Қала әкімі Жандос Тасов құрылыс басына барып, жұмыс барысын бақылады. Жауаптыларға құрылыстың сапасын қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, Шахтастрой көшесінде ұзындығы 0,67 шақырымды қамтитын тұрғындарға қолайлы аяқжол салу жұмыстары да қатар атқарылуда. Аталған нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жүзеге асырылуда. Бұл бастама облыс әкімінің тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы қала» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатыр. Жол жөндеу жұмыстарының маңызы тек көлік қатынасын жеңілдетуде ғана емес. Бұл – өңір экономикасының жандануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына бағытталған маңызды әлеуметтік жоба.
Инфрақұрылымның сапалы болуы – бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғын үй құрылысы мен шағын сауда орындарының көбеюіне жол ашады. Кентау қаласы соңғы жылдары Түркістан облысының индустриялық және әлеуметтік тұрғыдан серпінді дамып келе жатқан аймақтарының бірі саналады. Мұнда жол инфрақұрылымымен қатар, инженерлік желілерді жаңарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, тұрғын үй құрылысы және абаттандыру бағыттарында да бірқатар ауқымды жобалар іске асуда.
Жергілікті әкімдік өкілдерінің айтуынша, қаладағы жолдарды жүйелі түрде жөндеу арқылы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырумен қатар, экологиялық жүктемені азайту және қоғамдық кеңістіктердің сапасын жақсарту көзделген. Жалпы алғанда, Түркістан облысының инфрақұрылымдық дамуы — өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Кентауда қолға алынған жобалар осы бағыттағы кешенді жұмыстың нақты көрінісі болып табылады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат