ШЫМКЕНТТІҢ ШАЛҒАЙ АУДАНДАРЫНА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖЕТКІЗІЛУДЕ

Орталықтан алыс орналасқан елдімекен тұрғындары коммуналды қажеттіліктерге қол жеткізіп келеді. Жуырда Жаңаталап елді мекенінде шағын қосалқы станция іске қосылды. Мердігер мекеме құрылысты мерзімінен бұрын аяқтап, тапсырып отыр.

– Бұл шағын қосалқы станцияның қуаттылығы – 4 мың киловатт. Мұндағы электр желілерін тарту жұмысы өткен жылдың тамыз айында бастаған болатынбыз. Жоспар бойынша биылғы желтоқсан айында аяқталуы тиіс болатын, ал біз мерзімінен бұрын, қазан айында толық аяқтап отырмыз, – деді «Шымкентгаз» ЖШС директоры Жарас Момбаев.

Мұнда жалпы ұзындығы 42 шақырымнан астам электр желісі тартылып, 1 312 электр бағанасы, 21 электр трансформаторы орнатылды. Нәтижесінде, Жаңаталаптағы 1 361 абонент сапалы электр қуатымен қамтылады. Қазіргі уақытта құжаттары дайын үйлерге «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.

Елдімекен тұрғындары бұған дейін жекеменшік желіден электр қуатын тұтынып, оған 27-30 теңге аралығында төлем жасап келген екен. Ал мемлекеттік желідегі электр қуатының тарифі – 17,9 теңге.

Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшыларының мәлімінше, шаһардағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электр энергиясымен қамтылған, қалған сегізінде электр қуаты сапасыз саналады. Олар: Достық, Тұран, Батыс, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Қайнарбұлақ және Солтүстік саяжай елді мекендері.

– Жылдың соңына дейін осы 6 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа желі пайдалануға беріледі. Тиісті жұмыстардың нәтижесінде 22 мыңға жуық тұрғын сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алып, қаладағы электр жарығымен қамтамасыз ету көрсеткіші 98 пайызға жетеді. Ал Қайнарбұлақ пен Батыс елді мекенін сапалы электр қуатымен қамтуға байланысты жобаның құрылысы 2023 жылы аяқталады. Жалпы, 2023 жылы мегаполистегі барлық елді мекен сапалы электр қуатымен 100 пайыз қамтылады деген жоспар бар, – деді басқарма басшысы.

Жауапты мамандар Шымкент қаласының энергетикалық әлеуетін 2025 жылға дейін дамыту жоспарына сәйкес, қуат таратушы 6 қосалқы станция салуды көздер отыр. Олар – «Ынтымақ» (110/10 кВ), «Қызылсу» (220/110/10 кВ), «Жұлдыз» (220/110/10 кВ), «Тұран» (110/10 кВ), «Шымсити» (110/10 кВ) және «Ипподром» (110/10 кВ) станциялары.

 

Полицейлер облыс орталығындағы аялдаманы бұзған жасөспірімдерді анықтады

Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полиция қызметкерлерінің назарына Түркістан қаласындағы аялдаманың бұзылғаны бойынша бейнежазба ілінді. Бейнежазбаны түсірген тұрғынның айтуынша, белгісіз біреулер облыс орталығындағы Алматы көшесінде орналасқан шыны аялдаманы сындырып кеткен. Орын алған теріс әрекет жайлы толық мән-жайды анықтау мақсатында, Түркістан қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде тәрітп сақшыларымен көшеде ойнап жүріп, аялдаманы таспен сындырған 5 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Аталмыш 8 сынып оқушыларының ата-аналарына түсіндіру жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ осы жайт бойынша жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Түркістан қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жолданды. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қала тұрғындары мен қонақтарын абаттандыру ережелерін сақтауға, аялдамалар мен орындықтарды бұзбауға, қоқыстарды тастамауға және қаламыздың тазалығына құрметпен қарауға шақырады.

Құжатсыз, таңбасыз мал тасымалдаған 600-ден астам азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды

Түркістан облысы Полиция департаментінің жедел-қызметтік жұмысындағы басым бағыттарының бірі бөтен мүлікті ұрлаудың, оның ішінде мал ұрлығының алдын алу және жолын кесу болып табылады. Бұл бағыттағы негізгі іс-шаралар 2021-2023 жылдарға арналған "Мүлікті қорғау жөніндегі" ведомстволық бағдарламасы жоспарының тармақтарын орындау шеңберінде іске асырылуда.

Аталмыш мал ұрлығының алдын алу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығы поилция генерал-майоры Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен үшжақты келісімшарт түзу бойынша жұмыстар іске асырылуда. Сонымен қатар мал базарларда ветеренария қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар атқарылуда.

Рейд кезінде полицейлер облыс төңірегіндегі мал бағатын қожалықтарды, үйлерді аралап, таңбалау-сырғалау жұмыстарын қадағалап, құжаттарын тексеруде. Ауылдар мен аудан аралығындағы жол қатынастарында мал тасымалдаушы көліктерді бақылауда. Мәселен осындай атқарылған жұмыс нәтижесінде базарларға құжатсыз, сырғасыз малдарды әкелген азаматтарға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша 637 хаттама толтырылған.Сондай-ақ мал ұстаушы облыс тұрғындарына келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін малдарын қараусыз немесе бақташысыз жүрмеуін қадағалауды, түгел таңбалап-сырғалау жұмыстарын жүргізу керектігін ескертеді.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 406-бабында  «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу»:

 

1. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын: 

1) карантин және шектеу іс-шараларының шарттары мен талаптарын сақтамау; 

2) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды, талаптарды және ветеринариялық нормативтерді: 

мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылауға және қадағалауға жататын, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектiлердi күтіп-ұстауға, өсiруге, пайдалануға, өндiруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеуге және өткiзуге байланысты мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезiнде; 

зообақтардағы, цирктердегi, омарталардағы, аквариумдардағы жануарларды қоса алғанда, жануарларды асырау, өсiру және пайдалану кезінде;  

ішкі сауда объектілерінде; жануарларды өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнім мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде; ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда қызметті жүзеге асыру кезінде; 

мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылауға және қадағалауға жататын, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектiлердi Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды (орнын ауыстыруды) жүзеге асыру кезiнде сақтамау; 

3) Қазақстан Республикасының аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының әкелінуі мен таралуынан қорғау туралы нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын сақтамау; 

4) кейіннен өткізуге арналған ауыл шаруашылығы жануарларын союдың шарттары мен талаптарын сақтамау; 

5) ветеринариялық препараттардың, жемшөп қоспаларының тіркеу сынақтарын жүргізу үшін қажетті көлемде өндіру, әкелу (импорт) жағдайларын қоспағанда, оларды мемлекеттік тіркеусіз өндіруді, әкелуді (импортын), өткізуді және қолдануды (пайдалануды) жүзеге асыру түрінде жасалған бұзушылық – 

жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –  

жеке тұлғаларға – қырық, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз, ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

3. Ветеринариялық іс-шараларды өткізбеу немесе тиісінше өткізбеу, сондай-ақ оларды өткізу мерзімдерін бұзу – 

жеке тұлғаларға – жиырма бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – екі жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) – 

жеке тұлғаларға – елу, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бес жүз, ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

5. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етпеу – 

лауазымды адамдарға жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

6. Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) – 

лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

7. Жергілікті атқарушы органдардың өздеріне Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасымен жүктелген функцияларды орындамауы – 

жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарына ескерту жасауға әкеп соғады. 

8. Осы баптың жетінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) – 

жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарына бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

9. Жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттiк ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдарына: 

1) жаңадан сатып алынған жануар (жануарлар), алынған төл, оның (олардың) сойылғаны және өткізілгені; 

2) жануарлар қырылған, бiрнеше жануар бiр мезгiлде ауырған немесе олар әдеттен тыс мiнез көрсеткен жағдайлар туралы хабарламау және ауру деп күдiк келтiрiлген кезде ветеринария саласындағы мамандар, мемлекеттiк ветеринариялық-санитариялық инспекторлар келгенге дейiн жануарларды оқшаулап ұстау бойынша шаралар қолданбау – 

жеке тұлғаларға ескерту жасауға немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

10. Осы баптың тоғызыншы бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) – 

жеке тұлғаларға – отыз, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

11. Ветеринариялық құжаттарды беру тәртібін және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бұзу – 

лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

12. Осы баптың он бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет (әрекетсіздік) – 

лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

13. Ветеринария саласындағы мамандардың ветеринариялық іс-шаралар өткізу бойынша қызметтiк мiндеттерiн орындауы кезінде оларға жәрдем көрсетпеу –  

жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

14. Жануарларды карантиндеу қағидаларын бұзу – 

жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 

15. Эпизоотияға қарсы күрес мәселелерi жөнiндегі нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ ветеринария саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi эпизоотияның таралуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқпаған бұзу – 

жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.  

16. Осы баптың он үшінші, он төртінші және он бесінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) – 

жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады деп жазылған.


 

Кентау:Полицейлер қайтарымсыз несие әперемін деп тұрғындарды алдаған әйелді анықтады

Кентау ҚПБ-ның кезекші бөліміне бірнеше қала тұрғыны арызданып, алаяқтың құрбаны болғаны туралы шағым түсірген. Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, бейтаныс әйел оның сеніміне кіріп, мемлекеттен қайтарымсыз несие алуға көмектесуге уәде берген. Содан кейін алаяқ алаяқтық жолмен 300 мың теңгеден астам ақшаны алдап алып, ұшты-күйлі жоқ болған.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркелді. Сол күні полицияға алаяқтықтың айла-амалдарына тап болған тағы бірнеше жәбірленуші арызданған.

Қылмысты ашу және алаяқты ұстау мақсатында, полицейлер жан-жақты жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Тәртіп сақшылары қабылдаған шаралардың нәтижесінде күдіктіні анықтады. Аталмыш жергілікті тұрғын полиция бөліміне жеткізілді.

Белгілі болғандай, күдікті әйел алаяқтықтың 6 дерегіне қатысы бар болып шықты. Ол қайтарымсыз несие алып беремін деген сылтаумен Кентау қаласының тұрғындарынан ақша алған. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 1,7 миллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

 

ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабында «Алаяқтық»:

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 
мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 

5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Мынадай: 

1) ірі мөлшерде; 

2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 

3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 

4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 

1) қылмыстық топ жасаса; 

2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.

 

Клементина атты қызметтік ит шетелдіктен есірткі табуға көмектесті

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне "Жібек жолы" шекара бақылап-өткізу бекетінде Өзбекстан Республикасына өтпекші болған шетелдіктен есірткі заттары табылғаны бойынша хабарлама келіп түсті. Полицейлер анықтағандай, Клементина есімді қызметтік ит Тәжікстан азаматының көлігінде тыйым салынған заттардың бар екеніне белгі берген. Тәртіп сақшылары күдіктіні тінту кезінде оның "ВАЗ-2107" автокөлігінің жүксалғышынан есірткіге ұқсас затты тапты. Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес оның "гашиш" есірткісі екені анықталды. Күдікті қамауға алынды.

Бұл жайт ҚР ҚК-нің 286-бабы бойынша "Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы" бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткінің заңсыз айналымына байланысты қандай да бір қылмыс жасағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік барын ескертеді. Сондай-ақ тұрғындарды жаман әдеттерден арылуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.

ҚР Қылмыстық Кодексiнің 286-бабында «Айналыстан алып қойылған  заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы»:

1. Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды, күштi әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарғыш құрылғыларды, атыс қаруын, газды пистолетті және револьверді, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар газды қаруды, үрлемелі қуаты 7,5 Джоульдан жоғары пневматикалық қаруды, оқсыз атылатын, белгі беретін және лақтырылатын қаруды, олардың негізгі (құрамдас) бөліктерін, оқ-дәрiлердi, жаппай қырып-жою қаруының ядролық, химиялық, биологиялық немесе басқа да түрлерiн, жаппай қырып-жою қаруын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдарды, жабдықтарды немесе құрауыштарды кедендік бақылаудан тыс немесе одан жасырын не құжаттарды немесе кедендiк сәйкестендiру құралдарын алдап пайдалана отырып не декларацияламаумен немесе анық емес декларациялаумен не тауарларға арналған декларация берілгенге дейін тауарлар шығару туралы өтініште көрінеу анық емес мәліметтер көрсетумен, оның ішінде жарамсыз, қолдан жасалған және (немесе) көрінеу анық емес (жалған) мәліметтерді қамтитын құжаттар ұсынумен ұштасқан, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендiк шекарасы арқылы өткізу, сол сияқты Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы заңсыз өткізу – 

мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) бірнеше рет; 

2) лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

3) шекаралық немесе кедендік бақылауды жүзеге асыратын адамға күш қолданып; 

4) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

5) iрi мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестерге, прекурсорларға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, есiрткi, психотроптық заттармен, сол тектестермен байланысты, аса iрi мөлшерде жасалған іс-әрекеттер – 

мүлкi тәркiленiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.

 

Алаяқтық қылмысының 8 жайтына қатысы бар ер адам қамауға алынды

Келес полициясына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, оны жақын таныс емес азамат алдап кеткен. Яғни алаяқ, кәсіпкерлік үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз 5 миллион теңге алып беремін деп сендірген. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 300 мың теңге ақша алған. Алайда арадан 1 жыл уақыт өтсе де, сенген адамы не жәрдемақы алып бермеген, не алған ақшасын қайтармаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан күдіктіні ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде күдікті ер адам тұрғылықты мекенжайынан анықталды. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты.

Белгілі болғандай, орта жастағы ер адам оңай жолмен ақша табу мақсатында, мемлекеттен қайтарымсыз несие әперемін деп, бірнеше тұрғынды алдап үлгерген. Сезіктінің жалпы 8 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеге жуық. Ол қаражатты өзінің қажеттілігі үшін жұмсап жіберген. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып тергеу амалдары жүргізілуде.

ҚР Қылмыстық Кодексi 190-бабында «Алаяқтық»:

 

1. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – 
мүлкі тәркіленіп, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) алып тасталды - ҚР 21.01.2019 № 217-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; 

4) ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; 

5) мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

3. Мынадай: 

1) ірі мөлшерде; 

2) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; 

3) екі немесе одан да көп адамға қатысты; 

4) бірнеше рет жасалған алаяқтық – 

мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда, мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: 

1) қылмыстық топ жасаса; 

2) аса iрi мөлшерде жасалса, – 

мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген.

 

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛЫНА 345 МИЛЛИОН ЖӨРГЕК ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ САЛЫНБАҚ

Шымкентте келесі жылдан бастап жылына 345 миллион жөргек өндіретін жаңа зауыттың құрылысы басталмақ. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда 145 азамат жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек, мал азығы өндірісі мен пластик шығаратын ірі кәсіпорын салынуы мүмкін. Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен өткен инвестициялық штаб отырысында айтылды.

Шаһар басшысы үшінші мегаполистің импортқа тәуелділігін азайтып, экспортты көбейту бағытында инвестиция тартуды жалғастыра беретінін, сол арқылы жаңадан ашылған жұмыс орындарының қатары көптеп артатынын атап өтті.

Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдері мен инвесторлар басқосқан жиында жалпы 12 жаңа жобаның таныстырылымы өтті.

«Амина Интекс» ЖШС басшысы Али Гохар «Бозарық» агро-индустриалды аймақтан мал азығы өндірісін ашуды көздейді. 1 млрд теңгені құрайтын инвест жобаның қуаттылығы жылына 1200 тонна өнім болмақ. 2023 жылы жүзеге асырылатын жоба нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады.

«SAN GRAND» ЖШС басшысы Бағлан Таженов «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 9 га жерге бірнеше жоба салуды ұсынды. Біріншісі - 13 млрд теңгені құрайтын отандық жөргектерді шығаратын ірі кәсіпорын, ал екіншісі - 9,3 млрд. тенгені құрайтын шыны талшықты терезе профильдерін шығаратын өндіріс ошағы. Аталған жобалар арқылы жұмыссыз жүрген 300-ге жуық азамат тұрақты жұмыс табатын болады.

«AnDa Company» ЖШС басшысы Дмитрий Таранов биофармацевтикалық зауыттың жобасын ұсынды. Жылына 500 000 мың доза вакцина шығаратын қуатты өндіріс ошағын «Тассай» индустриалды аймағынан салуды жоспарлауда. Жобаның құны 1 800 млн теңге болмақ. Нысан құрылысы 2023-2024 жылдары салынып, сәтті жүзеге асса 35 азамат жұмыспен қамтылатын болады. Инвестор бұл үшін электр жарығымен, газбен, ауыз су, ағынды су, телефониямен қамтуды сұрады.

Штаб отырысында бұдан басқа аяқ киім, картон қораптарын шығаратын, денсаулық саласына қажетті препараттарды өндіретін, тұрғын үй және коттедж салатын, тағы да басқа ірі 10-нан астам жобалар қаралды.

Мұрат Дүйсенбекұлы әрбірімен жеке танысып, мемлекеттік қолдау түрлері мен қаланың жоғары мүмкіндіктерін айтып, барлығын зерделеу үшін жетекші сала басшыларына тапсырма берді.

Айтып өтейік, жыл соңына дейін дәрілік заттар мен гигиеналық өнімдерді өндіретін өзбекстандық «Dentafill» және шұлық өндірісін дамытатын түркиялық «Ekol Ihracat» зауыттарының лентасы қиылатын болады.

Сонымен қатар басқосу барысында 35 елден 310 компанияны көшіру мәселелері де қаралды. Қазіргі таңда АҚШ-тың медициналық жабдық өндіретін «GE Healthcare» компаниясымен, тұрмыстық-техникалық жабьдықтар өндірісінің көшбасшысы «Haier» компаниясымен, италияндық «Maire Tecnimont», жапондық «RP Canon Medical Systems» сынды 8 алып компанияларды Шымкентке тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарды қорытындылады

Түркістан облысы Полиция департаментінде 2022 жылдың 9 айында атқарылған жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша кеңес өтті. Оған Түркістан облысы ПД бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, оның орынбасарлары, департамент аппараты мен қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары қатысты.

Түркістан облысының полицейлері атқарған жұмыс қорытындысы жөнінде ТО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Бағланбек Айтпаев баяндама жасады.

Ол қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы іс-қимыл және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша тиісті шаралар іске асырылғанын атап өтті.

Мәселен ағымдағы жылдың 9 айында облыс бойынша көшелерде жасалған қылмыстар төмендеген. Патрульдік полицейлермен қылмыстарды «ізін суытпай» ашу көрсеткіші 3,7%-ға өсті. Сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар саны 3%-ға азайды. 3412 қорғау нұсқамасы шығарылып, оның ішінде 504 адамға қатысты сот ерекше талаптар қойды. Профилактикалық іс-шараларды өткізудің нәтижесінде жасөспірімдер қылмысы 19,4% -ға, ал кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 21%-ға төмендеді.

Полиция қызметінің маңызды бағыты - жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл бағытта атқарылған шаралар нәтижесінде республикалық маңызы бар трассалардағы жол-көлік оқиғасы 24%-ға, қаза тапқандар саны 16%-ға, ал зардап шеккендер саны 8%-ға төмендеді. Жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 763 жүргізуші анықталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері жол апатын азайту мақсатында "дрондардың" көмегін пайдаланып, екі күн ішінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 45 жайтын анықтады, оның ішінде 28-і қарсы жолаққа шыққандар. Автокөлік жүргізушілеріне 1,5 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың 9 айында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 7960 шетелдік пен ҚР азаматтары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 2558-іне ескерту жасалса, 4255-іне әкімшілік айыппұл салынды. Ал 664 шетелдік әкімшілік қамауға алынды. 378 шетелдік елден шығарылды.

Кеңес соңында облыстың бас полицейі құқықтық тәртіпті одан әрі нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша басым мақсаттар мен міндеттерді белгіледі. Сондай-ақ қылмыстарды ашу бойынша жұмысты ұйымдастыруға ерекше назар аударды. Жиналыста айтылған барлық мәселелер бойынша тиісті бөлімшелерге нақты тапсырмалар берілді.

Мақтаарал: Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Мақтаарал АПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің қызметкерлерімен отбасы-тұрмыстық саласындағы құықбұзушылықтың алдын-алу мақсатында бірқатар профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, учаскелік полиция инспекторларымен Мақтаарал АПБ-де жайсыз отбасылар тізіміндегі тізімдік есепте тұратын тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, күнделікті қызмет атқару барысында, ҚР ӘҚБтК (73-бабы, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында құқыққа қарсы әрекеттер) бойынша іс-шаралар атқарып, отбасы тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық жасаған тұлғаларға қоғау нұсқамалары шығарылып, ал шығарылған қорғау нұсқамаларын бұзған тұлғалардың мінез-құлқына сотпен ерекше талаптар қойылды.

Яғни, былтырғы жылмен салыстырғанда, ағымдағы жылдың 9 айында қорғау нұсқамасы 166-дан 191-ге (+25), ерекше талап 32-ден 36-ға (+4) жақсарған және бұл бағытта жұмыстар әріқарай жалғасын табуда.

Атқарылған жұмыс нәтижесінде, 2022 жылдың 9-айында, Мақтаарал АПБ-нің қызмет атқаратын аумағында, отбасы тұрмыстық қатынастағы қылмыстар саны -100,0 пайызға, 1-ден 0-ге төмендеген.

Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің, аудандық жастар ресурсы орталығының мамандарымен Әйелдердің зорлық зомбылыққа қарсы тобының инспекторы бірлесіп, аудандағы отбасы тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстармен құқықбұзушылықтардың алдын-алу мақсатында, білім беру мекемелерінде, білім алып жатқан жасөспірімдер арасында, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» - акциясы жүргізілді.

Ондағы басты мақсат, аналармен балалардың тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болудан, отбасы құндылықтары жайлы және ата-аналармен оқушылар арасындағы мәселелер жөнінде, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылды.

Түркістан: Еліміздегі діни туризм

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болып саналған. Қазақстандағы туристік ресурстарға: туристік қызмет көрсету нысандарын қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру нысандары, сондай-ақ туристердің рухани қажеттерін қанағаттандыра алатын, олардың күш-жігерін қалпына келтіріп сергітуге жәрдемдесетін өзге де нысандар жатады. Олар мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, әлеуметтік, діни, т.б. туризм түрлеріне бөлінеді.

Туризм (франц. tourіsme, tour – «серуендеу») – адамның  бос уақытында (жұмыс бабымен не туған-туысқа қыдыру  емес) өз еркінше көңіл көтеру мен демалу үшін, тәуекел  жасау үшін, көріп қызықтау үшін, яғни субъективті рухани  қажеттілік бойынша басқа бір жерге ерікті саяхаттап, серуендеп баруы. Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы заңда берілген анықтама бойынша: «Туризм – жеке тұлғалардың ұзақтығы жиырма төрт сағаттан бір жылға дейін, не жиырма төрт сағаттан аз, бірақ уақытша болған елде (жерде) ақы төлейтін қызметпен байланысты емес мақсатта түнеп өтетін саяхаты». Діни  туризм – өзінің тұрғылықты жерінен  жарты жылдан көп емес уақытқа, діни сенімдеріне байланысты  қасиетті жерлерге сапар шегу. Діни туризм термині «рухани туризм» және «қасиетті туризм» немесе «сенім туризмі» сияқты басқа да түсініктер жиі бір-бірінің орнына қолданылады. Қазіргі таңда мінәжат етуді дамыту құралы ретінде діни туризмге көп көңіл бөлінуде. Діни туризм халықаралық байланыстың кеңею, ұлттық мәдениеттің даму және басқа да халықтардың мәдениетімен танысу құралы болып табылады.             

Статистикаға сүйенсек тарихи-мәдени нысандардың көп шоғырлануы бойынша еліміздің оңтүстік аймағы алдыңғы қатарда екені баршамызға мәлім. Қазақстан діни ескерткіштерге, киелі жерлерге өте бай мемлекет. Барлығымызға біршама танымал тарихи - мәдени нысандар: Түркі халықтарының рухани астанасы болған киелі Түркістан өңірінде орналасқан Қoжa Axмeт Яcaуи, Арыстан Баб, Укаша ата, Гауһар ана кесенелері, аңызы мен әфсанасын, өркениеті мен тарихын жарты әлемге паш еткен қасиетті Тараз топырағындағы таңғажайыптардың бірі – Қaрaxaн кесенесі, Айша бибі кесенесі, Бaбaджa қaтын кeceнeci, XII-XVI ғасырларда Сырдариядағы сауда тармағы ретінде кеңінен танымалдыққа ие болған Сауран қалашығы, Қызылорда облысындағы – Артық, Айтман кесенелері, Балқаш көлі маңында – Тектау ата, Әуез бақсы, т.б. киелі орындар бар. Ислам мешіттерімен қатар, Қазақстанда Вознесенский кафедралы соборы (Алматы), Успенский кафедралы соборы (Тараз), Свято-Троицкий ғибадатханасы (Өскемен), Воскресенский соборы (Семей) сияқты керемет православие шіркеулері орналасқан. Сонымен қатар елдің оңтүстік-шығысы мен Алтайда Қазақстан аумағындағы буддизмнің болу тарихын айқындайтын нысандар қатары бар.

Шымкент қаласының солтүстік беткейінде жалпы аумағы 76,4 гектарды құрайтын «Қазына» этно-тарихи кешені орналасқан. Сол кешеннің ішінде ашық аспан астындағы – «Этносаябақ» өңіріміздегі діни туризм орындары туралы көрнекі ақпарат мекені ретінде үлкен маңызға ие. Себебі «Этносаябақтың» жоғарғы жағында еліміздің тарихи-сәулет ескерткіштерінің макеттері орналасқан. Бұл макет өз кезегінде этно-тарихи кешеніне келуші тұрғындар мен қонақтарды таңдай қақтырмай қоймады. Себебі тарихтың терең иіріміне ендіретін макеттер асқан шеберлікпен орындалып, өзіне келуші алыс-жақын шет елдік туристтерді тартуда.

Бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына өз септігін тигізуі үшін қандай іс-әрекеттер жасауымыз керек? Әрине, қажетті арнайы мамандарға жұмыс орнын ашу үшін туризм инфрaқұрылымын дамытып, туризм caлacының мaтeриaлдық бaзacын жасақтау қажет. Еліміздің діни туризм саласының дамуы үшін  ең алдымен мына мәселелерді шешу қажет:

-  Кейбір зиярат ету орындарына баратын жерлерді табу қиынға соғатындықтан, ұялы телефон арқылы барған жерінің координаттарын анықтау арқылы баратын жерді оңай таба алатын қосымша (карта) жасалынса. Бұл ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін таптырмас жоба деп санаймыз;

-  Түркістан облысы көлемінде зиярат ету орындарында интернет және байланыс өте нашар. Ал, шетелдік кейбір туристер сол зиярат орнынан сурет, видео, естелік, сәлемдеме жолдауға мүмкіндік таппай жатады. Сондықтан, интернет мүмкіндіктерін жандандыру қажет. Бұл да өз кезегінде діни туризм нысандарының танымалдылығын арттырады деп сенеміз;

-  Қайда саяхаттауға немесе зиярат етуге болады деген сұраққа жауап ретінде қосымша ойлап табылса. Ол қосымшада саяхаттауға және зиярат етуге мүмкін орындар мен анықтамалар, ыңғайлы уақыттар, тіпті қаржы шығындарын есептеу мүмкіндіктері қарастырылса;

-  Зиярат орындары мен тарихи-мәдени орындардың электронды нұсқада гид анықтамасы жасалса. Аталған құрылғы қазіргі таңда тек Қ.А.Ясауи және Арыстан баб кесенелерінде ғана қолжетімді күйде қалуда;

-  Туристік фирмалардың әлеуетін арттыру қажет. Қазіргі таңда ел ішіндегі туристік сапарлар мен зиярат ету топтарын жекелеген тұлғалар ғана пайда табу мақсатында көптеп ұйымдастыруда;

-  Тарихи-мәдени және зиярат орындарында шағын әрі екі тілде (қазақ және ағылшын) анықтамалар жасау. Келушілерге тегін таратуды қолға алу. Аталған анықтамалық бүктемелер арқылы аталған туристік орын туралы бірыңғай ақпарат тарауына да қол жеткізе аламыз. Себебі қазіргі таңда шырақшылар ойдан қосылған әңгімелерді келушілерге көптеп айтуда;

-  Кесене, қабір, киелі орындардағы шырақшы, гид қызметінің өкілдерінің біліктілігін, туризм, зиярат мәдениетін қалыптастыратын семинарлар ұйымдастыру арқылы сапаны арттыру қажет;

-  Тазалық, киім кию, зиярат әдебі секілді жаднамаларды келушілерге баспа және электронды үлгіде көптеп тарату;

-  Келушілер үшін ыңғайлы орта қалыптастыру. Қолжетімді қонақ үй, ас-су ішетін орындар. Тынығып отыратын орындар жетіспейді.

-  Туристік орындардың басты ерекшелігін түсіндіретін туризм нұсқаушылары аз. Бар болса да, білімі, тіл қабілеті төмендеу. Кейбір орындар туризмге қызмет етудің маңызды буыны саналатын бұл түйінді ескерусіз қалдырған. Экскурсия жүргізетін гид қызметкерлерін үнемі білімін жетілдіріп отырса, мұндай мәселелер туындамас еді. Аталған мәселелер шешілмесе Қазақстан басқа елдерден ерекшеленіп тұратын туризм жүйесін қалыптастырмай, туризм саласында өз үлесін ала алмайды.

Туризмнің барлық саласы (діни туризм, іскерлік туризм, экологиялық туризм және т.б.) дамыса, қызмет ету саласының даму өрісі кеңейеді. Қатынас саласының кірісі артып, қонақүйлердің, көңіл көтеру орындарының, дәмхана, мейрамханалардың, сауда-саттық орындарының саудасы арта түседі және қызмет көрсету сапасы жоғарылайды. Сондықтан туризмді дамытуда тиімді детальдарды ұтымды пайдаланудың пайдасы көп. Мысалы: өзінің ерекше даусымен Қазақ өнерін әлемге паш еткен Димаш Құдайберген, бокс саласында өшпес із қалдырып үлгерген Геннадий Головкин – Қазақстанды танытудағы әлемге танымал брендтер десек артық айтқанымыз емес.

Қазақстанда діни туризмді дамытудың алғышарты – сол саланың үгітін күшейту. Әсіресе, ғаламторға діни туризмге үгіттейтін видеоларды, фотосуреттерді, жазба материалдарды ағылшын, орыс, француз, қытай, араб тілдеріне аударып салу керек. Шетелде Қазақстан туралы сапасы жоғары полиграфиялық және аудио-видео жарнама материалдарын белсенді түрде таратып, еліміздің көркем жерлерін жұртқа таныстыру мақсатында фотосурет, қысқаметражді түсірілімдер байқауын өткізіп, туристік орындардың басты ерекшелігін, салт-сана, мәдениетке қатысты түйіндерін көрнекілендіруге ден қою керек.

Қорытындылай келе туризмнің қарқынды жұмыс жасауы еліміздің экономикасының дамуына едәуір үлес қосатыны белгілі. Себебі, туризм саласы әлем елдерінің ішінде экономикаға тұрақты сала ретінде орнығып келеді. Ұлан ғайыр атырап, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы, қазақтың алтын бесік ата жұрты. Аумағы ұшқан құстың қанатымен өлшенген кең де келісті өлкеде туризм саласын дамытуға арналған мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану салт-дәстүрге бай елімізді сыртқы нарыққа шығарып, таныстыруға жол ашатыны сөзсіз.

 

А.Борибекова

                                                                                                                                                                                   Теолог маман