Сенбі, 15 Қараша 2025 20:03

Кентау қаласының әкімі қыс мезгілінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен қала әкімдігінің апталық аппарат жиыны өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, аппарат қызметкерлері, ауыл әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібінде үш негізгі мәселе қаралды.

Алғашқы болып қалалық қаржы және экономика бөлімінің басшысы И.Азизбаев Кентау қаласының бағалау жүйесі индикаторларының 2025 жылдың III тоқсанындағы жоспардың орындалу барысы туралы баяндама жасады. Қала әкімі индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуде қарқыны төмен салаларға назар аударып, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, жұмысты жандандыруды тапсырды.

Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы С.Төлегенов тұрғын үйлерге табиғи газ қондырғыларын орнату кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы жөнінде баяндама жасады. Мәліметке сәйкес, 2025 жылдың басынан бері №12 өрт сөндіру бөлімімен авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарға 295 рет шығу тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда өрттер саны 18,7%-ға төмендегенімен, олардың 77%-ы тұрғын үй секторында орын алған. Өрттің басым бөлігі электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау және ескі сымдардың тозуы салдарынан болған. Сонымен қатар, қалада 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымына орай улы газдан уланудың алдын алу бағытында түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтті. Қала әкімі қыс мезгілінде қауіпсіздік шараларын күшейтіп, тұрғындар арасында газ және пешті пайдалану ережелерін түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізуді тапсырды.

Жиында сондай-ақ Кентау қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Н.Дүйсебаев әскерге шақыру науқанының барысы туралы баяндады. Қала әкімі жастардың әскерге бару белсенділігін арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Аппараттық жиынның қорытындысында қала басшысы барлық бөлім басшыларына атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелі бақылауда ұстап, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамаларды жалғастыруды тапсырды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 68 рет