Шымкентте шетел жұмыс күшін тарту және еңбек қатынастары жайы талқыланды

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда шетел жұмыс күшін тарту және еңбек қатынастары саласындағы ағымдағы жағдай енгізілді.

Алғашқы сұрақ бойынша Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары К. Тұрлыбеков өз баяндамасында: Шымкент қаласына 2022 жылға жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен 294 бірлік квота бөлінгендігін, бүгінде квотаны 21 кәсіпорындар мен ұйымдарда 136 шетел жұмыс күші пайдаланып отырғандығын, қазақстандық қамту пайызы 98%, ал тартылған шетел жұмыс күшінің білікті мамандарының үлесі 94,1% құрайтындығын атап өтті. Сонымен қатар, Кедендік одақтағы мемлекеттерден келіп жатқан адамдар туралы айтып өтті.

Күн тәртібіндегі келесі сұрақ бойынша Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Б.Қалжанов баяндамасында 2022 жылы Шымкент қаласы аумағындағы кәсіпорындармен ұйымдарда экономикалық жағдайға байланысты жұмыскерлерді жаппай қысқарту орын алмағандығын, жаппай қысқартуға байланысты арыз-шағымдар тіркелмегендігін, мемлекеттік еңбек инспекторларымен 48 кәсіпорында 1337 жұмыскердің 219,6 млн. теңге көлеміндегі жалақы қарыздары өтелгендігін айтып өтті.

Сондай –ақ, Ағымдағы кезеңде 272 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 294 бұзушылық анықталып, 23,4 млн.теңгеге 118 әкімшілік айыппұл салынып, 21,6 млн. теңгеге 113 айыппұл өндірілгендігін, нәтижесінде жыл басынан бері 1054 жұмыскердің бұзылған құқықтары қорғалғандығы көрсетілді.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті кәсіпорындар өкілдері тыңдалды. Комиссиямен қабылданған шешімдер ресми рәсімделіп, орындауға жолданатындығы келісілді.

ШЫМКЕНТТЕ ТАҒЫ БІР ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Шымкент қаласының «Елтай» тұрғын алабында көптен күткен 650 орындық жаңа мектеп ашылды.

Бұған дейін елді мекеннің 600-ден астам оқушысы 4 шақырым қашықта орналасқан көрші ауылдың мектептеріне қатынап оқитын. Мектеп ғимараты заманауи құрал-жарақпен жабдықталған. Биология, химия, физика зертханалары және кең спорт залы бар. Ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек қатысты.

“Биыл Шымкент қаласында 40-қа жуық мектеп ашылады. Үш ауысымды мектеп 9 дан 4-ке азайды, келер жылы тіпті болмайды. Бүгін міне елтайлықтар үшін үлкен қуаныш. Бұл мектеп бір ауысымды болады. Түске дейін балалар білім алады, түстен кейін қосымша үйірмелерге қатысады. Жалпы, келешекте барлық мектеп осындай бір ауысымды болуы тиіс”, - деді Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Жаннат Тәжиева.

Жеке инвестор салған мектепте білім беру жан басына қаржыландыру арқылы мемлекеттен қаржыландырылады және тегін, оқушыларды тасымалдау үшін де арнайы автобус қаралған. Мемлекет бағдарламасы балаларымыздың сапалы білім алуы үшін өте тиімді.

“Біздің мақсатымыз - тек қана білім беру емес, оқушылардың берген білімді меңгергеніне көз жеткізу. Сол үшін БИЛ, НЗМ, iQaanat сияқты мектептер пайдаланатын EDUCON компаниясының ақпараттық технологиясын қолдана отырып, оқушы өткен сабақты

бойына сіңіріп алғанша оқытамыз. Түсінбеген тақырыбын үйде отырып, видео сабақтар арқылы қайталай алады. Мұғалімдер мен ата-аналар оқушының барлық пәндер бойынша үлгерімін жыл бойы бақылап отыра алатын болады. Мұнда біз тек оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де білімін арттырып отыруға көңіл бөлеміз”, - деді мектеп директоры Ақмарал Көмекқызы.

 Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласында 2022-2023 оқу жылында мектеп саны 20-ға артып, 223 мектепте 242 525 оқушымен 19 534 педагог оқу-тәрбие жұмысын бастады.


Оқу бағдарламасына сәйкес, оқушылар 36 оқу аптасында 173 оқу күн оқып, 192 каникул, демалыс күндерімен демалады. Оқу жылына 2 апта қосылуына байланысты біршама мүмкіндіктерге қол жетті.



ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ ШЫМКЕНТТЕГІ НҰРШУАҚ ШАҒЫНАУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

 Шымкент қаласына Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жұмыс сапарымен келді.

Министр Шымкент қаласы Нұршуақ шағын ауданында болып инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысымен танысып, тұрғындармен кездесті.

–Шымкент қаласына инженерлік инфрақұрылым желілерін дамытуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатыр. Соның нәтижесінде тұрғындардың жол, ауыз су, сапалы электр қуаты мен табиғи газбен қамту секілді бірінші кезектегі өзекті мәселелері шешімін табуда. Бүгінгі сапардың мақсаты осы бағытқа бөлініп жатқан бюджет қаржысының қаншалықты тиімді игеріліп жатқанын бақылау және тұрғындарды қандай проблемалар мазалайтынын өз аузынан есту, – деді Әлібек Сәкенұлы.

Нұршуақ шағынауданының тұрғындары соңғы жылдары инфрақұрылым мәселелеріне ерекше назар аударылып, оның кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатқанын айтқан нұршуақтықтар биыл басталған табиғи газ жүйесі құрылысының тезірек аяқталуын сұрады.

Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков Ұлттық экономика министріне Нұршуақ шағын ауданында және жалпы қала аумағында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Оның айтуынша, Нұршуақта 6 мыңдай халық қоныстанған. Шағынаудан ауыз сумен былтыр қамтылды. Электрмен қамту жұмыстары былтыр басталған. Мердігер компания ретінде «Электромонтаж» акционерлік қоғамы таңдап алынған. Компания 7,8 шақырым 10кВ кабельдік желі және 198 шақырым 10/0,4 кВ әуе желісін орнатқан. Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал, табиғи газбен қамту жұмыстары биыл басталды. Құрылыс кестеге сәйкес жүргізілуде, аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарланған.

ШЫМКЕНТ: АРДАГЕР ЭНЕРГЕТИКТЕР САЛАДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ

Шымкент қаласында Халықаралық ардагер энергетиктердің XI форумы өтті. Іс-шараны Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы мен еліміздің ардагер энергетиктер Кеңесі ұйымдастырды. Форумға Қазақстан және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанның ардагер энергетиктері, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аймақтық электр желілері компанияларының басшылары қатысты.

Жиында саланың бірқатар өзекті мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, электр энергетикасы құрылымының (электр жүйесі, күш трансформаторлары, станциялар, қосалқы станциялар т.б.) тозуы, электр энергиясы тапшылығының басты себептері, жаңа қуаттардың жеткіліксіздігі мәселесі талқыға түсті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында желілердің тозуын азайтуға тапсырма берген еді. Сондай-ақ, Президент Астанада өткен жиын барысында газ және энергетика саласында электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен жаңа қуат өндіру жолдарын жасауды тапсырды.

Іс-шарада отандық және шетелдік ардагер энергетиктер сала тарихы мен кәсіподақтың өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады. Қазақстан ардагер энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов атқарылған жұмыстардың нәтижелерінен хабардар етті. Қазақстанның электр машина жасаушылар қауымдастығының төрағасы Еркебұлан Ильясов Шымкент қаласында энергетика саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Шетелдік меймандар форум аясында «Alageum Electric» компаниясының экспорттық бағытқа негізделген «Asia Trafo» зауытының өнімдермен танысты. «Азия Трафо» ЖШС – «Alageum Electric» электр жабдықтарын шығаратын отандық өндірушінің құрамына кіретін, Орта Азиядағы трансформаторлық жабдық шығаратын ең ірі кәсіпорын.

Түркістан облысында жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды

28.10.2022 жылы Түлкібас АПБ кезекші бөліміне «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолының 651 шақырымында жол апаты орын алғаны бойынша хабарлама келіп түсті. Оқиға орын алған жерге Түлкібас АПБ полиция қызметкерлері шұғыл жетті.

Анықталғандай, Шымкент қаласының тұрғыны өзінің басқаруындағы «Renault» маркалы жүк көлігімен Алматы қаласы бағытынан Шымкент қаласына келе жатып, өзімен бір бағытта жүріп келе жатқан «Mazda 626» маркалы көлігінің артқы бөлігінен соғып, жол-көлік оқиғасын жасаған.

Салдарынан «Mazda 626» көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Бұл жайт Түлкібас АПБ-не бірден тіркелді. Қазіргі таңда ҚР ҚК 345-бабы "Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде.

ҚР Қылмыстық Кодекстiң 345-бабында «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» былай жазылған: 1. Автомобильдi, троллейбусты, трамвайды не басқа да механикалық көлiк құралын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан бұзуы – 
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 
2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол іс-әрекет – 
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет – 
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет – 
белгілi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Полицейлер 6 дана тіркелмеген қаруды анықтады

Қазақстан Республикасы ІІМ-нің нұсқауы бойынша ағымдағы жылдың 1-қазанынан 1-қарашасына дейін Түркістан облысының аумағында полицейлер "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Шараның мақсаты - қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердегі құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары өздерінің визит карточкаларын бере отырып, пәтерлерді және аулаларды аралауда, жалға берілетін пәтерлерді, базарларды және басқа да сауда орындарын, көңіл көтеру орындарын, қолайсыз отбасыларды, профилактикалық есепте тұрған адамдарды және тұрғылықты жері бойынша азаматтық қару иелерін тексеруде.

Мәселен тәртіп сақшылары "Учаске" шарасы кезінде 344 мың 426 пәтерді, 259 мың 784 жеке үйді аралап тексерді. Аулалар мен үйлерді аралау барысында, 276 жалдамалы пәтерді анықтады. Сондай-ақ тұрғылықты мекенжайы жоқ 16 адам анықталып, оның 8-і қабылдап-тарату орнына орналастырылды.

Аталмыш профилактикалық шараның 25 күнінде полицейлер 6 бірлік заңсыз сақталған, тіркелмеген қаруды тәркіледі.

Бұдан басқа учаскелік инспекторлар құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 646 ұсыныстар енгізілді. Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 517-бабымен 450-ден астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Түркістан облысының полицейлері атап өткендей, "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы ағымдағы жылдың 1-қарашасына дейін жалғасады және оны өткізуге түсіністікпен қарауды сұрайды.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 517-бабында «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы»:

1. Алып тасталды – ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен. 

2. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік жол жүру қағидаларын сақтамаудан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 

он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. 

3. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткеннен кейін Қазақстан Республикасынан кетпеуінен көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 

1) үш тәулік ішінде – 

ескерту жасауға алып келеді; 

2) үш тәуліктен астам бес тәулік өткенге дейін – 

он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді; 

3) бес тәуліктен астам он тәулік өткенге дейін – 

он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. 

4. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен асатын кезең ішінде кетуден жалтаруынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы – 

жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге әкімшілік жолмен шығарып жiберуге алып келеді. 

5. Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмауынан көрінген, Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтаманы немесе жұмысқа орналасуға рұқсатты алу еңбек қызметін жүзеге асыруға қажетті шарт болып табылатын жағдайда, мұндай анықтаманы не рұқсаттарды алмастан, Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыруы – 

жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға не Қазақстан Республикасының шегiнен әкімшілік жолмен шығарып жiберуге әкеп соғады. 

6. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –  

он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеп соғады. 

7. Осы баптың екінші, төртінші және бесінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер –  

Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады делінген.


 

 

Түркістан:Есірткі еккен әйел бас бостандығынан шектеу жазасын алды

Түркістан облысында өз ауласында заңсыз есірткі еккен Сарыағаш ауданының 57 жастағы тұрғынына үкім шықты. Нақтырақ айтсақ, Сарыағаш АПБ полицейлері жедел-профилактикалық іс-шара кезінде үйінде есірткі еккен күдіктіні ұстады. Ал әйел оны өзі тұтыну үшін өсіргенін жеткізді.

Аталмыш күдіктіден полицейлер заттай дәлел ретінде құрамында есірткісі бар 5 түп өсімдікті тәркілеп, сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес оның 3-еуі сора, ал 2-еуі көкнар есірткісі болып шықты.

Бұл жайт ҚР ҚК 300-бабы "Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру" бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жинақталған материалдар айыптау актісімен бірге заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Нәтижесінде Сарыағаш аудандық соты 57 жастағы сотталушыға бір жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды жаман әдеттерден бас тартуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Есіңізде болсын, есірткіні заңсыз егу және сақтау қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

ҚР Қылмыстық Кодексiнің 300-бабында «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру»:

 

1. Өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi егу немесе өсiру немесе сораның, көкнәрдiң немесе құрамында есiрткi заттар бар басқа да өсiмдiктердiң сұрыптарын егіп-өсіру – 

екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

2. Мынадай: 

1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; 

2) бірнеше рет; 

3) ірі мөлшерде жасалған дәл сол іс-әрекеттер – 

үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған.

 

Түркістан облысының полицейлері заңсыз балық аулағандарды анықтады

"Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Шардара ауданының полицейлері Шардара су қоймасының аумағында заңсыз балық аулаудың кезекті жайтын анықтады. Рейд кезінде табиғатты қорғау тобының полицейлері балық шаруашылығы инспекторларымен бірлесіп, су қоймасында заңсыз балық аулаумен айналысқан екі браконьерді ұстады. Олар Келес ауданы мен Алматы қаласының тұрғындары болып шықты. Полиция аталмыш ер адамдардан 58 келі балық (көксерке), қайық және балық аулау құрал-жабдықтарын тәркіледі.

Бұл жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы "Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз өндіру" бойынша тіркелді. Одан әрі заттай дәлелдемелері бар браконьерлер полиция бөліміне жеткізілді.

Қазіргі уақытта Шардара су қоймасындағы заңсыз балық аулау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары браконьерліктің және табиғи ресурстарды заңсыз өндірудің жолын кесу бойынша профилактикалық іс-шараларды жалғастыруда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға шақырады.

Түркістан облысының полицейлері мұнай өнімдерін заңсыз сатудың 6 жайтын анықтады

ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес ағымдағы жылдың 24-26 қазан аралығында Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы "Отын-Энергетика" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Оның негізгі мақсаты - отын-энергетика саласындағы қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу.

Мәселен Түркістан облысы ПД ҰҚҚІҚБ қызметкерлері тексеріс ұйымдастырып, кенттердің бірінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз сатумен айналысқан жергілікті тұрғынды анықтады. Полицейлер сезікті әйелдің дүкен қоймасынан түрлі контейнерлерге құйылған шамамен 500 литр бензин мен резеңке шлангты айғақты зат ретінде тәркіледі.

Сондай-ақ жедел уәкілдер дәл осы күні Сарыағаш ауданында орналасқан қараусыз жанар-жағармай бекетінде мұнай өнімдерін тиісті құжаттарсыз заңсыз сақтау және сату дерегін анықтады. Аудан тұрғынынан тәртіп сақшылары 5 тонна дизель отыны бар цистернаны тәркіледі. Ер адам одан әрі жауап алу үшін Сарыағаш АПБ-на жеткізілді. Полиция қызметкерлері бұдан бөлек жанар-жағармай материалдарын заңсыз сатудың жайттарын Созақ, Түлкібас және Келес аудандарында анықтады.

Полицейлер аталмыш "Отын-Энергетика" жедел-профилактикалық шарасы аясында ҚР ҚК-нің 197-бабы 1-бөлігі "Мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, сондай-ақ олардың шығу тегінің заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнайды қайта өңдеу" бойынша 6 жайтты тіркеді. Заңсыз айналымнан 7 тоннаға жуық жанар-жағармай, оның ішінде дизель мен бензин алды.

Қазіргі уақытта барлық анықталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер мұндай іс-шаралар өз жалғасын табатынын жеткізді.

ҚР Қылмыстық Кодексiнің 197-бабында «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу»:

1. Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу – 

бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

2. Бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекеттер – 

екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады. 

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ірі мөлшерде жасалған іс-әрекеттер – 

мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген: 

1) қылмыстық топ жасаған; 

3) аса ірі мөлшерде жасалған іс-әрекеттер – 

мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады
деп жазылған.

 

 

 

 

Түркістан: Ата тәрбиесі –ұлт болмысы

«Үй маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» – деген екен халқымыз, тұла бойымызға даналық, мейірімділік қасиеттерін сіңірген асыл жанымыз – атамыздың берген батасы, сезімге толы сөздері әлемдегі ең қасиетті сөздер болып саналады. Қазақ халқының тәрбиелік және тәлімдік ой-пікірлері мен жол-жораларының маңызы мынадай жайттарда айшықтала түседі: қазақ халқының өміріндегі үлкенді сыйлау мен қонақ күтудің елеулі маңызы; халық ойындары мен мерекелерін өткізудің де өзіндік ерекшеліктері мен қалыптасқан жүйесі, табиғаттың сырын терең меңгеріп, үйлесімділік табуы, өсиет айту, терме, айтыс, шешендік сөздер, қазақтардың поэзиясы, туыстық қарым-қатынастар, қонақжайлылық, тектілік, т.б.

Адамзат қауымының ғасырлар бойғы тарихы имандылық, ғибраттық, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тағылым ұрпақ тәрбиесінің қыруар үлгілерін мұралыққа қалдырғаны бәрімізге белгілі. Қазіргі таңда сол құндылықтарымыз қаншалықты сақталып, ұрпақ санасына қаншалықты беріліп жатқандығы басты мәселе.

Адам өміріндегі тәрбие, ұлттық сана басты мәселе болуы тиіс. Адам болып туылу оңай, ал адам болып қалыптасу қиын. Адамдық қасиетке бірден бір әсер етуші фактор ол тәрбие, ұлттық салтымыз.  Сол халық даналығы қорытқан қазына байлық, тәжірибені халық игілігіне жарату, үлгі етіп ұсыну жас ұрпақтың еншісінде.

Ата сөзі – ақыл көзі ретінде мол асыл қазына, ата сөзінің тәлімдік мәні көне заманнан басталса, оның құдіретін сөз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа дамытушы қарт ұстаз. Өмірдің өнегелі жақтарын көңілге тоқыған қария – өсетін жасқа өнегелі өсиет айта отырып, жақсы өмірге үйретеді, ойын дамытады, тілін ширатады.  Ата-ана ақылды болса, ұл-қызы да дана болып өседі, бағбаны ақылды болса, ағашы түзу болып өседі. Ойсыз бала өспес, сусыз ағаш өспес. Ата-ана ардақты болса, ұл-қызы ақылды болар, ата-ана ақылсыз болса, ұл-қызы жағымсыз болар – деп бекер айтпаса керек. Жақсы тәрбие-жақсылыққа бастайды. Өмірде әрбір ата-ана өз ұлы мен қызын жамандыққа үйретпейді, жақсылыққа үйретеді. Жақсылық – ұлдың ойын, қыздың бойын тез өсіреді. Қазіргі уақытта ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуші қарттарымыз кемде кем. Аталарымыздың айтуында қарты бар үй қазыналы дейтін, алайда, сол қадір-қасиет қазіргі қарияларымыздың бойынан жеткілікті көрінбейді. Садақаға су берсең адам сырын да жасырмайды, мұңын өзінен асырмайды. Өмірде есепсіз дүние жинап, ажалға тап болғанды Алла да жақтырмайды, бірақ өмірде дана болсаңда тіршілікте мәңгі қалдырмайды. Кешірімді болсаң – кең етер, мейірімді болсаң – еліңе хан етер, қаһарлы болсаң – халықты өзіңе жау етер, ақымақ болсаң – айналаңды дау етер. Ата тәрбиесін түсінсең – өсиет болар, түсінбесең – өсекке айналар деген.

Ел басқару – естінің ісі, үй басқару – ердің ісі, қас пен досты дауластыру ездің ісі деп бекер айтпаса керек. Ата тәрбиесі – жасты ақылды етеді, ақылдыны – дана етеді, түйсігі барды – тілді етеді, ойланып оқығанды – білімді етеді, көңілге тоқығанды – көңілді етеді. Аталы сөзді білмеген жүрер жолын көрмейді, досына сенбейді, оңайлықпен күлмейді, жақсылықты білмейді, надандықтан кетпейді, ақылдыға ермейді, көрінгенді күндейді. Ата тәлімін үйреніп ойлаған озар, ойланбаған тозар, оқымағанның жыны күнде қозар – деп бекер айтпаса керек Марқабай Керімбекұлы.

Қорыта келе ата тәрбиесі жастарға даналықты тани білуге, балалықтан арылып, ақылдылыққа бой ұруға үйрететін өз ойын өзі ширатуға көмектеседі. Қарттық – ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Қарттарымыз еліміздің өткені мен бүгіні, тұнып жатқан тарихымыз. Үлкенді сыйлау – ата-бабаларымыздан келе жатқан салтымыз екенін ұмытпағанымыз абзал.

                                  

Қ.Салықбаев

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру және үйлестіру

бөлімінің басшысы