Даму және ерте араласу орталығы Шымкент қалалық № 2 емханасында 2012 жылы ашылған. Орталықтың басты мақсаты баланың өмірінің алғашқы кезеңдерінен бастап сау өсуі мен дамуын қамтамасыз ету. Бұл отбасыларға арналған қолдау кеңістігі және балалардың дамуындағы ауытқулардың тиімді профилактикасы. Яғни, бұл жүйе - баланың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтауға және түзетуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек бұл кабинетте жүкті келіншектермен де жұмыс жасалады. Олардың денсаулығы, зиян әрекеттерден аулақ болуы, күйзеліс, тұрмыстық зорлық зомбылық құрбаны болмауына мән беріледі. Ерте жастағы, яғни 0-5 жас аралығындағы балалардың аурушаңдығын, өлім-жітімін, мүгедектігін азайту мақсатындағы бағдарлама аясында жұмыс жасайтын кабинеттің медбикесі Шазимова Дилрабам өзіне жұмысы ұнайтынын айтады. Және өзіне жүктелген жауапкершіліктің маңыздылығын түсінеді.
Жұмыс барысында медбике жүкті әйелдермен, жас аналармен және 5 жасқа дейінгі балалармен жеке сұхбаттар жүргізетінін айтады.
Ана сүтімен емізу бойынша және балаларға қосымша тамақ беру және дайындау техникасын көрсетеді, ата-аналарға мастер класстар өткізеді. Одан бөлек бұл кабинетте оқу бөлмесі бар. Ондағы медбике -Аккаунова Улдана әмбебап, прогрессивті патронаж модулдері бойынша оқу жаттығу жұмыстары жүргізеді. Бұл орталықта патронаж қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, сапалы жұмыс жүргізуге бағыт –бағдар береді.
Осындағы аудиоскрининг бөлмесінде -Абдираймова Роза Онгаровқызы жұмыс істейді. Медбике баланың есту қабілетін тексереді.
Ауытқуы бар балалар ерте анықталып тиісті мамандарға жіберіледі, ерте араласу арқылы тиісті көмек көрсетіледі.
Баланың денсаулығын қадағалау, қамқорлық жасау – әрбір ата-ананың басты міндеті. Бала денсаулығы – ауырмауында ғана емес, оның толық дамуында, көңіл күйінің жақсы болуында, қоршаған ортамен байланыс жасай білуінде. Ендеше, баланың денсаулығына ерте бастан көңіл бөліп, оның дұрыс дамуына жағдай жасай білейік дейді Даму және ерте араласу орталығының медбикелері.