Түркістан: «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасы арқылы жалған нөмір тағып, айыппұл төлемей жүрген жүргізушілер анықталуда

Елімізде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды дер кезінде анықтау мақсатында «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» жаңа бағдарламасы іске қосылды. Осы ретте Түркістан облысының полицейлері жаңа бағдарлама арқылы бірталай құқық бұзушылықтарды анықтап, алдын алуда. Мәселен соңғы 10 тәулік ішінде Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығы мен Түркістан ҚПБ полицейлері бірлесе отырып, жол жүру ережесін бұзған 961 автокөлікті анықтады. Айыптұраққа 148 көлік қойылды. Ал «Қорғау - қауіпті жүргізуші» бағдарламасы аясында 180 автокөлік тоқтатылып, 109-ы айыптұраққа жеткізілді. 71 автокөлік жүргізушісіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мәселен полицейдің планшетіне облыс орталығындағы Тәуке хан даңғылы мен Тынышқұлов көшесінің қиылысында кетіп бара жатқан «Toyota» маркалы көліктің жалған мемлекеттік нөмір таққаны және төленбей жүрген айыппұлдары бары жөнінде белгі берілді. Дабыл түсісімен полицейлер аталған көлікті тексеру мақсатында тоқтатып, құжаттарын қарады. Анықталғандай, жүргізуші көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмерін таққан.

Сондай-ақ 62 құқық бұзушылықты жасап, 1 миллион 600 мың теңгеден астам айыппұл бойынша берешегі бар болып шықты. Аталған автокөлік айыптұраққа қойылып, жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігімен хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Полицейлер тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Өздеріңізге белгілі жүргізушілер тәртібін арттыруда жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтайтын осындай «Қорғау» секілді автоматты жүйелер маңызды рөл атқарады. Ішкі істер министрінің тапсырмасымен әзірленген «Қорғау-Қауіпті жүргізуші» бағдарламасында облыста орнатылған бейнебақылау камералары, Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталықтары мен мобильді қосымшаларының мүмкіндіктері біріктірілген. Ендігі кезекте Түркістан облысының полицейлері жұмысты одан ары жандандырып, жол қауіпсіздігі үшін үздіксіз қызмет ете бермек.

Түркістанда пробациялық есепте тұратын азаматтармен жиын өтті

Түркістан қалалық Полиция басқармасының мәжіліс залында пробациялық есепте тұратын азаматтармен жиналыс өтті. Кездесуге Түркістан облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, ведомствоаралық топ мүшесі Зуппархан Чалданов төрағалық етті.

Ұйымдастырушылар сотталғандардың соттылық деңгейі, отбасылық жағдайы, білімі, жасаған қылмысына өкінуі, дұрыс жолға түсуі жөніндегі сұрақтар назардан еш түспейтінін, бұл бойынша арнайы қадағалаушы қызметкерлер қызмет ететінін жеткізді.

Іс-шара барысында Түркістан облысы Полиция департаментінің ЖПҚ басқармасының жұмысын ұйымдастыру және қадағалау тобының инспекторы полиция капитаны Көкаршын Жолбарысханқызы, пробациялық есепте тұратын азаматтардан арнайы сауалнама алды. Яғни, шартты түрде сотталған және мерзімінен бұрын босап шыққандарға полиция қызметкерлерінің негізгі жұмысы жөнінде толық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ал инспектор-психолог әділет аға лейтенанты Ақмарал Бекбай, жиынға қатысушыларға психологиялық тренинг өткізді. Сондай-ақ қателік жасап, жаза арқалағандарға алдағы өмірлерінде жаман қылықтардан бойларын аулақ ұстауға шақырды.

Негізгі мақсат – кез келген сотты болған тұрғынның жақсы жағына өзгеруін қамтамасыз ету. Полиция қызметкерлері қауіпсіздіктің сервистік моделі бойынша ашықтықты қамтамасыз ете отырып, оларға қолдау білдіру жұмыстарын іске асыру болып табылады.

Сарыағаш: Полицейлер қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні ұстады

Түркістан облысының полицейлері Сарыағаш ауданы тұрғынының үйіне жасалған қарақшылық шабуылды анықтап, қылмысты ашты. Анықталғандай, қарақшы жәбірленушіні пышақпен қорқытып, ірі көлемде ақша салынған сөмкені ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған.

Нақтырақ айтсақ, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне пышақ жарақатын алған әйелдің ауруханаға түскені туралы хабарлама келді. Тексеру кезінде ауыл тұрғынының үйіне белгісіз біреу кіргені белгілі болды. Яғни, күдікті ер азамат әйелге физикалық күш көрсетіп, пышақпен қорқытқан. Содан жәбірленушіге пышақ жарақатын салып, ішінде ақшасы бар сөмкені алып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігі "Қарақшылық" бойынша тіркелді. Келтірілген шығын көлемі шамамен 4 миллион теңгеден асты.

Еш қорықпастан өзгенің үйіне кіріп, ауыр қылмыс жасаған күдіктіні ұстауға тез арада Криминалдық полицияның тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Олар күдіктіні анықтауға бағытталған іздестіру іс-шаралар кешенін жүргізді. Аулаларды аралап, бейнебақылау камераларын мұқият қарап шықты. Нәтижесінде жедел уәкілдер бейнекамералардың бірінен жәбірленушінің ауласынан шыққан күдікті ер адамды байқады.

Жинақталған ақпарат көздері арқылы одан әрі іздестіру жұмыстарын жүргізген Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктіні Нұр-Сұлтан қаласынан ұстады. Аталған Сарыағаш қаласының тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді. Тінту кезінде жас жігіттен ұрланған ақшаның бір бөлігі мен басқа да айғақты заттар тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 192-бабы 3-бөлігі "Қарақшылық" және ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі "Адам өлтіруге оқталу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Бүгінде орын алған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және өз мүлкін сақтау шараларын қабылдау қажеттігі туралы ескертеді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше үйлерде бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатуға кеңес береді.

Жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген жас жігіт әкімшілік қамауға алынды

Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасын ұйымдастыруда. Осы тұрғыда Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері сағат 10:30 шамасында «Ауди-80» маркалы автокөлікті тоқтатты. Оны тексеру кезінде, ер адамның көлік құралын басқару құқығы жоқ екендігі анықталды. Сонымен қатар полицейлер оның масаң күйде екендігіне күдіктеніп, сараптама тағайындады.

Сараптама қорытындысына сәйкес жүргізушінің алкогольді мас күйде екендігі белгілі болды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді.

Жинақталған іс-құжаттар Ордабасы аудандық сотына жолданды. Нәтижесінде, мас халде көлік тізгіндеген жүргізуші 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, көлік айыптұраққа қойылды. Түркістан облысының полицейлері көлік басқару құқығы жоқ жүргізушілерге көлік айдамауға кеңес береді.

 

 

«УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЛАРЫНА АЛҒЫС»

Шымкент қаласы Полиция департамент бастығының атына Еңбекші ауданы Көксай-2 көше комитетінің төрайымы Б.К.Боташевадан учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Жасулан Тлегенов және аға лейтенанттары Азиз Артықбаев пен Өмірзақ Кенжаевқа алғысын білдірген хат келіп түсті.

Қазіргі таңда ауданымызда қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мүддесін қорғауды нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Басқарма басшылығының және жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығының үйлесімді жұмысының арқасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алды алынуда.

 «Учаскелік полиция инспекторлары Жасулан, Азиз және Өмірзақ өздерінің қызметтеріне өте адал, сондай-ақ кішіпейіл, білімді азаматтар. Көше тұрғындарының атынан алғыс айтамын. Марапатқа лайық»- делінген Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, Көксай-2 көше комитетінің төрайымының хатында.

ШЫМКЕНТТЕГІ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Биыл Еңбекші ауданында “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында І-кезеңмен 52 көпқабатты үйдің 36 ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.
Сонымен қатар, ІІ-кезеңмен 21 көпқабатты үйдің 11 ауласы абаттандырылып, 4 ашық спорт алаңша құрылып, 5 спорт алаңша қайта жөндеуден өтеді. Бүгінде мердігер мекемені анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары өтуде.

Сонымен қоса, Сайрам шағынауданында да 10 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылады. Еңбекші ауданындағы Сайрам шағынауданының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына белсенді қатысып өз жобаларын ұсынған болатын. Нәтижесінде биыл 10 үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы құрылады. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асыру мақсатында кез-келген қала тұрғыны қала аумағын абаттандыру, дамыту және жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. 2021 жылы аулаларды абаттандыру және заманауи балалар ойын алаңшаларын құру мақсатында қала бюджетінен 2,5 млрд. теңге қаралды. Қазіргі таңда қаламыздағы көпқабатты 184 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында тұрғындардың ұсынысымен 101 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың игілігіне тапсырылуда. Бүгінге қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі бар.

үйінде есірткі өсірген түркістандық ұсталды

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі затын өсірді деген күдікпен қала тұрғынын құрықтады.

Нақтырақ айтсақ, полицейлерге есірткі қылмысы бойынша шұғыл ақпарат түскен. Осының негізінде тәртіп сақшылары бірден іске кірісті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция қызметкерлері күдіктінің үйін тексеру кезінде ауласынан 2 түп есірткіге ұқсас өсімдік табылып, тәркіленіп алынды. Айғақты зат ретінде алынған заттарға сараптама тағайындалды. Нәтижесінде оның «марихуана» есірткісі екені расталды. Күдікті полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға тыйым салынған заттарды қолдануға, сатуға, сақтауға болмайтынын, әр құқық бұзушылыққа заңға сәйкес шара көрілетінін ескертеді. Жалпы есірткі қолдану, бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға қауіпті екенін еске салып, салауатты өмір салтын ұстануға кеңес береді.

Жүргізуші куәлігін жасап беремін деп…

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғаны жөнінде хабарлап, шағым түсірді. Жәбірленуші азаматтың айтуынша, ол 2022 жылы қаңтар айында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жанында бейтаныс әйелмен танысады.

Содан әңгіме барысында танысқан әйел жүргізуші куәлігін тез арада істеп бере алатынын айтып, әбден сендіреді. Осыдан соң ер азамат бейтаныс әйелге 160 000 теңге береді. Алайда 2 ай ішінде бітеді деген жалған уәде 8 айға созылады. Жәбірленуші не ақшасын, не куәлікті ала алмағаннан кейін, полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.

Алаяқтық қылмысына байланысты полиция қызметкерлерінен тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде осы жайтқа қатысы бар бұрын сотты болған Қызылорда облысының тұрғыны ұсталды. Қазіргі таңда күдікті әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Белгілі болғандай, күдікті әйел жәбірленуші азаматтың сеніміне кіріп, аз уақыт ішінде жүргізуші куәлігін жасап беретінін айтқан. Содан соң ақшасын алып, бас пайдасына жаратып жіберген. Сондай-ақ ұсталған әйелдің бұған дейін де 1 азаматтан дәл осындай алаяқтықпен жүргізуші куәлігін жасап беретінін айтып ақша алғаны анықталды. Жалпы шығын көлемі 300 мың теңге.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді, кез келген адамның күмәнді ұсынысын қабыл алмаңыздар. Оңай жолмен заңсыз қызмет ұсынамын деген адамның, алаяқ екені белгілі. Сондықтан, сақ болыңыз!

Түркістан облысының полицейлері базардан арба ұрлаған ер адамды ұстады

Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, орталық базарда құны 80 мың теңге болатын арбасын белгісіз біреулер жымқырып кеткен. Аталған жайт қалалық Полиция басқармасына ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.

Орын алған қылмысты ашып, күдіктіні ұстау мақсатында түркістандық полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде күдіктінің ұрлық жасаған сәтіндегі бейнежазбасы анықталып, базар аумағына бекітілген учаскелік полиция инспекторларына бағыт берілді. Учаскелік инспекторлар тәулік ішінде күдікті ер адамды ұстады.

Анықталғандай, күдікті базарда қараусыз тұрған арбаны көріп, ұрлап, оқиға орнынан ізін суытқан. Содан соң-ақ арбаны темір өткізетін орынға сатып жіберген. Қазіргі таңда күдікті деп танылған ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полицейлері ескертеді, бағалы заттарыңызға барынша сақ болыңыздар. Егер, сіз, ұрлық қылмысының құрбаны не куәсі болсаңыз, тез арада полицияға хабарласыңыз.

Келесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы жиын өтті

 

Түркістан облысына қарасты Келес ауданында өткен Қоғамдық кеңестің кезекті отырысына аудан әкімі А.Есбаев, мәслихат хатшысы А.Тотиков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Е.Жүнісов, құрылымдық бөлім, дербес бөлім басшылары, ауылдық округтерінің әкімдері мен Келес аудандық Қоғамдық кеңесінің мүшелері қатысты.

Кеңес отырысының күн тәртібінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жиі ұшырасатын салалар білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдері басшыларының есебі тыңдалып, проблемалық мәселелердің шешу жолдары бойынша бірқатар ұсыныстар талқыланды.

Мінберде саөз алғандар еғ біріншіден сыбайлас жемқорлықтың не екенін, оның қандай зияны барын және онымен нәтижелі күрес туралы атты.

-      -  Қазіргі кезде сыбайлас  жемқорлық  әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді, ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады,-деді жиналғандар.

-          Қазіргі заманғы әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде. Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді. Қазақстанда экономиканы жандандыру және ауқымды әлеуметтік  түрлендіру жағдайында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заманауи әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланысқан бүтіндей стратегияның қажеттілігіне анық көз жеткізілді. Стратегияның мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа кез-келген жемқорлықтың туындауына «нөлдік» төзімділік таныту атмосферасын құру жолын қолдану арқылы барлық қоғамды тарту, сондай-ақ Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады. Стратегиямен  белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басты бағыттары мынадай:

● мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар қолдану;

● қоғамдық бақылау институттарын енгізу;

● мемлекеттік сыңайлы және жеке меншік секторларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау;

● құқық қорғау және сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу;

● сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру;

●  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту.Осы бағыттар шеңберінде «сыбайлас жемқорлық» ұғымын қайта қарастыруға және жемқорлық құқықбұзушылықтар арасына нақты шек қоюға, мемлекет тіршілігіне азаматтық бақылау жүйесін құру және енгізуге мүмкіндік беретін, сондай-ақ азаматтардың көпшілік ақпаратқа еркін рұқсат алуын қамтамасыз ететін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы», «Қоғамдық бақылау туралы», «Көпшілік ақпаратқа рұқсат туралы» жаңа заңдары  дайындалып, қабылданатын болады.

Айта кетейік, бүгінде жалпы ел аумағында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін зерделеуге және үйлестіруге бағытталатын қоғамдық кеңестердің тұрақты органдары, яғни жергілікті жерлерде комиссиялар құрылып, бұдан былай бармақ басты әрекеттерді болдырмау бойынша қоғам арасында белсенді жұмыс жүргізетін болады.