Іс-шараға қала әкімі Жандос Тасов, қала прокуроры Назарбай Ибраймолдаев, қалалық жергілікті атқарушы, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Кеңес барысында Облыс прокурорының орынбасары Даулет Тлемисов өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, оларды шешу бойынша нақты хаттамалық тапсырмалар берді. Сонымен қатар Облыс прокурорының орынбасары Кентау қаласында орналасқан «Кентау-Сервис» МКК №5 жылу-энерго орталығына барып, жылу маусымына дайындық жұмыстармен танысты.
Кентау – тарихы терең, болмысы ерекше, еліміздің өндірістік орталықтарының бірі. Тау-кен саласы шаһар тұрғындарының негізгі табыс көзі болып келген-ді. Бүгінгі таңда Түркістан облысының орталығына іргелес жатқан Кентау жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, әлеуметтік салада, инфрақұрылым мен құрылыста, кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Кентау – түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ынтымақ пен бірліктің қаласы десек, қателеспесіміз анық.
Кентау қаласының аумағында геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге тартымды, пайдалы қазбаның зерттелмеген және пайдаланылмаған жеткілікті қоры шоғырланған. Қала аумағында орналасқан Арнайы экономикалық аймағы мен Индустриалды аймағының мүмкіншіліктерін және еңбек потенциалын ескере отырып, дамытудың негізгі бағыты ретінде өнеркәсіп саласында тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне басымдық беріледі. Өзге салалар бойынша да тиісті жұмыстар атқарылуда.
Кентау қаласында 2024-2030 жылдарға жалпы құны 226,6 миллиард теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. 1791 адам жұмыспен қамтылады. Туризм саласында 2025 жылы 2 жоба іске асырылды. Жалпы құны - 959 миллион теңге, жұмыс орны – 70 адам. 2025-2030 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың есебінен 2,5 миллиард теңге салықтық түсімдері түседі деп жоспарланып отыр. Іске асырылатын инвестициялық жобалардың нәтижесінде жалпы өңірлік өнімінің көлемі 2030 жылға дейін 2 есеге арттыру жоспарлануда. Оның ішінде өнеркәсіп саласындағы өнімді 2,4 есеге арттыру, ауыл шаруашылығы саласын 1,5 есеге, құрылыс саласын 1,6 есеге арттыру көзделген.
Мемлекет басшысы Жолдауында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының көктем айынан бастап жүргізіліп келе жатқанын айтты. Президент айтқандай, бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. Осы бастамаға Кентаулықтар да өз үлестерін айтарлықтай қосып келеді. Кентау қаласы бойынша былтыр күз айына облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан жоспарына сәйкес 9000 түп қарағаш отырғызу тапсырылған болатын. Оның 7650 түбі «Жасыл аймақ» учаскесіне отырғызылды. Қалған ағаштар қалаға қарасты 4 ауылға 1350 түп көшет беріліп, егілді.
Ал «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Кентау қаласына қарасты Байылдыр, Қарнақ ауылы және оған қарасты Құсшы-ата елді мекеніндегі жалпы ұзындығы 16 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт жабындылары төселді. Атап айтқанда, Қарнақ ауылындағы Қашқари, Жаңа бақ, Есімхан Шағай көшелеріне асфальт жабындылары төселген. Сонымен қатар, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында Шанхай шағын ауданындағы 4,2 шақырымды құрайтын Степная және Гаражная көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат