Аудан басшысы алдымен «Орталық саябақта» болып, тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында берілген тапсырмалардың орындалу барысын бақылауына алды. Қазіргі таңда саябақ аумағында балаларға арналған ойын алаңдары, шынығуға арналған спорттық құрылғылар, фастфуд өнімдерін дайындауға арналған шағын бутиктер, сондай-ақ гигиеналық талаптарға сай дәретханалар орнатылған. Саябақтың көркін арттырып, жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау мақсатында саябақ аумағына бейнебақылау камераларын орнату және полиция пунктін салу мәселелері де қарастырылды.
Сапар барысында “Тәуелсіздік саябағында” да болды. Мұнда қазіргі уақытта су бұрқақтарды жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.– Халық демалатын орындар таза, қауіпсіз әрі ыңғайлы болуы тиіс. Жобалардың әрбір бөлігіне мұқият қарап, жұмыс сапасын басты назарда ұстау қажет, – деген аудан басшысы жауапты мамандарға жұмыстардың сапасына ерекше мән беруді және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сондай-ақ, аудан әкімі осыдан бір күн бұрын егіс алқаптарын да аралағанын айта кетейік. Бүгінде созақтық шаруалар жиын-терін науқанын бастап кеткен. Арпа дақылдарын орып, маусымдық жұмыстарды қарқынды жүргізіп жатыр. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жон аймағындағы егіс алқаптарын аралап, науқан барысымен танысты.
«Камила РБР» ЖШС биыл 240 гектар алқапқа арпа ексе, «Өмір» қожалығы бидай өсірумен айналысуда. Қожалық басшыларымен тілдескен аудан басшысы егін шығымына, өнім көлеміне және ауа райының әсеріне қатысты мәселелерді талқылады. Шаруалар биыл орын алған қуаңшылықтың салдарынан өнім көлемінің жылдағыдан едәуір аз екенін атап өтті. Айта кетейік, биыл аудан көлемінде 370 гектарға бидай, 1438 гектарға арпа, 1100 гектарға мақсары, 760 гектарға жүгері дақылдары егілген.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат