Сарыағаш: 2 000 000 теңгенің малдарын ұрлаған 46 жастағы ер адам сотталды

Сарыағаш полициясына жергілікті тұрғын арызданып, түнгі 04:30 шамасында үйінің қорасында тұрған 4 бас жылқысын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін жеткізді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 2 000 000 теңгені құрады. Бұл жайтты полицейлер тез арада тіркеуге алды.

Жедел-тергеу тобы ақпарат алысымен оқиға орнына аттанып, жедел шараларды жүргізді. Орын алған мал ұрлығы қылмыстарын ашу, күдіктілерді ұстау мақсатында тәртіп сақшылары қарқынды қызмет атқарды. Мал таситын көліктерді, мал базарларды мұқият тексеріп шықты. Полиция қызметкерлері бастаған жедел уәкілдердің жан-жақты іздестіруі нәтижесінде, күдіктінің ұрлаған жылқыларды жасырып отырған орны анықтады. Сонымен қатар күдікті ретінде жергілікті тұрғын, яғни 46 жастағы ер адам ұсталды. Аталған жайт ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркелді.

Бұл істі Сарыағаш ауданының тергеушілері толығымен аяқтап, сотқа жолдады. Нәтижесінде сот шешімімен күдікті ер азамат 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

ҚР Қылмыстық Кодексте 188-1-бапта «Мал ұрлау»:

Мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру – 

мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Мынадай: 
1) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған; 
2) ірi мөлшерде жасалған мал ұрлау – 
мүлкi тәркiленiп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
 Мынадай: 1) бірнеше рет; 2) тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кiрумен жасалған мал ұрлау – 
мүлкi тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Мынадай: 1) қылмыстық топ жасаған; 2) аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлау – 
мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
Ескертпе. Осы бапта мыналар мал деп түсініледі: 
ірі қара мал; 
жылқылар мен есектер; 
түйелер; 
ұсақ мал; 
шошқалар. 
Ескерту. 6-тарау 188-1-баппен толықтырылды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен деп көрсетілген.


 

ШЫМКЕНТ: ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ МАҢЫЗДЫ

Шымкент қаласында «Sarap» эксперттік клубының «Жолдау –2022: Қазақстанда қандай реформалар жүргізіледі?» атты өңірлік отырысы өтті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен шаһарда алғаш рет ұйымдастырылған жиынға «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымы ұйытқы болып отыр. Еркін форматта өткен басқосуға қоғамдық даму институтының сарапшылары, қоғамдық ұйым жетекшілері, қаланың азаматтық белсенділері және студент жастар Мемлекет басшысының Жолдауы және алдағы орын алатын елеулі саяси оқиғалар туралы пікірлесті. Отырысқа «Қазақстандық қоғамдық даму институты» сарапшысы Олжас Бейсенбаев модераторлық етті. Ол өз сөзінде Президент Жолдауын жүзеге асыруда азаматтық қоғамның белсенділігінің маңызына тоқталды.–Біздің өңірлерді аралап көшпелі жиын өткізуіміздің негізгі мақсаты – азаматтар мен қоғамдық ұйымдарды саяси оқиғаларға белсенділікке шақыру. Қазір Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру үшін заңдарға өзгеріс енгізуде. Біз осы жаңашылдық үшін маусым айында өткен жалпыхалықтық референдумда дауыс бердік. Жуырда жарияланған Жолдау алдағы уақытта орын алатын жаңалықтардың бастауы ғана. Сондықтан қоғамның да жаңғыруы өте маңызды. Бұл бағытта сіздерді белсенді болуға шақырамыз, - деді сарапшы.Ал, Шымкент қалалық Қазақстан халықтары Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрайымы Зәуре Оралбаева Мемлекет басшысы Жолдауда келтіргендей нағыз еңбек адамы елдің дамуының негізі екенін атап өтті.–Бүгінде халық бір-бірімен жиі пікірлесіп, тәжірибе алмасып отырмаса біз көзделген нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Ол үшін бірінші кезекте адамның ішкі мәдениеті дұрыс қалыптасуы керек. Сондықтан Жаңа Қазақстанды құрушы әрбір азаматқа, оның ішінде жастарға терең білім мен саналы тәрбие қажет. Осы ұғымдар үйлесімін тапқанда ғана нағыз еңбек адамы қалыптасады. Ал, еңбек адамдары әр саланы жоғары нәтижеге жеткізуші, әрі елдің дамуының негізі болмақ, - деп атап өтті З.Оралбаева. Жиынға қатысушылар өз ойларымен бөлісті. Мәселен, «Жалын жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Керімбеков Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына қатысты бағытты тарқатып берсе, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев жастарды жұмыспен қамтудың басымдықтары туралы баяндады. «Шымкент қаласының әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Жандосова Жолдауда айтылған негізгі басымдықтардың бірі – әлеуметтік мәселелер жөнінде айтты. Талқылау нәтижесінде қатысушылар тарапынан түскен барлық ұсыныс Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ұсыныс ретінде жолданатын болды.

ШЫМКЕНТ: ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – КӘСІПКЕ ҚОЛДАУ

Шымкент қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында кәсіпкерлікті, оның ішінде туризмді дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті. Басқосуға мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Сатқанбаев, қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров және туризм саласының өкілдері қатысты.

 – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында елде, қоғамда орын алатын ауқымды саяси-экономикалық өзгерістердің басым бағыттарын айтып берді. Бұл маңызды құжат жазда Ата заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты өткен жалпы халықтық референдумның жалғасы іспетті. Мемлекет басшысы сол референдумда ұсынылған өзгерістердің негізінде елде саяси реформалар жүргізіп келеді. Оның ішінде әділетті Қазақстан қалай құрылады? Ол үшін мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту қажет. Соның бір көрінісі – алдағы 20 қарашада ел президентінің кезектен тыс сайлауы. Әділетті Қазақстанды құру жолында әр қазақстандық қалыс қалмауы қажет. Халық өзінің талап-тілегін заң аясында жеткізіп, іске асыруда шеттен тыс қалмауы керек, – деді Еркін Тұрниязұлы.

 Ал туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров Шымкент қаласының инвестициялық әлеуеті мен туризм саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге тоқталды. Кәсіпкерлерге ақпарат берді.

 – Бүгінде туристік бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан түрлі қолдау көрсетілуде. Соның бірі – жеңілдетілген несие беру. Мысалы, кәсібін жаңа бастағандар үшін 7 жылға дейін сомасы 10 миллион теңгеге дейін 1 пайызбен несие беріледі. Ал ірі кәсіпкерлерге алты пайызбен ұсынылады. Оған қоса шетелден келген туристер үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау, туристік нысан құрылысы шығындарының бір бөлігін өтеу, жол бойында қызмет көрсету, көлік сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу секілді бірнеше қолдау бар, – деді Ерлан Ермекұлы.

Басқарма басшысы әр инвесторға еліміздің заңдарына сәйкес қолдау көрсетуге дайын екендіктерін ерекше атап өтті.

 

 

ШЫМКЕНТ: ЖОЛДАУДЫҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫ НАСИХАТТАЛДЫ

«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауда «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», - дей келе, денсаулық саласын дамытуды тапсырған болатын. Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Н.Анарбеков пен «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Е.Бертаев Шымкент қалалық №2 емханасының ұжымымен кездесіп, Жолдаудың басым бағыттарын баяндады.

— Бұл Жолдау – жаңа Конституцияны іске асырудың негізгі тетігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауы маңызды бастамаларға толы болды. Соның ішінде елдің көкейінде жүрген көп сұрақ көтерілді. Халықтың денсаулығы, әлеуметтік мәселелері, елдің экономикалық дамуы, ешбірі назардан тыс қалмады. Мәселен, 2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы елдегі балалардың шотына 18 жасқа толғанға дейін аударылмақ. Сондай ақ, биыл күзде Президент сайлауы өтеді. Ал, келер жылы Парламент құрамы жаңадан жасақталмақ, - деді Н.Анарбеков.


ҚР Президенті Қ.Тоқаев Жолдауда «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр», - деп, саланың әлі де дамытуды талап ететін бағыттарына тоқталған-ды. Жиын барысында дәрігерлер Жолдауға қатысты өз пікірлерін айтып, оның жүзеге асуына атсалысатындарын жеткізді.

 

 

ШЫМКЕНТТЕ ПРОФЕССОРЛАР МЕН СТУДЕНТТЕР БАС ҚОСТЫ

«Смартфонды ойлап тапқан өнертапқыштардың өзі технократтық ойлау құлдырауға әкеледі. Яғни, руханиятты дамыту керек дегенді алға тартып жүр. Себебі, келешек гуманитарлық, педагогикалық ғылымдардың дәуірі болмақ». Бұл туралы «Егемен Қазақстан» РГ» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы Шымкентке келіп, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің оқытушы-профессорларымен және студенттерімен кездесу барысында баяндады. Жиынды М.Әуезов атындағы ОҚУ Басқарма төрағасы-ректоры Д.Қожамжарова жүргізіп отырды.

— Марқұм Рахманқұл Бердібаев ағамыз біз ғылым академиясында жүрген жас маман кезімізде «Елге барсаңдар, үш істі қатар алып жүріңдер. Әуелі, жергілікті газет, телевизияға барыңдар. Елдің жаңалығы сонда. Екінші, жергілікті кітапханаға соғыңдар. Ел ішінде сирек кітаптарды табуың мүмкін. Үшінші, сол өңірдің жергілікті зиялыларымен тілдесіп, пікір алмасып, рухани азық ал» деп айтып отыратын. Мен бүгінгі жас буынға да осы әңгімені айтқым келеді. Бір кездерде білімді сатып аламын деген буын шықты. Алайда, адам білімді өзі ізденіп, еңбектеніп жинауы керек. Еңбекпен келген білімнің берері мол, - деді Дихан Қамзабекұлы.

Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Д. Қамзабекұлы жастарға Алаш арыстары салған сара жолдың маңызын түсіндірді.

— Алаш зиялылары 1924 жылғы съезде тіл жүйесі мен білім жүйесін қалыптастырудың негізгі қағидаларын ұсынды. Терминологияға қатысты басты 3 негізгі қадамның орындалуын қадағалады. Біріншісі, терминдерді тілге бейімдеп аудару. Мәселен, Қытайға іс-сапармен барғанда мені таныстырды. Ол кезде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет етіп жүрген жылдар болатын. Таныстырғанда есімімнен басқа бірде-бір сөзді ұқпадым. Сұрасам, қытай тілінде профессор, университет деген сөздердің бірі де жоқ екен. Міне, терминологияны өз тіліне аударып алған. Екіншісі, өзіңде ұғымы жоқ сөз болса, терминді туыс түркі тілінен ал. Ал, үшіншіден, мүлдем икемге келмеген терминді тілдік табиғатына бейімдеп алу керектігін насихаттаған, — деп Д. Қамзабекұлы жастарға Алаш зиялыларының тілге, терминдерге қатысты аманатын жеткізді.

Кездесу барысында Алаш тарихы, білім жүйесіндегі олқылықтар, қоғамдағы сауатты адамдардың азаюы сынды келелі мәселелер қозғалды. Университет студенттері «Егемен Қазақстан» газеті, тіл ғылымындағы проблемалар төңірегінде сауалдарын жолдап, пікір алмасты.

ШЫМКЕНТ: АДАЛ БИЗНЕСКЕ ҚОЛДАУ АРТАДЫ

Шымкентке іс-сапармен келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардың мәселелерімен танысты. «Антикор орталығында» өткен жиынды Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев жүргізіп отырды.

Басқосуда Агенттіктің бизнесті қорғауға арналған жүйелі жұмыстары мен қаладағы проблемалық мәселелері талқыланды.

Бүгінде Агенттік тарапынан бизнесті қорғауға үш бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Біріншіден, бұл бизнестің парасаттылығына жәрдем көрсету жөніндегі тұжырымдамалық шаралар болса, екіншіден, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласудан қорғау тетіктерін енгізу. Ал, үшіншісі кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып жедел ден қою.

–Сыбайластыққа қарсы саясат тұжырымдамасында кәсіпкерлікті қолдау үшін нақты жоспар бекітілген. Заң бойынша жұмыс істейтін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттарды енгізуді қолдайтын компаниялар үшін мемлекеттік қолдауға түрлі жобалар бар. Мұндай жеңілдіктер мен преференциялар мемлекеттік сатып алу саласына көп жеңілдіктер сыйлайды. Сондықтан әрбір кәсіпкер бюджет ақшасымен жұмыс істеу кезінде өз бизнесінің ашықтығын қамтамасыз ету тиіс, -деді Саян Қылышұлы.

Сондай-ақ, жиында бизнесті қорғау шаралары да сөз болды. Жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі талдау және әкімдік өкілдерінің бизнеске әсер ету мүмкіндіктерін азайту бойынша да жүйелі жұмыстар қолға алынған.

–Кәсіпкерлік мүдделеріне қатысты кез келген тергеу әрекеттерін қосымша келісуді көздейтін алгоритм дайындалды. Негізсіз тексерулерге жол бермеу үшін мемлекеттік қызметкерлердің іс-әркеттеріне бақылау қатаңдайды, - деп түсіндірді Превенция басшысы.

Кәсіпкерлердің жиын барысында айтқан мемлекеттік сатып алу мен қолданыстағы басқа да заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туралы ұсыныстары назарға алынды.

ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІ САРАЛАНДЫ

Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның және қалалық қоғамдық кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов қатысты.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы принципті ұстаным билік органдарының барлық басшыларына қатысты екенін атап өтті. Шаһарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру мақсатында 2021-2023 жылдарға арналған өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленді.

Іс-шара барысында С.Ахметжанов Агенттіктің елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асырудағы жаңа тәсілдері туралы баяндады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында республиканың әрбір өңіріне арнайы бекітілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы туралы айтты.

– Шымкент қаласының тәуекелдер картасында білім беру, медицина, құрылыс, жер қатынастары, қаржы, полиция, әлеуметтік қорғау және т.б салалар көрсетілген. Қазіргі уақытта атқарылған жұмыстардың оң қорытындысы бар. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою басты назарда тұр. Өңірлерге сапарымда халықпен, азаматтық қоғам өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, қандай тәуекелдер барын талқылаймыз. Оның қорытындыларына талдау жүргізіледі, – деді Саян Қылышұлы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Шаттық Өтеев департаменттің 2022 жылғы жұмысының қорытындылары туралы баяндап, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің, жер қатынастары саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталып өтті.

Іс-шара соңында қала әкімі аппаратқа және басқарма басшыларына хаттамалық нұсқаулар берді.

«ЖАСТАР НАШАҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫМЫЗ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ПЛАКАТТАР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында «Жастар нашақорлыққа қарсымыз» тақырыбында Түркістан қалалық плакаттар байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты - Жаңа Қазақстанның денсаулығы қуатты ұрпағын қалыптастыру, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үйрету, сондай-ақ, жасөспірімдерге нашақорлық пен темекінің зиян екендігін насихаттау. Ғасыр дерті саналатын зиянды әдеттер-темекі шегу, есірткі заттарды пайдаланудан аулақ болуға, бүгінгі жас буынды адамгершілік қасиетке тәрбиелеу. Сонымен қатар, жастарымызды жаңару мен жаңғыру жолына баулу, қоғамның қауіпсіздігімен қамтамасыз ету болды.

14 пен 25 жас аралығындағы аталған тақырыпта плакаттарға сурет салып, байқауға ұсынды. Қазылар алқасының сараптауынан соң қорытындылау кезеңінде өзі салған тақырыптық суретін ауызша, қысқаша түсіндіріп берді.

Жалпы, байқауға ұзын саны 37 үміткер қатысуға өтінім білдірсе, 10 қазан күні өткен іріктеу кезеңінен 23 үміткердің жұмысы кеңінен сараланды.

Қазылар алқасының құрамында Суретші, Евразия дизайнерлер одағының мүшесі, Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің суретшісі – Бабажанов Омар Базарбайұлы, №23 Ж. Тәшенов атындағы ІТ мектеп-лицейінің Графика және бейнелеу өнер пән мұғалімі, Оқушылар сарайының сурет пәні мұғалімі Нурмашев Темірбек Тұрарбекұлы, Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжінің дизайн мамандығының оқытушысы – Қинабаев Серік Алиайдарұлы болды.

«Жібек жолы» саябағында өткен марапаттау рәсімінде байқау жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен қаржылай сияпаттар табысталды. Байқау нәтижесі бойынша Бас жүлде Салы Нұрайға бұйырса, I орынды Жетибаева Альбина еншіледі. Екі бірдей ІІ орынға Байғабылова Жансая, мен Бердалы Айбану лайық деп танылды. Үш ІІІ орын Курласбаева Қазына, Айса Тоғжан, Нурханова Насибаға берілді. Сонымен қатар, түрлі номинациялармен бірнеше үміткерлер марапатталды. «Үздік композиция» номинациясы - Зуриева Барчиной, «Үздік ой» номинациясы - Торехан Нұрлы, «Акварель шебері» номинациясы - Елеусіз Шыңғысхан, «Қылқалам шебері» номинациясы - Сабиров Жасурбек, «Графикалық кескіндеме» номинациясы - Әбдіманап Асылзатқа табысталды. Одан өзге қатысқаны үшін бірқатар үміткерлер Алғыс хаттармен марапатталды.

Барлық жүлдегерлерге марапатты Түркістан қалалық мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Шәмет Лиза Төлегенқызы сөз алып, табыстады.

Жанар ТЕМІРБЕКОВА, Түркістандағы Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры: «ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ»

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында ҚР Президентін кезектен тыс сайлауды ұсынған болатын.

Мерзімінен бұрын өткелі отырған сайлаудың ерекшелегін де Президенттің өзі «билікті монополизациялаудың алдын алу» екенін айтып, түсіндірді. 2022 жылдың маусым айында Конституцияға өзгерістер енгізіліп, бірінші Президент туралы баптар күшін жойды. Тоқаевтың бастамасымен Президент өкілеті жеті жылға дейін ұзарып, Мемлекет басшысы тек бір-ақ мерзімге сайланатын болды. Бұл шешімнің өз уақытында және орынды қабылданып отырғанына және бұл өзгерістердің қоғамда туындап отырған көптеген сұрақтарға жауап беретініне сенемін.

Қазіргі таңда «жаһан қоғамы», қала берді кез келген транснационал одақтар мен қозғалыстар әрбір ұлт - мемлекеттің ішкі ережесі мен тәртібіне бағынады. Олай болса мемлекет қаншалықты тұрақты әрі бейбіт өмір сүрсе демократиялық институттары мен саяси мәдениеті де соншалықты эволюциялық жолмен дамымақ. Сондықтан да елдің болашағы үшін мемлекетіміздің тұрақты түрде дамуына, тұрақтылықтың орнауына мұқтажбыз. Бұл «тұрақты болу», «тұрақтылық» деген ұғым мен практикаларды қаншалықты сынға алсақ та, дәл сол тұрақтылыққа мұқтажбыз.

Елімізде Қаңтар оқиғасынан кейін пайда болған Жаңа әрі әділетті Қазақстан риторикасы маңызды трансформацияларға бастау болып отыр. Бұл өзгерістер кейде баяу, кейде жылдам, кейде ойлағанымыздай болып жатыр. Бұл өзгерістерді еліміздің жаңадан даму жолының бастамасы деп бағалаймын.

Биыл ел тұрғындарын маңызы жоғары саяси науқан күтіп тұр. Яғни, 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Сайлауда әрбір азаматтың дауысы маңызды рөл атқарады. Сондықтан отандастарымыз бұл сайлауға бейжай қарамай, белсене атсалысуы керек.

Мемлекет басшысы сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беретінін айтты. Бұл сайлау ел экономикасын қарқынды дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген сенімдемін.

 

ТҮРКІСТАНДА "ҰЛТТЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ" ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың жолдауы аясында Түркістан қаласы " Санитас" емханасында Ұлттың денсаулығын қамтамасыз ету тақырыбында кездесу шарасы болып өтті. Шараға «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық маслихатының атқарушы хатшысы Ғ.Сәрсенбаевпен Түркістан қалалық маслихат депутаты С.Арыстанов қатысты.

Кездесу барысында кез келген елдің жоғары деңгейде өркендеп дамуының басты алғышарттарының бірі – халқының мықты денсаулығы екенін атап өтті. Міне, Қазақстанның денсаулық сақтау саласының халықаралық стандарттарға сай болуына, инновациялық технологиялардың емдеу орталықтарында кеңінен қолданысқа енгізілуіне және денсаулық сақтау мекемелерінің білікті мамандармен қамтамасыз етілуде.

Мемлекет басшысының ұлт ден­сау­лығын жақсарту мақ­сатын­дағы шынайы қам­қорлық­пен іс жүзіне асырып жатқан кешенді бастамалары өз жемісін беруде.