Маңызды инвестициялық жобаның басталуына орай өткен жиында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов құрылыс жұмыстарына сәттілік тілеп, өңірдің индустриялық дамуына серпін беретін мұндай бастамалардың маңызын атап өтті. – Жаңа өндіріс орны аудан экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, – деді ол.Айта кетейік, зауыт Төлеби ауданының Киелітас ауылдық округінде орналасады. Құрылыс жұмыстары 2026-2028 жылдар аралығында аяқталып, 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жоба – еліміздегі алюминий өнімдерін өңдеу саласындағы жаңа кезеңнің бастамасы болмақ.
Бүгінде Түркістан облысы экономикалық дамуында жаңа белеске көтеріліп, жалпы өнім көлемі бойынша республикада көшбасшылар қатарынан көрінді. Соңғы жылдары облыстың өндірістік қуаты мен экономикалық әлеуеті айтарлықтай артты. Бұл – аймақтағы инфрақұрылымдық, әлеуметтік және өндірістік жобалардың табысты іске асуының нәтижесі.Облыс экономикасының өсімі әр салада көрініс тапқан. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда және қызмет көрсету салалары тұрақты дамып, жалпы өнім көлемінің артуына үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, өңірге тартылған инвестициялар жаңа өндіріс орындарын ашуға, инфрақұрылымды жаңартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік берді.
Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Былтыр 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар былтырғы жылдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған.
Өткен жылы өңірде тау — кен өнімі 574,6 млрд. теңге немесе өсім 115,1%-ға жетті. Жоспар (115%) толық орындалды. Ауыл шаруашылығында 1 086,9 млрд. теңгенің өнім өндіріліп, өсім қарқыны 101,7% деңгейінде орын алды. Оның ішінде мал шаруашылығы – 353,5 млрд. теңге болса, өсімдік шаруашылығында 728,0 млрд. теңгенің өнімі жиналған. Облыс экономикасына, 1178,4 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 124,2%-ды құрады. Жалпы сауда көлемі 688,4 млрд. теңгеге жетіп, өсім қарқыны 148,3%-ды құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 450,6 млрд. теңгеге жетті немесе өсім 128,6% деңгейінде қалыптасты. Есепті кезеңде 931,1 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға тапсырылып, өсім 110,2%-ды құрады. Көлік және қоймалау қызметінің жалпы көлемі 445,2 млрд. теңгеге жетіп, 124,8%-ға артса, байланыс қызметінің көлемі 9,8 млрд. теңгеге жеткен.
Түркістан облысы экономикалық көрсеткіштерімен республикада алдыңғы қатарға шықты. Алдағы уақытта облыс экономиканы әртараптандыру, жаңа инвестициялар тарту және өндірісті дамыту бағытында жұмыстарын жалғастырады. Бұл өз кезегінде аймақтың тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына ықпал етеді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат