200-ден астам шымкенттік жас кәсіпкер жеңілдікпен несие ала алады

Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында биылдан бастап берілетін шағын несиені 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады.

Мемлекеттік қолдау биыл қаладағы 261 жасқа көрсетіледі. Өтініш берген сәтте үміткердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Бағдарламаға жұмысшы жастар да қатыса алады.

Несиелеу шарттары:

Несие сомасы: 5 млн теңгеге дейін

Сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 2,5%

Несие мерзімі: мал шаруашылығын дамытуға – 7 жылға дейін; бизнестің басқа бағыттары үшін – 5 жылға дейін.

Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезең қарастырылған.

Несие кепіл мүлікпен қамтылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік болмаған жағдайда кепіл беруші ретінде ата-аналарын, туыстарын және т.б. тартуға болады.

Өтінім беруге құжаттар “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ филиалында қабылдануда.

Мекенжайы: Әл-Фараби ауданы, Қонаев даңғылы, 3/3.

Қажетті құжаттар тізімі:

1. жеке басын куәландыратын құжат;

2. жоба бойынша бизнес-жоспар;

3. қызмет көрсететін банк шотын растайтын анықтамалар;

4. қаржы ұйымдарынан (несие болған жағдайда) несие берешегінің, оның ішінде мерзімі өткен берешек туралы анықтамалар;

5. қатысушының/үміткердің жалақысын және өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме);

6. кепіл мүлікті бағалау туралы есеп;

7. кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Шағын несие беру туралы шешімді комиссия қабылдайды. Комиссия мүшелігіне мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының, БАҚ өкілдері кіреді.

Үміткерлер бизнес-жобасын комиссия отырысында таныстырады. Жоба өзекті, дәлелді, экономикалық тұрғыдан негізделген, әлеуметтік маңызы бар, өміршең болуы шарт.

 

Шымкентте «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» жаңа индустриалды аймақтары ашылады

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде шаралар қабылдау туралы нақты тапсырма берген болатын. Мемлекет басшысы «Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын. ...жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деп атап өткен болатын.

Осыған орай Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Жұлдыз» индустриалды аймағы қосымша 155 гектарға, ал, Шымкент сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 гектарға кеңейтілген. Сонымен қатар қазір Шымкентте тамақ өнеркәсібіне бағытталған «Бозарық» индустриалды аймағының құрылысы жүргізілуде.

Шымкент қаласы әкімдігі «Бозарық» және «Жұлдыз» индустриалды аймақтарының тұжырымдамасы мен қоршаған ортаға әсерін бағалау құжаттарын әзірледі. Бұл индустриалды аймақтардың инфрақұрылым құрылысына республикалық бюджеттен тікелей қаржы тарту және осы аймақтарға «республикалық индустриалды аймақ» мәртебесін беруге жол ашады.

Айта кетейік, Шымкент қаласының өндірістік қуаты негізінен 5 өнеркәсіптік аймақта шоғырланған. Бұл аймақтарда жалпы 230-ға жуық инвестициялық жоба жүзеге асуда. Қазірдің өзінде 14 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылған. Қалаға келіп, жаңа кәсіпорындар ашуға ниетті инвесторлардың көп болуына байланысты, жоғарыда айтқанымыздай, «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» атты жаңа индустриалды аймақтар құру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Одан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығын Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңірінің логистикалық хабына айналдыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, Шымкент қаласының әкімдігі алдағы бесжылдықта қала экономикасына 6 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

 

 

Жол картасын жүзеге асыруда қалалық білім жүйесінде не өзгерді?

ҚР Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесін дамыту бойынша Жол карталарын әзірлеуді жалғастыруда. Министрлік пен әкімдіктердің бірлескен құжаты өңірлердегі білім саласындағы мәселелерді нақты шешіп, кешенді дамытуға бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері жол картасы республикалық маңызы бар үш қалада және Ақтөбе облысында қабылданды. Шымкент қаласының жол картасын жүзеге асыру нәтижелері:

• Жоғарғы жылдамдықтағы 100 мб/с төмен емес интернет желісімен 100 мектеп қамтамасыз етілді. Қаралған қаржы – 554,3 млн.тг.

• Білім беру ұйымдарына арнайы талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері, турникеттер, дабыл батырмалары толығымен орнатылып, Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына қосылып, І-дәрежелі мамандандырылған күзетпен келісім-шарт түзілді.

• 3 мектептің құрылысы ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға беріліп, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі толығымен шешіледі. Сонымен қатар, Шымкент аграрлық-техникалық колледжіне соңғы үлгідегі қосымша құрылысы ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға беріледі.

• Бір айда 8 000 баланы қосымша білім берумен қамту мүмкіндігі бар соңғы үлгідегі «Оқушылар сарайы» және 1 800 балаға арналған «Өнер мектебі» ағымдағы жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі.

• 4 мектепке типтік үлгідегі спорт алаңшасын салу құрылыстары басталды. 185,6 млн.тг. қаржы қаралды.

• Жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 1 767,4 млн.тг. қаржы қаралып, жалпы 141 мектепке кабинеттер, 320 дана интерактивті панельдер сатып алынуда. Нәтижесінде, пән кабинеттер үлесі 72%-дан 85% артатын болады.

• Балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында білім ұйымдары жанындағы 35 жаяу жүргіншілер өткелі, 12 бағдаршам, 42 жол белгілері, 16 көшелердің жарықтандырылуы мен 812 метр жаяу жүргіншілердің аяқжолдары талаптарға сәйкестендірілді. Қаралған қаржы – 486 млн.тг.

Шымкентте «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты іске қосылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі бірқатар шараларды қолға алған. Атап айтқанда, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і инвестициялық бағдарлама қабылдап, 2022 жылы 121,3 шақырым электр желілері жаңартылған. Ал, биыл 126,3 шақырым желілер мен 4 қосалқы станциясын жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, компания 2024 жылы 147,8 шақырым желі мен 3 қосалқы станцияны, 2025 жылы 90,2 шақырым желі мен 5 қосалқы станцияны жаңарту көзделіп отыр.

Бұдан бөлек Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілеріне жұмыстары жүргізіліпті. «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 млрд. теңге қажет. Бұл Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді.

Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і 1 902,1 шақырым электр желісін жаңартуы тиіс. Ол үшін 31,4 млрд. теңге инвестиция тартылуы қажет. Бұл электр желілерінің тозу деңгейін 20 пайызға төмендетеді. Сондай-ақ, «Қуатжылуорталық-3» 19,8 шақырымдық жылу жүйесін жаңғыртуға 3,2 млрд. теңге инвестиция сала отырып, тозу деңгейін 15 пайызға төмендете алады.

«Су ресурстары Маркетинг» ЖШС-і де 83 шақырым су құбырын жаңғыртуға – 2,5 млрд. теңге, 18 шақырым су бұру жүйесін жаңғыртуға – 29,8 млрд. теңге инвестиция салуы қажет. Нәтижесінде ауыз су жүйесінің тозу деңгейі 21 пайызға төмендейді.

Осы міндеттерді орындау мақсатында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментімен бірлесе отырып тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Шымкенттік кәсіпкерлер үшін ашықтықты қамтамасыз ететін портал қолжетімді

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің өркендеп, дамуына байланысты бірқатар маңызды бағытты айшықтап берген болатын. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Атап айтқанда, Президент Жолдауда: «Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық» деді. Президенттің бұл бағытта берген тапсырмасы Шымкент қаласында өз деңгейінде орындалып келеді. Осы тапсырмалар аясында Шымкентте «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, тиісті жұмыстарды жүргізуде. Бүгінгі таңда шаһарда жеке кәсіп бастағысы келетін азаматтар үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Түрлі курстар әзірленіп, арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында гранттар бөлініп, кіші және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлінген.

Соның ішінде, кәсіпкерлер үшін ашықтықты қамтамасыз етуде «КАЗГИСА» ЖШС тарапынан геопортал әзірленді. Геопорталға қаланың егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, Бас жоспары және инженерлік жүйелері бойынша электронды ақпараттары енгізілген. Шымкент қаласының азаматтары үшін де жалпыға ашық карта «http://geo-shym.kz» сайтында қол жетімді. Ақпараттық порталдың «Тақырыптық карталар» бөлімінде шаһардың Бас жоспары, аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы, қаланың шекарасы, функционалды аймақтар, бағалау аймақтары, қауіпсіздік аймақтары, қызыл сызықтар және басқалар туралы мәлімет толық берілген. Картографиялық материалдар қажеттілігіне қарай үнемі жаңартылып отырады.

Осыған орай, қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша бірқатар жер учаскелері айқындалып, оларға электронды түрде аукцион өткізу жоспарланған.

 

Шымкент: Су жылыту газ құбырының қазандықтарын ұрлаған азамат ұсталды

 

Әл-Фараби АПБ-ның «102» арнасына Шымкент қаласының тұрғыны арызданды. Ол онда, өзі газ жүргізетін мекеме қызметкері болып жұмыс жасайтынын, кезекті жұмыс күнінде Шымкент қаласындағы тұрғындар жайғасқан жатақханаларының бірінде су жылыту газ құбырын жөндеуге барғанын жазған. Сондай-ақ, жөндеуді аяқтаған соң, оны тексеру үшін техникаларды тоққа қосып кетіп, ажырату үшін араға уақыт салып аталған мекен жайға қайта келген кезде ұрлық жайты орын алғанын көрсеткен. Яғни, бөгде азамат сондағы сыртқы қоршауды бұзып кіріп, жалпы құны 500000 (бес жүз мың) теңгені құрайтын 2 (екі) дана су жылыту құбырының қазандықтарын жасырын түрде ұрлап кеткенін жазып көрсеткен.

Аталған жайт ҚК-тің 188-бабының3-бөлігімен(Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Полиция қызметкерлері қылмысты ашу үшін шұғыл түрде іздестіру жұмыстарына кірісті. Күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шараларды жүзеге асырды.

Нәтижесінде, күдіктіні қала аумағынан қолға түсірді. Ол Алматы қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты. Жұмыссыз, бұрын-соңды сотты болмаған.Тергеу барысында ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, газ құбырының қазандықтарын сатып, одан пайда көрмек болғанын жеткізді. Қазіргікезде күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Шымкент: «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 53 жоба іске асырылмақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілгені белгілі.

Қазақстан Президенті «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады. Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жеке меншікке беру мәселесін шешу қажет» деп атап өткен болатын.

Осыған орай, бүгінде Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларына инвестициялық жеңілдіктерді сараланған түрде беру мәселесін пысықтап жатыр. Атап айтқанда, 2022 жылдың желтоқсан айында осы саладағы заңнамаға «бейінді емес қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар» деген ұғым енгізілді. Яғни, жаңа нормаға сәйкес мұндай тұлғаларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімі берілуі мүмкін, алайда, ондай кәсіпорындар салықтық және өзге де жеңілдіктерге ие бола алмайды.

Айта кетейік, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялық құны 130.4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Әзірге мұнда 31 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпорындарға 53.2 миллиард теңге инвестиция тартылған және онда 2 309 адам жұмыспен қамтылған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындар өндіретін тауарлар АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Бельгия, Италия, Корея, Хорватия, Түркия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Ресей сынды әлемнің 22 еліне экспортталады.

Жоспарға сәйкес Шымкентте 2023-2024 жылдары жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын арттыруға және жаңа зауыт-фабрикалар ашуға бағытталған 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспары бар.

 

Шымкент: Кәсіпкерлер бөлшек салықтың арнайы салық режімін білуі керек!

 

Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық Кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 наурыздағы №213-VII Заңына Мемлекет басшысы қол қоюына байланысты, салық заңнамасының негізгі өзгертулері бойынша хабарлайды.

Салық кодексінің 242-бабы жаңа 3-2-тармақпен толықтырылды (Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі),ол бөлшек салықтың АСР-ін қолданатын тұлғалардан сатып алу бойынша шығыстардың сомаларын КТС бойынша шегерімдерге жатқызу Салық кодексінің 242-бабының ережелері сақталған кезде электрондық нысандағы шот-фактура немесе деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасының чегі және (немесе) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының сәйкестендіру нөмірін қамтитын арнайы мобильді қосымшаның чегі негізінде жүргізілетінін көздейді;

Салық кодексінің 412-бабының 1-тармағы (Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бөлшек салықтың АСР қолданатын салық төлеушілердің шегерімдерді растауы үшін пайдалану мақсатында тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының талабы бойынша шот-фактуралар жазу міндетін көздейтін жаңа 12) тармақшамен толықтырылды;

Салық кодексінің 412-бабы 13-тармағы 1) тармақшасының төртінші жаңа абзацы (Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) сатып алушыға тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді осындай сатып алушының сәйкестендіру нөмірін қамтитын арнайы мобильдік қосымшаның чегін ұсынған жағдайда бөлшек салықтың АСР-ін қолданатын салық төлеушілердің шот-фактураны жазып беру жөніндегі талапты орындау қажеттілігін жояды;

Салық кодексі 77-2-тараумен толықтырылды (2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)

бөлшек салықтың АСР салық төлеушілері:

- салық кезеңі үшін қызметшілердің орташа тізімдік саны 200 адамнан аспайтын;

- күнтізбелік жылдағы табысы айлық есептік көрсеткіштің 600 000 еселенген мөлшерінен аспайтын (2023 жылы – шамамен 2 млрд. теңге);

- осы режимді қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қызмет түрлерінің біреуін немесе бірнешеуін ғана жүзеге асыратындар қолдануға құқылы.

Құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде бөлшек салықтың АСР қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар бөлшек салықтың АСР қолдануға құқылы емес.

Бөлшек салықтың АСР қолдану кезінде КТС/ЖТС ставкілері:

- 4% Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде салық кезеңі үшін алынған (алынуға жататын) барлық кірістер бойынша. Бұл ретте жергілікті өкілді органдардың бөлшек салық ставкасының мөлшерін 50% - ға, яғни 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуге құқығы бар. Ставкі мөлшерін төмендету туралы шешімді, ол енгізілген жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей жергілікті өкілетті орган қабылдайды.

Бұл ретте 2023 жылға арналған ставкі мөлшерін төмендету туралы шешімді жергілікті өкілетті орган ағымдағы жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей қабылдауы тиіс («Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 57-17-бабына сәйкес уақытша норма).

- 8% кәсіпкерлік субъектілеріне тауарларды сатудан, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден алынған кірістері бойынша, шығыстарға шегерімдер сомасын құжаттамалық растау қажет болған жағдайда (сатып алушының ЖСН/БСН көрсете отырып, электрондық шот-фактура жазып немесе чек бере отырып). Бұл ставкінің мөлшерін төмендетуге жатпайды.

 

Шымкенттің жас ғалымдары үздік деп танылды

2023 жылғы 04-06 сәуір аралығында Дарын Республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы онлайн форматта Google Meet платформасы арқылы өткізілді. Конкурстың қорытынды кезеңіне 19 секция бойынша 59 оқушы 56 жоба қатысты.

Шымкент қаласы 4 АЛТЫН, 7 КҮМІС, 17 ҚОЛА, 4 ГРАМОТА-ға ие болды!!!

Нәтижесінде:

1. Пердеқұл Алдияр Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы, этномәдениеттану секциясы - І орын;

2. Төреқұл Шұғыла Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернаты, биология секциясы - І орын;

3. Цуркан Константин Н.Д.Оңдасынов атындағы №38 мектеп-гимназиясы, физика секциясы - І орын;

4. Еділбекова Шырын №88 жалпы орта білім беретін мектебі, химия секциясы - І орын;

5. Аббас Аида Білім-инновация" қыз балаларға арналған №2 лицей-интернаты, құқық негіздері секциясы - ІІ орын;

6. Серік Айару Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернаты, ағылшын тілі секциясы - ІІ орын;

7. Өлмесхан Аида №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы, этномәдениеттану - ІІ орын;

8. Абдыхалық Нұрғиса №54 жалпы орта білім беретін мектебі, орыс әдебиеті секциясы - ІІ орын;

9. Әтрет Нұршат Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернаты, экономика секциясы - ІІ орын;

10. Есіркеп Рамазан №2 үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернаты, биология секциясы - ІІ орын;

11. Байжүрек Баязит Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия, қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы секциясы - ІІ орын;

12. Арыстан Шынар Абдраш Назарбеков атындағы №87 жалпы орта білім беретін мектеп, тарих секциясы - ІІІ орын;

13. Данияр Нұрай Білім-инновация" қыз балаларға арналған №2 лицей-интернаты, орыс тілі секциясы - ІІІ орын;

14. Құдайберген Нұрдана №137 жалпы орта білім беретін мектебі, қолданбалы математика секциясы - ІІІ орын;

15. Абдыхали Мирас Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия, қолданбалы математика секциясы - ІІІ орын.

Шымкент: 367 млрд теңгеге 14 меморандумға қол қойылды

100 - ге жуық шетелдік компания Шымкент пен Түркістан облысының аумағында жүзеге асырылатын жобаларға мүдделі. Бұл туралы Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов мәлімдеді.

"367 миллиард теңгеге 14 меморандумға қол қойылды. Инвестициялар құрылыс материалдарын өндіруге, жеңіл өнеркәсіпке, металлургияға, денсаулық сақтауға, қонақ үй бизнесіне, жасыл экономикаға жоспарлануда. Мысалы, құрылыс материалдарын шығаратын зауытты ресейлік компания салады. Ол "жұлдыз" индустриялық аймағында болады және 2024 жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Сондай-ақ, Үндістан компаниясымен Ақжар елді мекенінің ауданында көпсалалы клиника салу туралы Меморандумға қол қойылды. Іске асыру мерзімі-2026 жыл. Инвестиция сомасы-90 миллиард теңге. Компанияның құрылтайшылары әлемдегі ең ірі және табысты донорлық және бауыр трансплантациясы бағдарламаларының біріне ие", - деді Е.Тұрманов.

 

Сонымен қатар, меморандум аясында әлемге әйгілі Hilton брендінің қонақ үйін салу жоспарлануда. Ол Shymkent City - де орналасады.

Қазақстандық компаниялар қол қойылған меморандумдар шеңберінде 800 төсектік көпбейінді аурухананы, ауысымда 700 адам қабылдайтын клиникалық-диагностикалық орталықты және Қонаев даңғылындағы "Shymkent Tower" А класты сауда-іскерлік орталығын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Германиядан келген инвесторлармен бірлесіп құрылыс материалдарын өндіру бойынша Инновациялық парк, атап айтқанда, газдалған бетон блоктары, талшықты цемент плиталары және құрғақ құрылыс қоспалары зауыты, шыны ыдыстарды өндіру және құрылыс материалдарын шығару жөніндегі кәсіпорын салу жоспарлануда.

Қытайдан келген инвесторлар керамикалық плиткалар шығаратын зауыт салуға ниетті.

Шымкентте тоқыма емес мата шығаратын зауыт, ABC "Greenfield" индустриялық паркі салынады. Жоба микро, шағын және орта бизнес субъектілерін өндірістік қызмет үшін дайын үй-жайлармен қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Ал Шымкентте электромобильдерді сатуды ұйымдастыру және зарядтау станцияларының желілеріне қызмет көрсету жобасы жүзеге асырылатын болады.