Дүйсенбі, 20 Сәуір 2026 11:47

Түркістан облысында өзіндік кірістер көлемі ұлғайып, экономикалық көрсеткіштер жақсара түскен

2026 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша облыс бюджетіне түсімдер жоспары 118%-ға орындалып, 58,3 млрд теңгеге артығымен қамтамасыз етілген. Жоспардың асыра орындалуы негізінен өзіндік кірістер есебінен қалыптасты. Өзіндік кірістердің нақты түсімі 70,8 млрд теңгені құрап, жоспар 10,6 млрд теңгеге артық орындалған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2 млрд теңгеге немесе 8%-ға өсіп отыр. Сонымен қатар субвенциялар, бюджеттік кредиттерді өтеу және республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттер жоспары толықтай 100% орындалды.

Түркістан облысы әкімдігінің апталық мәжілісінде 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша облыс бюджетінің орындалуы мен бекітілген индикаторлардың жүзеге асу барысы талқыланды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.– Түсімдер мен өзіндік кірістерді арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейте түсу керек. Бюджетті уақтылы әрі өз мақсатында сапалы игеру мәселесі де өзекті. Облысты дамыту бойынша бекітілген индикаторлардың орындалу барысы қатаң бақылауда тұр. Кемшілікке жол берген аудан, қала әкімдіктері мен басқармалардың жауапты тұлғаларына тиісті шаралар көріледі, – деген Нұралхан Көшеров жоспарды орындамаған басшылардың есептері мен уәждерін тыңдады. Оларға тиісті тапсырмалар берілді.

Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметованың айтуынша, кейбір экономикалық көрсеткіштер бойынша республика деңгейімен салыстырғанда Түркістан облысының көрсеткіштері жоғары. Атап айтқанда, өзіндік кірістер жоспарының орындалуы 118%-ды құрап, республикадағы орташа 109%-дан жоғары болды. Ал түсімдердің өсу қарқыны 108%-ға, салықтық түсімдердің өсу қарқыны 104%-ға жетіп оң динамика көрсеткен. Аудан және қала әкімдіктері бойынша өзіндік кірістер жоспары толық орындалған. Бірқатар негізгі салық түрлері бойынша да нақты өсім байқалады. Мәселен, жеке кәсіпкерлердің табыс салығы 7,6 млрд теңгені құрап, жоспардан едәуір жоғары орындалса, мүлік салығы 4,7 млрд теңгеге жетіп, жоспар 1 млрд теңгеге артығымен қамтамасыз етілді.

Облыс экономикасындағы оң үрдістерге заңды тұлғалар санының артуы да ықпал етіп жатыр. Жыл басынан бері өңірге басқа облыстардан 172 заңды тұлға тіркеліп, бюджетке 394 млн теңге түсім түсірді. Сонымен қатар 362 жаңа заңды тұлға құрылды. Бұл көрсеткіштер өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығының артып келе жатқанын аңғартады.Бюджет шығыстары бойынша да тұрақты игеру деңгейі қалыптасқан. Есепті кезеңде облыс бюджетінің шығыстары 315,6 млрд теңгені құрап, жоспар 99,4%-ға орындалды. Жалпы алғанда, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша Түркістан облысында бюджет түсімдері мен шығыстарын орындау бағытында оң нәтижелер қалыптасып, негізгі макроқаржылық көрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілген.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппардың айтуынша, Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында 5 бағыт бойынша 27 негізгі ұлттық индикатор, 17 нысаналы индикатор, 77 нәтижелі көрсеткіш қарастырылған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 17 нысаналы индикатордың 11-і орындалды, 3 индикатор орындалу үстінде. Жоспарланған 77 нәтижелі көрсеткіштің ішінде 51 көрсеткіш бойынша жоспарға қол жеткізілді, 9 көрсеткішті орындау жұмыстары жүріп жатыр.

Осы тұста айта кетсек, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап өтті. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру болып табылады. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Яғни, ел экономикасының негізгі басымдығы мұнай мен шикізат емес, жоғары технологиялық өндіріс пен инновациялық индустрия болуы тиіс. Бұл қадам жаңа жұмыс орындарын ашуға және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 

Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалдық және «Turan» арнайы экономикалық аймақтары құрылған. Өндірісті дамыту мақсатында өңірге сырттан келетін тауарларға талдау жүргізілді. Негізгі үлес құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия өнеркәсібі және тамақ өндірісіне тиесілі. Олар бойынша импорт көлемі 98 млрд теңгені құрайды. Бұл тауарларды облыста шығаруға барлық мүмкіндіктер бар. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, оларға индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтардан дайын алаңшалар ұсынылған. Нәтижесімен, бірнеше маңызды жобаларды іске асыруға қол жеткізілді.

Индустриалды аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50 жоба іске қосылған. 2 609 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211,8 млрд теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылуда. Президент өз Жолдауында Орталық Азия елдерімен экономикалық байланысты күшейтуді тапсырған болатын. Көршілес Өзбекстанмен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 100 гектар аумақта «Орталық Азия халықаралық кооперация орталығы» құрылды. Нысан – кеден бекетімен заманауи қоймалар және өндірістік нысандармен интеграцияланған логистикалық орталық қызметін атқарады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 10 рет