Шара барысында күбі пісу, қазақ күресі және ләңгі тебу сынды дәстүрлі жарыстар өткізілді. Қыздар арасында өткен күбі пісу сайысында қатысушылар арнайы дайындалған ағаш күбі мен піспек арқылы айран пісіп, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Бұл байқауға ауылдық жерлерден арнайы шақырылған әжелер төрелік етіп, пісіру әдісінің дәстүрлі үлгіде сақталуына мән берді.
Сонымен қатар, қазақ күресінен өткен жарысқа еліміздің әр аймағынан келген жас спортшылар қатысты. Алты команда құрамында өзара белдесіп, сынға түсті.Бұдан бөлек, ұлттық ойындардың бірі саналатын ләңгі тебу сайысында жастар өз ептілігі мен шапшаңдығын танытты. Табиғи ортада өткен сайыста қатысушылар белгіленген уақыт ішінде ләңгіні мүмкіндігінше көп тебуге тырысып, өз шеберліктерін көрсетті.Барлық сайыстардың нәтижесі командалық ұпайларға есептелді. Жобаның қорытынды бөлімінде үздік қатысушылар мен командалар марапатталып, арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.
Қазақ халқы ата-бабадан келе жатқан салт-дәстүрдің қаймағын бұзбай, ұмытылуына жол бермей келеді. Халқымыздың салт-дәстүрі – елдің айнасы, халық болмысының көрінісі. Сол себепті оларды біліп, барынша насихаттау — жастардың парызы.Қазақ халқының салт-дәстүрі тіршілік кәсібіне, наным-сеніміне, өмірге деген көзқарасына байланысты ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Бала тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптарға шілдехана, сүндет той, ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару, тұсау кесу, атқа мінгізу сынды дүниелер жатады. Тұрмыс салт-дәстүрлеріне киіз үй, ұлттық киім мен тағам, мал бағу, егіншілік, аңшылық, балықшылық, бағбаншылыққа қатысты кәсіптерге үйретудің тәлімгерлік түрлері енеді. Ал әлеуметтік-мәдени салт-дәстүрге қазақ ауылы, ауыл адамдарының туыстық қатынасы, шешендік сөз өнері, ұлттық аспаптар, үйленуге, қонақ күтуге байланысты шаралар легі жатқызылады.
Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні орасан зор. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазіргі жастар ата-әжелерінен, ата-аналарынан ұлттық салт-дәстүрімізді үйреніп өсуі тиіс. Келешекте оны өз отбасыларында қолдана білуі қажет. Сонда ғана атадан мирас болған әдет-ғұрыпты ұрпаққа насихаттай аламыз. Ұлтымызға жалын, ұрпағымызға тәлім беріп келе жатқан дәстүрімізді ұмытпай, қазақ деген халықтың патриот ұрпағы болып атын шығара беру – бәріміздің парызымыз.
Қазақ халқының ұлттық дәстүрі – ұлттық рухтың тайқазаны. Әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жеке адам емес, бүкіл қоғам бірлесіп жасайды. Халық ұлт болып өмір сүруі үшін оның әдет-ғұрып, салт-сана түріндегі ұлттық дәстүрлері болуы қажет. Жер бетінде қазақ деген ұлт болып кеңінен танылуымыз үшін, ұлттық сана сезімімізді оятып, ұмыт болуға таяған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуды міндетін деп біліп, қолға алуымыз керек. Бабалар салып кеткен дана жолмен, ата салтымызбен өмір сүру – ұлттығымыздың басты міндеті. Дәстүрге сай өмір сүру, оның кейбір тұстарын заман талабына сай жаңғырта, бейімдей отырып қолдану – өнершілдіктің белгісі. Жас ұрпақты ата салтымызбен тәриелеу, бабаларымыздың болашақ ұрпақ үшін ақ білектің күшімен салған даңғыл жолымен жүріп, дәстүді сақтап өмір сүруі – әрбір қазақтың ұлт алдындағы азаматтық борышы.
Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Б.Момышұлы «мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт-дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң.
Ұлттық ойындар туралы айтар болсақ, көне заманда жазу, сызу болмаған кезінде ата – бабаларымыз ұлт ойындарын жан – жақты тәрбиелеудің негізгі құралы ретінде қарастырып, күшті, төзімді, түрлі жарыстарда жеңімпаз атанатын адамды анықтау рөлін ғана атқарып қоймай, тәрбиеге пайдалы ықпал ететін негізгі күш ретінде қарастырған. Қазақтың ұлттық ойындарында адам өміріндегі балалық шақ, ер жеткен кез, үлкен адамдарға қатысты барлық кезеңдер ескерілген.
Балаларға ұлттық тәбие беруде ұлттық ойындардың орны ерекше. Ұлттық ойындар барысында балаларға дене тәрбиесімен қатар, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстыру, баланы ұлттық рухта тәрбиелеу үрдісі жүзеге асырылады. Мысалы, «Ақсерек пен Көксерек», «Соқыр теке», «Орамал тастамақ», «Алтыбақан», «Бәйге» сияқты көптеген түрлері қимыл – қозғалыс, белсенді іс - қимыл жасауына себеп болса сонымен қатар тәртіпті сақтау, әділетті болу, қоршаған ортамен танысу тағы басқа тәрбиелік, мәдени жақтарды жетілдірумен ерекшеленеді. Логикалық ойлау қабілеттерін дамытатын «Тоғызұқмалақ», «Бестас» секілді ұлттық ойын түрлері де бар. Ұлттық ойынның нәрімен сусынданған жас ұрпақ қашанда ұлтжанды болып өседі. Сол үшін де патриотты, рухы мықты ұрпақ тәрбиелеуде осыны ескерген жөн.
Қазақтың ұлттық ойындары мәдени-патриоттық тәрбие беруде ұтымды құрал екендігін дәлелдеп отыр. Ұлттық ойындар мектепке дейінгі, мектеп жасындағы, жастар мен ересектер арасында бұқаралық дене тәрбиесі құралы ретінде пайдалану, ұлттық ойындарымызды сақтау, насихаттау, денсаулықты нығайту, салауатты өмір салтын таратуға септігін тигізеді.
Айта кетсек, қазақ халқының ұлттық спорт түрлері – тек ойын-сауық қана емес, сонымен қатар жауынгерлік рухты оятатын, ептілік пен батылдықты талап ететін өнер. Ата-бабаларымыз көшпелі өмір салтында өзін-өзі қорғау мен аңшылыққа дайын болу үшін түрлі спорттық ойындармен айналысып, ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат