Дүйсенбі, 20 Сәуір 2026 12:14

Түркістан облысында шегіртке дернәсілдеріне қарсы күрес жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде

Түркістан облысында шегіртке дернәсілдеріне қарсы күрес және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл шаралар облыс әкімі Нұралхан Көшеров бақылауында іске асырылып отыр.

Жоспарға сәйкес, биыл өңірде 906 мың гектар аумақты қамтитын мониторинг жүргізу көзделген. Бүгінгі күнге дейін соның 117 мың гектары зерттелді. Тексеру нәтижесінде 21 мың гектар алқапта шегіртке зиянкестерінің зияндылық шегінен асқаны анықталған. Осыған байланысты зиянкестердің таралуын шектеу және егін алқаптарын қорғау мақсатында 19,6 мың гектар аумақта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда өңдеу шаралары жоспарға сәйкес, жедел әрі уақытылы атқарылуда.

Күрес жұмыстарына 600-ге жуық маман жұмылдырылған. Сонымен қатар 253 жерүсті техникасы мен 45 су тасымалдаушы автокөлік үздіксіз жұмыс істеуде. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар зиянкестердің таралуын дер кезінде тоқтатуға және егістік алқаптардың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік береді. Түркістан облысында мониторинг және өңдеу жұмыстары жергілікті әкімдіктер мен тиісті мекемелердің бірлескен үйлесімі арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар шаруаларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жағдайды тұрақты бақылауда ұстау бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Жалпы, өңірде шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес күшейтіліп, егін алқаптарын қорғау бағытындағы жұмыстар облыс басшылығының қатаң бақылауында тұр.

Орайы келгенде айта кетсек, таяуда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде фитосанитариялық қауіпсіздік және шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес мәселелері қаралған болатын. Жиын барысында өңір басшысы жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне шегірткеге қарсы күрес шараларын сапалы әрі уақтылы ұйымдастыруды тапсырды. Атап айтқанда, анықтау-зерттеу жұмыстарын күшейту, қажетті техникалар мен су жеткізуді қамтамасыз ету, қосымша бүріккіш құралдарды тарту және барлық күштерді үйлестіре отырып, науқанды жоғары деңгейде өткізу міндеттелді. – Шегірткеге қарсы өңдеу жұмыстары уақтылы әрі сапалы атқарылуға тиіс. Жұмыстарды күн сайын хабарлап, мәлімет беріп отырыңыздар. Екіншіден, өңдеуге қажетті химиялық преператтардың сапасына, мөлшеріне мән беріп, нақты зерделеу қажет. Болжау, жоспарлау жұмыстары сапалы болса ғана нәтижеге қол жеткіземіз, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев саяқ шегірткелерге қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, облыстық бюджеттен жыл сайын тиісті қаржы бөлініп, залалсыздандыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы бұл мақсатқа 535 млн теңге бөлініп, 150 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Ал 2026 жылы 133 млн теңге қарастырылып, 36 мың гектар аумақты өңдеу жоспарланып отыр. Жұмыстар Арыс қаласы мен Келес, Сарыағаш, Шардара аудандарында жүргізіледі. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталған.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушысы Марат Орынбаев өңірдегі фитосанитариялық ахуал мен алдағы жоспарларды таныстырды. Оның мәліметінше, 2025 жылы облыста шегіртке зиянкестеріне қарсы 715,3 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 341 бірлік арнайы техника мен 900-ден астам аспалы бүріккіш қолданылған. Жалпы 2 700-ден астам адам жұмылдырылған.

Биыл шегірткеге қарсы күрес шараларына жалпы 2 030 адамды жұмылдыру жоспарланған. Оның ішінде 65 инспектор, 65 болжам орталығының маманы, 200 жергілікті атқарушы орган қызметкері, 200 ветеринария саласының маманы, 400 табиғат қорғау қызметкері және 1100 уақытша анықтаушы бар. Сондай-ақ агротехникалық шаралар аясында 2,2 мың гектар аумақта жер жырту жұмыстары жүргізіліп, оның жартысы игерілген. Бұл әдіс зиянкестердің көбеюін 35-50 пайызға төмендетуге мүмкіндік берген.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары құрғақшылықтың әсерінен шегірткелердің таралу қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты биыл күрес шаралары күшейтіліп, 400-ден астам бүріккіш техника, 4 АН-2 ұшағы мен дрондар жұмылдырылмақ. Өңір аумағы 65 секторға бөлініп, жұмыс топтары бекітілген.Сонымен қатар, қолданылатын химиялық препараттарды жаңарту қажеттігі атап өтілді. Биыл тиімділігі жоғары жаңа препараттарды пайдалану жоспарлануда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 12 рет