Сейсенбі, 05 Тамыз 2025 21:09

Отырар ауданы: 10 тамыз - Ұлы Абайдың туған күніне орай Абай апталығы басталды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Биыл халқымыздың біртуар ақыны – Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы айтулы мерекеге, яғни, 10 тамыз - Хакім Абайдың туған күніне орай Отырар кітапханасында Абай апталығының ашылу салтанаты өтті.

Шараны Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов алғы сөзбен ашып, Абайдың әр өлеңі – өмір сабағы болса, қара сөздері – терең ойдың, рухани ізденістің, адам болмысына бағытталған ғибраттың қайнар көзі екендігін атап өтті. Сондай-ақ кітапхана оқырмандары ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқыса, аудан өнерпаздары табиғат пен сезім үндестік тапқан «Желсіз түнде жарық ай» және «Көзімнің қарасы» әндерін орындады.

Ұлт мәдениеті мен әдебиетінің алтын қазынасы болған Абай шығармаларын дәріптеу одан ары жалғасын таба бермек.  Бұл игі шара ақын мұрасын зерделеп, насихаттауға тамаша мүмкіндік және жастарға берер тәлімі зор болмақ. Сонымен қатар Абай Құнанбайұлының бай мұрасы мен қара сөздері жас ұрпақтың ұлттық дүниетанымын кеңейтіп, әдебиетке деген құштарлығын арттырары сөзсіз.

Абай Құнанбайұлы (1845-1904) – ұлы ақын, жазушы, қоғам қайраткері, ағартушы, қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушы. Абай халықтың таным көкжиегін кеңейтуге ықпал ету үшін шығыс және батыс мәдениеттерін жан-жақты зерттеп, олардың үздік үлгілерімен таныстырып отырды. Ұлы Абайдың Қара сөздері – педагогикалық (тәрбиелік) тұжырымдар, олар қазақ ұлттық педагогикасына қағба-бағдар ретінде енді. Абай өлеңдері еңбекке, ғылымды сүюге, өнерге, адамгершілікке тәрбиелейді. Абай тұлғасы – отандық мәдениет пен әдебиетте салмақты орын алады.

Абайдың жазған шығармалары эстетикалық немесе сезімге, адамның рухани әлеміне әсер ету құралы ғана емес, ақынның шығармашылық шеберханасынан қазақ халқының ұлттық болмысы мен салт-санасы, тұрмыс-тіршілігінің суретін танып, жалпы мәдениеті туралы көп мағлұмат алуға болады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, Абай өз заманын, қазақ қоғамын,  мәдениетін, экономикалық жағдайын тарихшы немесе  өнертанушы болып айтпаған, ақын болып сөзден сурет салып, сөз кестесін, өлең өрнегін құрастырады. Осылардың бірі - өз халқының рухани мәдениетіне қатысты.

Абай өз шығармашылығында киім атауларына да өз назарын білдірген «Қазақтың киім-кешегі- айналадағы ортаның іс-қимылымен байланысты». Абайдың айтуы бойынша, «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады». Оның кейіпкері алтын-күміс кигені, қамқа торғын болса да, «махаббат, қызық мол жылдарын» байлыққа айырбастап, ет жүрегін саудаға салмайды («Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында»). Қазіргі тілмен айтқанда, жоғары эстетикалық талғамы қай заманда да қазақ қыздарының сұлулығы мен әсемдікті серік еткенін танытады. Материалдық мәдениетін – киім арқылы, адамның рухани мәдениетін , мінезі арқылы сипаттайды. Абайдың осындай бір көзқарасы творчестволық өмірінде ерекше орын алады.

Данышпан Абай өз шығармаларында  « Ісім өнсін десең, ретін тап»,- деп кәсіпкерлік туралы да айтқан. Кәсіпкерлікке еңбекті насихаттау мақсатында көңіл бөлген. Абайдың арманы – қазақ халқын бай елдердің қатарында көріп, малды адал жолмен тауып баю, басқа біреуге тәуелсіз болу. Бүгінгі кезде, егер еліміз бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан орын алса, Абайдың  арманы орындалғаны. 

Абайдың творчествосында адам мәселесі бір ерекше орын алатын. «Адам бол!» - деген сөзді ту етіп көтерген. Ақынның өлеңдерінде жиі кездесетін сөздер: «адам болу», «жарым адам», «адамшылық» және т.б. Бұл адамның психологиялық, эстетикалық, танымдық және әзіл-сықақ, кеңес беру «қарасөздері» арқылы айтылады. Абай психолог ретінде адамның рухани байлығын, адамдық қасиеттерін, элеуметтік этика, қоғамды көркейтуге жол көрсеткен. Оның ойынша, әр адам арлы, адамгершілік қасиеттері жоғары, сабырлы, ұят пен қанағатты білетін, иманды, игі жүректі болу керек. 

Абай: «Адамды нағыз адам қылатыны- сезім, ой, рух, білім, өнер, адамгершілік, сана, әрекет, - дейді. Осылардың бәрі болса, адам өз-өзімен табыстырады, өзін өзгемен жарастырады, қала берсе, халық игілігіне сай келтіреді. Ұлы ақын адамның жан көріністерін көз жіберу немесе тексеру арқылы да білдіре алады. Мысалы, көру құралы – көз туралы мынадай тіркестер бар: «үлкендеу келген қоңырқай саналы көздер», «нұрлы көз», «ойлы оты бар, жанған көздер», «ұялы қара көз». Осының бәрі- ойлылық, ақыл мен парасат, ізгілік пен ізеттілік, көңіл күйініші мен сүйінішін білдіреді. Ал « суық»,  қомағай», ашу», «нұрсыздық»  деген сөздер адамның ішкі көрінісін айқындайды.

Ойшыл ұлы Абай білім алу саласына да өз көзқарасын болашақ ұрпаққа үлгі болсын деп, білімнің екі түрі болады деген ұғымын берген. Білімнің біріншісі – материалдық түрі; екіншісі – рухани. Материалдық білімге табиғатты зерттейтін барлық ғалымдар, оның ішінде қоғамдық қатынастар жөніндегі көпшілік білімдер жатады. Рухани білімге- табиғатты және олардың арасындағы қарым-қатынасты қамтиды. Метериалдық білім- рухани білімнің бір бөлігі, сондықтан рухани білім материалдық білімді қамтиды. Бұл Абайдың өзінің зерттеген ұғымдары.

Ұлы Абай жайлы қызықты 15 дерек

1. 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласынан 180 шақырым қашықтықтағы Жидебай қыстағында дүниеге келген. 59 жыл ғана ғұмыр кешкен ақын Шыңғыстауға жақын Жидебайдың маңындағы өз қыстағына таяу тұсқа жерленген.

2.  Абай тобықты руынан. Әкесі – Құнанбай Өскенбайұлы өз заманының өте беделді, қоғамдық, саяси қайраткер адамы болған. Аға сұлтан дәрежесінде қызмет атқарған. Ол қажылыққа барып, Меккеде қазақ елінен қажылыққа барғандарға арнап, қонақүй салдырған. Сөйтіп, қонақүй XX ғасырдың ортасына дейін сақталып, кейіннен Меккедегі мешітті кеңейту үшін, сатып алынады. Қарқаралыдағы әлі күнге дейін Құнанбай салдыртқан мешіт қолданыста.

3.  Ибраһим – Абайдың шын есімі. «Абай» деп әжесі еркелеткен. Анасының есімі – Ұлжан. Ұлжан – Құнанбайдың екінші әйелі.

4. Ақындық жолға ол 10 жасында түсе бастайды. Ең алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялаған. Бір деректерде Абай Көкбайдан өз өлеңін бір қараға сатып алғаны айтылады.

5. Абай көзі тірісінде 176-ға жуық өлең жазған. Ең танымалы – «Қара сөздері». 45 қара сөзден құралған бұл шығарманы ақын тоғыз жыл бойы жазған. Шығарма ең алғаш 1918 жылы, өзі өмірден өткен соң 14 жылдан кейін «Абай» журналында жарық көрді. Абай шығармалары әлемнің 60 тіліне аударылған.

6. Хәкімнің ақын, жазушылықтан бөлек, композиторлық қабілеті де болған. Ол 20-ға жуық ән шығарған. Соның бірегейі – «Көзімнің қарасы».

7. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романын 20 жылға жуық бойы жазған. Сондай-ақ бұл роман Лениндік сыйлыққа ие болып, бүкіл әлемге таралды.

8.  Абай шығармашылығында бітпей қалған поэма "Әзім әңгімесі". Бұл поэманың сюжеті "Мың бір түн" оқиғасынан алынып, қарттан екі рет алданып қалған Әзім туралы таңғажайып оқиғалар туралы баяндалады.

9. Абайдың алғашқы махаббаты – Тоғжан. Бірінші жары Ділдәға 1860 жылы 15 жасында, екінші әйелі Әйгерімге 30 жасында үйленген. Абайдың бірінші әйелі Ділдә, әйгілі Қазыбек бидің шөбересі болып келеді. Әмеңгерлік жолмен алған әйелінің есімі – Еркежан. Ол Абайдың інісі – Оспанның қалыңдығы.

10. Абай 16 жасында әке атанады. Оның тұңғышы – Ақылбай. Он баланың әкесі атанған Абай алғашқы немересін қолына 36 жасында алады. Оның аты – Әубәкір;

Бәйбішесі Ділдәдан – Ақылбай, Әбдірахман, Күлбадан, Әкімбай, Мағауия мен Райхан, екінші әйелі Әйгерімнен - Тұрағұл, Мекайыл, Ізкайіл мен Кенже, барлығы 7 ұл, 3 қыз сүйген. Ал Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.

11. Абай болыстық қызмет атқарған. Заңды жетік білген. Ел басқару ісіне 13 жасында араласып, 21 жасында болыс болып сайланады.

12. Абай: «Атадан алтау, анадан төртеу едім». Құнанбай қажының 4 әйелі болған. Бәйбішесі Күңкеден – Кұдайберді. Ұлжаннан – Тәңірберді (Тәкежан), Ибраһим, Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айғыздан – Халиулла, Ысмағұл туады. Төртіншісі – Нұрғаным. Одан ұрпақ жоқ.

13. 1885 жылы Абай бастаған комиссия үш күн, үш түн 93 баптан тұратын «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін» жазып шығады. Ақынның абыройын асқақтатқан да осы «Қарамола съезі» еді.

14. «Қарамола съезінен» кейін Абайдың дұшпандары тіпті еліре бастайды. Бұл әрекеттері 1890 жылы асқынып барып, ақынға қастық қылмаққа ұласады. Дұшпандық әрекеттің басында Байғұлақ, Құнту атты жуандар мен 16 атқа мінер тұрған еді.

15. Ахмет Байтұрсынұлы ең алғашқы – Абайтанушы. Ол 1913 жылы "Қазақ" газетінде "Қазақтың бас ақыны" мақаласын Абайға арнап жариялап, «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деген болатын.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 156 рет