тұрғындармен тікелей жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігін үнемі арттырып отыру, олардың қызмет көрсету сапасын арттыруды қолға алуды жүктеді.

Бәйдібектік тұрғынның ауласынан ірі көлемде сора есірткісі мен көкнәр тәркіленді

Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі егілген ауланы тауып, күдіктіні құрықтады. Нақтырақ айтсақ, полиция бөліміне жергілікті тұрғын үйінде ірі мөлшерде есірткі затын өсіруі мүмкін екендігі жөнінде хабарлама түседі.

Ақпарат алысымен Бәйдібек АПБ қызметкерлері күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Қабылданған жұмыстар нәтижесінде, полиция қызметкерлері тұрғынның үйінің ауласынан заңсыз, өсіруге тыйым салынған 300 түп жасыл түсті өсімдікті тапты.

Одан бөлек 180 түп "көкнәр" өсімдігіне ұқсас зат табылды. Оларға сараптама тағайындалды. Қорытындыға сәйкес алынған түптердің бірі "сора", ал екінші анықталған зат "көкнәр" есірткі заты болып шықты. Аталған жайт ҚР ҚК 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді ірі мөлшерде заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркелді.

Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері есірткімен қоғамды улау заң аясында жауапқа тартылатынын ескертеді. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулыққа мән берейік.

Түркістан облысында деструктивті-діни ағым жақтаушысынан сора есірткісі тәркіленді

Түркістан облысы ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы бойынша ҰҚКД-мен бірлесіп жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында, есірткі заттарын сатады деген күдікпен ер адамды ұстады. Ол деструктивті-діни ағымның жақтаушысы ретінде тіркелген Кентау қаласының тұрғыны болып шықты.

Жедел уәкілдер күдіктінің тұрғылықты мекенжайына тінту жүргізіп, оның үйінің ауласынан биіктігі 30-40 см болатын есірткі затына ұқсас 17 түп өсімдікті тауып, тәркіледі.

Сараптама қорытындысына сәйкес, айғақты зат ретінде алынған түптер құрамында есірткісі бар «сора» болып шықты.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігі "Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" бойынша тіркелді.Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Түркістан: Полиция подполковнигі Б.Жанаев жүргізушілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Түркістан облысында 1 айға жоспарланған республикалық «Қауіпсіз-жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Аталған іс-шара барысында Түркістан қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Бауыржан Жанаев, жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында қызметкерлермен бірге орталық көшелерде рейд жүргізді. Яғни, полиция бастығы түрлі жол апаттарының алдын алу, болдырмау мақсатында Әмір Темір мен Тоқаш Бокина көшелерінің қиылысында жол қозғалысы ережесінің сақталуын қамтамасыз етті.

Түркістан қаласының бас полицейі қауіпсіздік белдігін тақпаған, көлік басқару кезінде ұялы телефонмен сөйлескен құқық бұзушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оларға полицейлер тиісті заңды шара көру үшін әкімшілік хаттамалар толтырды.

Мысалы, патрульдік полиция қызметкерлері қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін «Mercedes» автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде, оның көлік басқаруға арналған куәлігінің жоқ екені белгілі болды. Осыған орай жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы «Жол жүру ережелерінде көзделген жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» мен 612-бабы «Құжатсыз және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы» бойынша заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, полиция подполковнигі Б.Жанаев жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескетті.

Айта кетер болсақ «Қауіпсіз-жол» іс-шарасы басталғалы бері 10 күн ішінде Түркістан қаласы бойынша қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған 350-ге жуық азамат анықталып оларға ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» 591-бабы « Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы» 41 хаттама 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» 7 хаттама толтырылды.