Сенбі, 21 Маусым 2025 14:29

Созақ ауданының әкімі құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында жүзеге асып жатқан құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бақылауына алды.

Қазіргі таңда аудан орталығында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Әсіресе Жеткіншек мөлтек ауданында жеке инвесторлардың қолдауымен бірнеше тұрғын үйдің құрылысы қарқын алған. Аудан басшысы құрылыс нысандарын аралау барысында жауапты мердігер мекемелер мен құрылыс саласының мамандарына жұмыстарды өндірістік кестеге сәйкес сапалы әрі мерзімінде аяқтау қажеттігін ескертті.

Сапар барысында жаңадан бой көтеріп жатқан аудандық кітапхана ғимараты мен 200 орындық заманауи «Спорттық-сауықтыру кешенінің» құрылысы да назарға алынды. Бұл нысандар – тұрғындардың мәдени және салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған маңызды жобалар қатарында. Сонымен қатар, күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан «Достар» стадионының құрылыс аумағында болып, құрылыс сапасы мен қарқынына ерекше көңіл бөлді. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарын үздіксіз бақылауда ұстай отырып, тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Жалпы, Созақ ауданында құрылыс саласы бойынша алдыңғы жылы 843,3 млн. теңгенің құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілді, құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 100%-ын құрады. Аудан көлемінде 2021 жылы 8 нысанда құрылыс жұмыстары басталып, 4 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар Шолаққорған ауылы Ақшам мөлтек ауданын жарықтандыру құрылысы, С.Қожанов атындағы тарихи-аймақтық мұражайының құрылысы, Қарақұр ауылындағы 75 орындық мәдениет үйі, Шу ауылы әкімі аппаратының ғимаратының құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 4 нысанның Жуантөбе, Қаратау ауылы әкімі аппараттарының ғимараты, Аққолтық елді мекеніндегі 75 орындық мәдениет үйі, Шолаққорған ауылы С.Қожанов көшесіндегі екі қабатты әкімшілік ғимаратына қосымша жай (военкамат) құрылыс жұмыстары 2022 жылы аяқталды.

Шолаққорған ауылының ішкі жүйесін газбен жабдықтау жұмыстарына 2021 жылы 1 млрд. 45 млн. 232 мың теңге бөлініп, 150-ге жу-ық көшеге газ құбырлары жүргізілген. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында 35 елді мекеннің (54259 адам) 28-і (халық саны 60 690 (97%)) орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 7 елді мекенге (Созақ, Шақырық, Теріскей, Шолаққорған, Қозмолдақ, Қарақұр, Қаратау) ауыз су сағатпен берілуде, орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілмеген (халық саны 2087) (3%). Сондай-ақ, жер асты су қоры бекітілген Балдысу, Қарабұлақ, Саржаз, Басбұлақ және Шақырық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлену жұмыстары жүргізілуде.

Әлеуметтік саладағы кешенді жоспарды іске асыру аясында 3409 адамды қамту жоспарланса, 3108 адам қамтылып, жоспар 91,2 пайызға орындалды. Бағдарламаның бірінші бағыты «кәсіби білім беру және кәсіптік оқыту» бойынша – қысқа мер-зімдік курстар бойынша ауылдық округ, кент әкімдіктерінен оқуға ниет білді-рушілер бойынша тізім жасақталып, 60 адамды оқыту жоспарланып, жергілікті бюджеттен   13 млн.   550,0   мың   тенге қаржы   қаралып, 60  адам қысқа мерзімді оқуға жіберіліп, 59 адам оқуын аяқтап, мамандағы бойынша тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.

Бағдарламаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге 78 адам шағын несиемен қамту жоспарланып, 65 адам 268 млн. 320 мың. теңге несиемен қамтылды. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 180 адам оқыту жоспарланып, 181 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқуға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы жолданып, оқуды толық аяқтаған 171 адамға сертификаттар табысталды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 41 рет